Табиғат байлықтарын қорғау білу азаматтық борыш
Мақсаты
- Табиғаттың адамзаттың асыраушысы әрі еңбек етіп, өмір сүретін ортасы екенін түсіндіру.
- Жер-анаға, туған жерге, атамекенге сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін қалыптастыру.
- Туған өлкенің табиғи сұлулығын сақтауға, қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелеу.
Барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
- «Бұл қай мезгіл?» — жұмбақ-ойын.
- Кіріспе: жыл мезгілдері туралы бейнебаян.
2) Кіріспе әңгіме: «Жыл мезгілдері»
Сұрақ-жауап
- Сұрақ: Бейнебаяннан нені көрдік?
- Жауап: Жыл мезгілдерін, ашық аспанды, нұрын шашқан күнді, жайқалған гүлдерді, сайраған құстарды.
- Қорытынды: Мұның бәрі — табиғат.
Адам — Табиғат пен Жер-ананың төл перзенті. Дүниеде екі ана бар: бірі — тіршілік көзі болған Табиғат-ана, екіншісі — адамның өз анасы. Табиғат — өмірдің бастауы, сондықтан табиғи заңдылықтарды қатаң сақтау қажет.
Экологиялық жағдайдың күннен-күнге нашарлауы — бәрімізді ортақ жауапкершілікке шақыратын маңызды белгі.
3) «Экология» ұғымы
«Экология» сөзі грек тіліндегі ойкос (үй, тұрғынжай) және логос (ілім) сөздерінен шыққан. Яғни экология — баршамыздың ортақ үйіміз саналатын табиғат туралы ілім.
Маңызды тұжырым
Адам табиғатты сақтауға тырысқанымен, өрескел әрекеттер салдарынан табиғи орта бүлініп келеді. Сондықтан табиғат байлығын болашақ ұрпаққа аманат ету — бәріміздің міндетіміз.
4) Экологиялық күнтізбе
Табиғатты қорғауға арналған арнайы күндер экологиялық мәдениетті қалыптастыруға көмектеседі:
- 16 қыркүйек Халықаралық озон қабатын қорғау күні
- 20 қыркүйек Орманды қорғау күні
- 27 қыркүйек Теңізді қорғау күні
- 4 қазан Жануарларды қорғау күні
- 29 желтоқсан Биологиялық көптүрлілік күні
- 22 наурыз Дүниежүзілік су күні
- 1 сәуір Құстарды қорғау күні
- 18–22 сәуір Қорықтар мен ұлттық саябақтарды қорғау күндері
- 22 сәуір Жер күні
- 5 маусым Қоршаған ортаны қорғау күні
- 17 маусым Құрғақшылықпен күресу күні
5) Табиғат туралы ой
Табиғат — бізді қоршаған орта. Ол адам санасынан тыс қалыптасқан жаратылыс. Табиғат — бүкіл тіршіліктің құтты қонысы, өсіп-өнуіне қажетті нәр, жер бетіне көрік берген сән.
Бейнебаянға назар
«Жер шарының әсем табиғаты» бейнебаянын тамашалай отырып, табиғаттың көркем келбетімен қатар, адам әрекетінен зардап шеккен тұстарын да байқаймыз.
6) Сыныпқа сауал
Табиғатты біз кім үшін қорғаймыз?
Адам үшін.
Табиғатты кімнен қорғаймыз?
Адамнан.
7) Көрініс және шығармашылық бөлім
Көрініс: «Ақ қайыңның мұңы».
Оқушылар: табиғат туралы тақпақтарын оқиды.
Қазақ халқының өмір-тіршілігі табиғатпен біте қайнасқан. Ғасырлар бойы табиғат аясында өмір сүре жүріп, оның сан алуан құпиясына үңілді.
8) Қазақстандағы табиғатты қорғау
Бейнебаян
Еліміздің сұлу өңірлері және қорғалатын аумақтары көрсетіледі.
Соңғы жылдары табиғатты қорғау шараларына ерекше көңіл бөлініп, әр аймақтың табиғи ерекшелігін сақтауға мән берілуде. 1997 жылғы 15 шілдеде «Қоршаған ортаны қорғау туралы», 1997 жылғы 6 тамызда «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңдар қабылданды. Бұл бағытта көптеген жұмыстар жүргізіліп келеді.
9) Оқушылар ойы
Адам мен табиғат — егіз. Табиғат — адамзаттың еңбек етіп, өмір сүретін ортасы. Ол мейірімді ана сияқты өзіндегі барын адамға да, жан-жануарға да береді. Демек адам өзін асырайтын Жер-анамен кіндіктес, яғни оның перзенті.
Күнделікті ішіп жүрген тағамымыз, киіміміз, оқитын кітабымыз, жазатын қағазымыз, мінер көлігіміз, дәрі-дәрмегіміз, тыныс алатын ауамыз, ішер суымыз — мұның бәрі жомарт табиғаттың баға жетпес сыйы.
Адам мен табиғат — егіз екені рас. Табиғат — асыраушың әрі қорғаушың. «Жер — қазына, су — алтын, мал — байлық» деген ата-бабамыздың сөзі бекер емес.
10) Әдеби-музыкалық байланыс
Сұрақ-жауап
- Сұрақ: Табиғатқа арнап ән шумағын жазған ұлы ақын кім?
- Жауап: Абай Құнанбайұлы.
- Сұрақ: Ән сабағында жаттаған ән қалай аталады?
- Жауап: «Желсіз түнде жарық ай».
Қорытынды
Табиғатсыз адам баласының тіршілік ете алмайтыны анық. Табиғат байлықтарын қорғау — әр азаматтың борышы. Оны аялап, сүйе білейік.
Табиғатты сүю үшін оны тану керек. Ал таным — білімнен басталады: кітап оқудан, әр пәнді жақсы меңгеруден. Қашанда табиғатқа қамқорлық қажет.
Есте сақтайық
- Сөндірілмей тасталған шырпы мен темекі тұқылы орман-тоғайды өртеп жіберуі мүмкін.
- Бір ағаштың өсуі үшін көп жыл қажет.
- Гүл жұлу, құс ұясын бұзу, жәндікті жазықсыз өлтіру — табиғатқа жасалған қиянат.
Табиғатты аялайық!
Табиғатты сүйе алмаған адам туған жерін, елін де шын сүйе алмайды. Білместік жасаған тірілер атынан — жас ұрпақ атынан кешірім сұраймыз. Топтасайық, достасайық бәріміз: осымен бағаланар біздің ұят-арымыз.