Балабақша тәрбиешісі Гульмира ЕспусиноваБүлдіршіндерді балалар көркем әдебиет әлеміне баулуЭССЕӘрбір саналы жан бақыт дегенді жүрек қалауымен өмір сүру, қызмет ету, өзгеге қуаныш сыйлау деп түсінетін болар

Балабақша тәрбиешісі Гүлмира Еспусинова: бүлдіршіндерді балалар көркем әдебиет әлеміне баулу

Эссе

Әрбір саналы жан бақытты жүрек қалауымен өмір сүру, қызмет ету, өзгеге қуаныш сыйлау деп түсінер. Мен үшін бақыт — балалармен жұмыс істеу, олардың қуанышы мен күлкісінен күш алу.

Балалардың жәудіреген жанарынан тазалық пен пәктікті, күлкісінен риясыздықты, қылықтарынан табиғи сүйкімділікті көремін. Соны көрген сайын сүйсінемін, ал сүйсіну жан дүниеме ләззат сыйлайды.

Баланы шын жақсы көрмей тұрып, онымен жұмыс істеу мүмкін емес.

Бала үшін әр күн — жаңалықтың бастауы. Тіпті әр сағат, әр сәт сайын өзіне жаңалық ашып жатады. Шыққан күн, жауған жаңбыр, соққан жел — бәрі де ол үшін жұмбақ әлемнің құбылыстары. Қолына кітап алып парақтау, қалам ұстап жазуды үйрену — сәби үшін үлкен еңбек.

Бүгінгі бүлдіршін — ертеңгі азамат. Сондықтан балалардың бойында адамгершілік пен имандылық, әдеп пен ізет, қоршаған ортаға сүйіспеншілік секілді қасиеттер кеңінен көрініс табуы керек. Сонда өмірге қадам басқан әр баланың ой-өрісін биіктетер шың — көркем әдебиет болмақ.

Ертегінің тәрбиелік қуаты

В. Г. Белинский баланың ой-сезімін дамытуда ертегінің маңызы туралы былай дейді: баланың ең алғашқы естіген ертегілері жақсы мен жаман, әділдік пен әділетсіздік, дөрекілік пен нәзіктік, ар-ождан мен ұят туралы түсінік береді. Бұл әсер баланы қатты толқытып, оның мінез-құлқына, психикасына ықпал етеді және еңбекке, адамдарға деген ізгі ниетті қалыптастыруға жол ашады.

Демек, көркем шығармалардың ықпалымен балалардың бойында адамгершілік мінез-құлық, еңбек адамына деген сый-құрмет, еңбекке дұрыс көзқарас пайда болып, біртіндеп дамиды.

Кітапқа құштарлық — рухани өсудің бастауы

Балаларды жастайынан әдеби шығармаларды қабылдауға үйрету оларға рухани және эстетикалық нәр беріп қана қоймай, кітапқа деген құмарлығын да арттырады. Көркем әдебиет — баланың тілін байытып, қиялын ұштап, жүрегіне мейірім мен ізгіліктің дәнін себетін қуатты құрал.