Атам менің ақылды, Әжем менің мейірімді
Ашық оқу іс-әрекетінің технологиялық картасы
Орыс тілді мектепалды даярлық тобына арналған ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті (Қазақ тілі).
Мақсаты
- Білімді кеңейту: отбасы мүшелерін атау, отбасында кімдер тұратынын және олардың не істей алатынын айтуға үйрету.
- Тіл дамыту: сурет бойынша сөйлем құрастыру, сөздер мен сөйлемдерді орынды қолдану дағдыларын қалыптастыру.
- Тәрбиелік бағыт: өзара сыйластыққа, кішіпейілділікке, отбасы мүшелерін құрметтеуге тәрбиелеу.
Билингвальді компонент
Негізгі сөздерді қазақша айтып, орысша баламасымен бекіту.
Менің отбасым
моя семья
Ана
мать, мама
Әке
отец, папа
Ата
дедушка
Әже
бабушка
Аға
старший брат
Әпке
старшая сестра
Іні
младший брат
Сіңлі / қарындас
младшая сестра
Оқу іс-әрекетінің кезеңдері
1) Мотивациялық-қозғаушы кезең
Педагогтің іс-әрекеті
- Балаларды шаттық шеңберіне тұрғызады, амандасу өлеңін айтқызады.
- Балаларды орындарына жайғастырады.
- Жұмбақ жасырады: «Маған да, саған да жақын, туыс адамдар... Олар кім?»
- Жауабын қорытындылайды: ең жақын, ең қымбат адамдар — отбасы мүшелері екенін нақтылайды.
Балалардың іс-әрекеті
- Шаттық шеңберіне тұрып, амандасады, тақпақты хормен айтады.
- Жұмбақты шешеді: «Отбасы».
- Отбасы мүшелерін атап, тыңдайды және жауап береді.
Шаттық шеңбері (мәтін)
Сәлеметсіңдер ме, балалар!
Сәлеметсіздер ме, қонақтар!
Амансың ба, алтын күн!
Амансың ба, көк аспан!
Амансың ба, достарым!
Сендерді көріп қуанам!
Жұмбақ
Маған да, саған да,
Жақын, туыс адамдар.
Бәрі де өз жұртың,
Айтыңдар, олар кім?
2) Ұйымдастырушылық-ізденістік кезең
Ғажайып сәт: «Білімпаз ата» телекөпірі
Білімпаз ата
«Сәлеметсіңдер ме, балапандар! Мен сендердің отбасыларың жайында білгім келеді және білімдеріңді тексеріп көрмекпін. Әр түрлі тапсырмалар дайындап келдім. Егер оларды мүдірмей орындасаңдар, “Білімді балапан” атағына ие боласыңдар. Іске сәт!»
Балалардың әрекеті
Экранға назар аударады, қонақты тыңдайды, тапсырмаларды орындауға дайындалады.
Тапсырма 1. «Кімді көріп тұрсың?» ойыны
Экраннан отбасы мүшелері бір-бірден көрсетіледі. Балалар: «Мен атаны көріп тұрмын», «Мен әжені көріп тұрмын» т.б. деп жауап береді.
Тапсырма 2. «Баламен бетпе-бет» студиясы (интервью)
Екі бала сұрақ-жауап арқылы фотосуретке сүйеніп, өз отбасы туралы қысқаша әңгімелейді.
Үлгі сұрақтар
- Бұл фотосуретте кімнің отбасы?
- Мынау кім?
- Анаңның аты кім?
- Сен отбасыңмен қайда қыдырып жүрсің?
Тапсырма 3. «Кім не істейді?» (мнемотехника)
Үлестірмелі суреттер бойынша сөйлем құрастырады, отбасы мүшелерінің іс-әрекетін сипаттайды.
Анам тамақ пісіреді.
Әкем кітап оқиды.
Атам теледидар көреді.
Ағам сурет салады.
Інім текшемен ойнайды.
Әпкем сабақ оқиды.
Тапсырма 4. Отбасы туралы мақал-мәтелдер
- Отан — отбасынан басталады.
- Отбасы — шағын мемлекет.
- Ата — бәйтерек.
- Балалы үй — базар.
- Ағасы бардың — жағасы бар, інісі бардың — тынысы бар.
- Ана сүті бой өсіреді, ата тілі ой өсіреді.
- Ата-анаңды құрметте, үлкендерді құрметте!
- Ана — бұлақ, әке — асқар тау, бала — жапырақ.
Сергіту сәті
Экраннан бейнесергіту жаттығулары көрсетіледі. Балалар музыка ырғағына сай қимыл-қозғалыс жасайды.
Тапсырма 5. Саусақ жаттығуы (санамақ)
Бір үйде біз нешеуміз?
Кел, санайық екеуміз.
Бас бармағым — әкем,
Балаң үйрек — анам,
Ортан терек — ағам,
Шылдыр шүмек — мен,
Кішкене бөбек — сен.
Бір үйде біз нешеуміз?
Бір үйде біз бесеуміз.
Тапсырма 6. «Ә» дыбысы мен әрпі
Сұрақ: «Әке», «әже» сөздері қай әріптен басталады?
Жауап: «Ә» әрпінен басталады. «Ә» — дауысты дыбыс.
«Ә» әрпінен келетін сөздер: әже, әке, әткеншек, әріп, әтеш, Әсия, Әсет және т.б.
Экраннан «Сиқырлы кітап» арқылы «Ә» әрпі туралы мультфильм көрсетіледі.
Тапсырма 7. Дыбыстық жаттығу: «Жоғалған әріптер»
Магнитті тақтада шашылған әріптерден «әке», «әже» сөздерін құрастырады. Содан соң сөздерді буынға бөледі: ә-ке, ә-же.
Тапсырма 8. «Сұлбасын тап» ойыны
Экранда ата, әже, әке, ана суреттері және олардың сұлбалары беріледі. Балалар дұрыс сәйкестендіріп, атайды (интерактивті қалам қолданылады).
Тапсырма 9. Отбасы туралы тақпақтар
Атам менің ақылды,
Әжем менің мейірімді.
Әкем менің қайратты,
Анам менің әдемі.
Мой отец родной — әке,
Мама милая — ана.
Моя бабушка — әже,
Добрый дедушка — ата.
Анам, анам, ақ анам,
Мен өзіңдей ақ балаң.
Айтқан тілді аламын,
Жұмсағанда барамын.
Аялаған анашым,
Мәпелеген анашым.
Менің саған тілегім —
Қартаймашы, анашым.
Мама, мама, маматай,
Сені жақсы көремін.
Мейрамыңмен құттықтап,
Саған гүлді беремін.
Менің әжем, ақ әжем,
Ұл мен қыздың бағы, әжем.
Ертегі айтып бер десең,
Айтып берер тағы әжем.
Аталар, әжелер,
Ағалар, әпкелер,
(бәрі хормен) Аналар, балалар —
Әр үйде бар олар.
Тапсырма 10. «Бұл кім?» онлайн-мозаика
Балалар пазл бөліктерін құрастырып, шыққан суреттің кім екенін атайды.
Дидактикалық ойын: «Мен ... жақсы көремін»
Экрандағы пиктограммалар арқылы балалар отбасы мүшелерін жақсы көретінін айтады: «Мен атамды (әжемді, анамды, әкемді, ...) жақсы көремін», «Біз отбасымызды жақсы көреміз».
Қорытынды сөз: Білімпаз ата бағалауы
«Жарайсыңдар, балапандар! Білімдеріңе ризамын. Барлығың да “Білімді балапан” атағына лайықсыңдар. Келесі кездескенше, сау болыңдар!»
3) Рефлексиялық-түзетушілік кезең
Педагогтің сұрақтары
- Бүгінгі оқу іс-әрекетінде кімдер туралы айттық?
- Не үйрендік?
- Оқу іс-әрекеті ұнады ма?
Балалардың жауаптары
- Отбасы мүшелерін атайды, қысқаша қорытынды жасайды.
- Белсенді сөздерді хормен және жеке-жеке қайталайды.
- Орындарынан тұрып, топқа барады.
Күтілетін нәтиже
Біледі
Отбасы мүшелерін қазақша атап, олардың не істейтінін айта алады.
Игереді
Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету керектігін меңгереді.
Меңгереді
Суреттер бойынша сөйлем құрап, отбасы мүшелерін (әже, ата, әке, ана, аға, әпке, іні, сіңлі, қарындас) ажыратып, орынды атай алады.