Microsoft Excel программасын іске қосу жолдарын ата
Сабақ туралы мәлімет
Пән: Информатика • Сынып: 8 • Презентация қолданылады
Сабақтың типі
Жаңа сабақты меңгерту
Тақырып
MS Excel-пен танысу. MS Excel-де деректерді енгізу және редакциялау.
Сабақтың түрі
Аралас сабақ (ойындар, электронды оқулық, тірек-сызбалар).
Әдіс
Демонстрациялау және баяндау арқылы түсіндіру, практикум элементтері.
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Оқушылардың Excel кестелік процессоры туралы базалық түсініктерін қалыптастыру: негізгі амалдар мен мүмкіндіктер, жұмыс парағы элементтері, жаңа құжат құру/ашу/сақтау, деректерді енгізу және редакциялау.
Тәрбиелік
Компьютермен ұқыпты жұмыс істеуге, жан-жақты болуға және өз бетімен жұмыс жасауға тәрбиелеу.
Дамытушылық
Көру және есту арқылы есте сақтау дағдыларын дамыту, ойын элементтері арқылы пәнге қызығушылықты арттыру.
Қажетті құрал-жабдықтар
- Компьютер
- Оқулық
- Интерактивті тақта
- Электронды оқулық
Жаңа тақырып: MS Excel негіздері
MS Excel дегеніміз не?
MS Excel — сандық кестелермен жұмыс істеуге арналған, Microsoft Office құрамына кіретін бағдарлама. Оның ыңғайлы құралдары арқылы сандық мәндерді талдап, нәтижені кесте түрінде ұсынуға болады.
Excel-де 400-ден астам математикалық, статистикалық, қаржылық және басқа да арнайы функциялар бар. Сондай-ақ түрлі кестелер арасындағы байланыстарды қарастыруға мүмкіндік береді.
Жұмыс кітабы және жұмыс парағы
Microsoft Excel файлы жұмыс кітабы деп аталады. Жұмыс кітабы төменгі бөлігінде атаулары бар таңбашалар арқылы көрсетілетін бірнеше жұмыс парағынан тұрады.
Жұмыс парағы кесте түрінде беріледі: 256 баған және 65 536 жол. Жолдар сандармен нөмірленеді, ал бағандар әріптермен және әріп комбинацияларымен белгіленеді (A, B, …, Z, одан кейін AA, AB, т.б.).
Ұяшық адресі
Әрбір ұяшықтың адресі баған атауы мен жол нөмірінен құралады. Ұяшық кестеде баған мен жолдың қиылысында орналасады. Мысалы, ұяшық F бағанында және 7 жолында болса, оның адресі — F7.
Деректерді ұяшыққа енгізу және енгізуді аяқтау
Алдымен тышқан курсорын қажетті ұяшыққа апарып, шерту арқылы оны белгілейміз. Белгіленген ұяшық қоршаумен көрінеді, ал формула жолағының сол жағында ұяшық адресі (мысалы, A1) көрсетіледі. Осыдан кейін деректерді енгіземіз.
Енгізуді тиянақтау тәсілдері:
- Enter пернесін басу
- Формула жолағындағы растау батырмасын басу
- Басқа ұяшықты шерту
- Бағыттаушы пернелермен ағымдағы ұяшықтан шығу
Егер мәтін баған еніне сыймаса, ол көршілес бос бағанда жалғасып көрінеді.
Кесте элементтерін белгілеу
Кестеде әрқашан бір ұяшық белсенді (жұмыс істеп тұрған) күйде болады. Ол қоршаумен ерекшеленеді. Белсенді ұяшықты өзгерту үшін бағыттаушы пернелерді қолдануға немесе қажетті ұяшықты тышқанмен шертуге болады.
Жұмыс кітабын құру, ашу және сақтау
Құру
Файл мәзірінен Құру командасын таңдаңыз. Диалогтік терезеде қажетті қосымшаны және шаблонды таңдап, OK басыңыз.
Ашу
Файл → Ашу командасын таңдаңыз. Ашылған терезеден файл орналасқан дискіні, буманы және кітаптың өзін таңдаңыз (әдетте .xls). Қажет болса, Файл түрі өрісінен басқа форматты таңдаңыз.
Сақтау
Файл → Сақтау пәрменін немесе құралдар тақтасындағы сақтау батырмасын басыңыз. Бірінші сақтауда бума, файл түрі және файл аты көрсетіледі. Кейінгі сақтаулар автоматты түрде сол файлға жазылады. Басқа атпен сақтау үшін Файл → Қалай сақтау керек командасын таңдаңыз.
Сабақтың барысы
-
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Сәлемдесу, оқушыларды түгелдеу.
- Құрал-жабдықтарын тексеру.
- Назарын сабаққа аудару.
-
II. Үй тапсырмасын тексеру
Алдыңғы тақырып бойынша сұрақ-жауап және қысқа тексеру тапсырмалары орындалады.
-
III. Жаңа тақырыпты түсіндіру
MS Excel бағдарламасының қызметі, жұмыс кітабы/парағы, ұяшық адресі, деректер енгізу және файлмен жұмыс (құру, ашу, сақтау) кезең-кезеңімен түсіндіріледі.
-
IV. Жаңа түсінікті тексеру
Оқушылар электронды оқулық арқылы берілген тапсырмаларды орындайды.
-
V. Бекіту жаттығулары
«Бал жинаймыз» ойыны арқылы жаңа сабақ бекітіледі.
-
VI. Қорытынды
«Адасқан әріптер» ойыны арқылы сабақ қорытындыланады.
-
VII. Бағалау
Оқушылардың жұмысы тапсырмаларды орындау сапасына және сабаққа белсенді қатысуына қарай бағаланады.
-
VIII. Үй тапсырмасы
MS Excel-пен танысу. MS Excel-де деректерді енгізу және редакциялау.