Оқушыларға мәтіндік құжаттарға графикалық кескінді кірістіру жайлы мәліметтер беру
Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Приморье ауылы
Ю. А. Гагарин атындағы жалпы орта мектебі
Информатика пәні мұғалімі: Евниенов Нұржан Русланұлы
Сабақтың тақырыбы
Графикалық нысандар мен көркем жазуды кірістіру
Білімділік
Оқушыларға мәтіндік құжатқа графикалық кескін кірістіру туралы мәлімет беру. Құжатқа сурет енгізудің әдіс-тәсілдерін үйрету және көрсету.
Дамытушылық
Ой-өрісті дамыту, танымдық қызығушылық пен ізденімпаздыққа баулу, шығармашылық қабілетті арттыру. Құжатты безендіруде суреттерді енгізудің әртүрлі түрлерін меңгерту.
Тәрбиелік
Жылдамдыққа, сауаттылыққа, әр сабақта қауіпсіздік ережелерін сақтауға және техникалық құралдарды ұқыпты пайдалануға тәрбиелеу.
Сабақтың әдістері
- Түсіндіру
- Сұрақ-жауап
- Ой қозғау
- Өз бетімен жұмыс
Пәнаралық байланыс және көрнекілік
Пәнаралық байланыс
Қазақ тілі, бейнелеу өнері, математика
Көрнекілігі
Интерактивті тақта, компьютер, суреттер, MS Office
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен амандасу, қатысымды түгендеу
- Қауіпсіздік ережелерін қайталау
II. Үй тапсырмасы бойынша сұрақтар
- Мәтіндік редактор дегеніміз не? (MS Word)
- Мәтіндік редакторға кестені қалай енгіземіз?
- Бір мезгілде бірнеше баған немесе жол қосуға бола ма?
- Кестеге бағандар мен жолдарды қандай тәсілдермен қосуға болады?
- Бірнеше бағанның енін бір мезгілде өзгертуге бола ма?
- Бірден бірнеше ұяшықтағы мәтінді түзетуге бола ма?
III. Жаңа сабақ
Негізгі ұғым
Графика — бейнелеу өнерінің бір жанры. Кескіндемеде түс пен бояу басым болса, графикада сызықтар, штрихтар, ашық және қара (қоңыр) дақтардың арақатынасы шешуші рөл атқарады.
Қолданылуы
Графика қарапайым құралдарымен және көп тиражбен басып шығаруға қолайлы болуымен ақпарат саласында кең қолданылады: плакаттар, пошта маркалары, газет-журналдар, кітап безендіру, карикатура.
Тарихи дерек
Графиканың тарихы терең. Батыс Еуропада Леонардо да Винчи, Микеланджело, Рембрандт графикалық туындыларымен өнер қорын байытты. Қазақстанда ежелгі үлгілеріне Балқаш, Түркістан, Маңғыстау өңірлеріндегі жартастағы суреттер жатады. Қазіргі қазақ графикасы 1930–1950 жылдары қалыптасты.
Бүгінгі сабақта мәтіндік құжатқа графикалық нысандарды және көркем жазуды (WordArt) енгізу жолдарын қарастырамыз. Мәтіндік құжатта тек мәтін теріп қоймай, суреттерді кірістіріп, құжатты безендіру үшін фигуралар мен көркем жазуды қолдануға болады.
Суретті енгізу (дайын қордан)
- Курсорды сурет қойылатын жерге орналастырыңыз.
- Орнату (Вставка) → Сурет (Рисунок) → Қою (Вставить) бұйрығын орындаңыз.
Ескерту: Суретті дайын кітапханадан да, графикалық редакторда дайындап алып та кірістіруге болады.
Фигураларды енгізу
Таспа жолынан келесі бұйрықты орындаңыз:
Орнату (Вставка) → Фигуралар (Фигуры) → қажетті фигура
Мысалдар: үшбұрыш, шеңбер және т.б.
Көркем жазуды (WordArt) енгізу
Көркем мәтін қосу үшін:
Орнату (Вставка) → WordArt
IV. Практикалық жұмыс: «Ең үздік құттықтау»
Оқушылар мәтіндік редакторда графикалық нысандар мен көркем жазуды пайдаланып, 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күніне арналған «Аяулы ұстаздар» тақырыбында құттықтау дайындайды.
V. Сергіту сәті
Оқушылар көзге пайдалы жаттығулар орындайды.
VI. Практикалық жұмыс: «Кім көп біледі»
Оқушылар мәтіндік редакторға әртүрлі фигураларды енгізіп, олардың атауларын жазады (мысалы: үшбұрыш, шеңбер).
VII. Сабақты қорытындылау
- Графика дегеніміз не?
- Графиканың түрлерін атаңыз.
- Заманауи ақпараттық технологияда қандай графика қолданылады?
- Мәтіндік редакторда суретті қалай енгіземіз?
- Мәтіндік редакторда фигураларды қалай енгіземіз?
- Мәтіндік редакторда көркем жазуды қалай кірістіреміз?
VIII. Үй тапсырмасы
«Аяулы менің анашым» тақырыбында құттықтау жазу.
IX. Бағалау
Оқушылардың орындаған практикалық жұмыстары мен сабаққа қатысу белсенділігі ескеріле отырып бағаланады.