Сау болыңыз, қоян
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің технологиялық картасы
Білім беру саласы: Қатынас
Бөлімі: Қазақ тілі
Тақырыбы: «Білім еліне саяхат»
Мақсаты мен міндеттері
Мақсаты
Байланыстырып сөйлеу дағдысын дамыту және қойылған сұрақтарға дұрыс жауап беруге үйрету.
Білімділік міндеті
- Өзі туралы қысқаша мәлімет беруге және балабақшада немен айналысатынын айтуға үйрету.
- Қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс айтуға жаттықтыру.
Дамытушылық және тәрбиелік міндеттері
- Ертегіні сахналау арқылы тілін, есте сақтауын, жаттап алуын және шығармашылық қабілетін дамыту.
- Өзіне сенімділікке, өзара түсіністікке және достыққа тәрбиелеу.
Қос тілдік компонент
Сөздік жұмысы және көрнекіліктер
Сөздік жұмысы
Сахналау
Көрнекіліктер
- Балалардың фотосуреттері
- Сүйікті ойыншықтар
- Ертегіге қажетті заттар
- Кейіпкерлердің киімдері мен маскалары
- Сәбіз (сыйлық салуға)
Сабақтың барысы
1) Себептік-ынталандыру кезеңі
Мұғалім:
Балалар, келген қонақтармен амандасайық.
Балалар:
Сәлеметсіздер ме!
Шаттық шеңбері
Амансың ба, Аспан ата!
Амансың ба, Жер ана!
Амансың ба, Алтын күн!
Амансың ба, достарым!
Сендерді көрсем қуанам.
2) Ұйымдастыру-іздестіру кезеңі
Сұрақ-жауап
Қазір жылдың қай мезгілі?
Қазір қыс мезгілі.
Қыс айларын атаңдар.
Желтоқсан, қаңтар, ақпан.
Ауа райы қандай болады?
Күн суық болады.
Қыста не жауады?
Қыста қар жауады.
Қыста қалай киінеміз?
- Жылы киінеміз
- Құлақшын киеміз
- Етік киеміз
- Қолғап киеміз
- Бөкебай тағамыз
Дыбыстық жаттығу (2–3 рет қайталау)
кі-кі-кі
қу түлкі
ақ-ақ-ақ
қорқақ қоян
ю-ю-ю
маймақ аю
қыр-қыр-қыр
сұр қасқыр
ық-ық-ық
әдемі мысық
Қызықты сәт
Музыка ырғағымен қоян секіріп келеді.
Қоян:
Сәлеметсіңдер ме, балалар!
Балалар:
Сәлеметсіз бе, қоян!
Қоян:
Балалар, мен сендермен бірге қазақ тілін үйренгім келеді. Сендермен танысып, ертегіні тамашалағым келеді.
Мұғалім:
Балалар, қоянның тілегін орындайық.
Тосын сый: «Ойыншық кімге тиесілі?»
Тақтадағы балалардың фотосуреттерінің астына сүйікті ойыншықтары ілінеді (фото беті ақ қағазбен жабылады). Ойыншық арқылы баланы тауып, бала өз фотосын көрсетіп, өзі туралы айтып береді.
1) Қоян
Сұрақ: Мынау кімнің ойыншығы?
Жауап: Менің қояным.
Сұрақ: Қоян қандай аң?
Жауап: Қоян — жабайы аң.
Өзі туралы мәлімет (үлгі)
- Аты: Ислам
- Тегі: Галиуллин
- Жасы: 5
- Балабақша: «Алтын сақа»
- Балабақшада: ойнаймын, тамақ ішемін, ұйықтаймын, сурет саламын, сабақ оқимын, серуенге шығамын
2) Мысық
Аты: Аня
Тегі: Дычко
Қала: Қарағанды
Балабақша: «Алтын сақа»
Сипаттама: Балабақшам әдемі, үлкен, жарық.
3) Ит
Сұрақ: Мынау не?
Жауап: Мынау ит.
Сұрақ: Ит қандай жануар?
Жауап: Ит — үй жануары.
Аты: Давид
Тегі: Толстакоров
Жасы: 6
Сипаттама: Шашым сары, көзім көк.
4) Аю
Сұрақ: Аю қандай?
Жауап: Бұл — маймақ аю.
Аты: Никита
Тегі: Солянов
Тобы: «Қуаныш»
Тәрбиешілер: Любовь Ленидовна, Мадина Махмутовна
Күтуші: Жанна Рамазановна
Сергіту сәті
Балалар қимылмен көрсетіп, өлеңді бірге айтады:
Қоян, қоян, тұршы,
Қолыңды жушы,
Айнаға қарашы,
Шашыңды тарашы.
Аяғыңды басшы,
Бойыңды жазшы.
Қоян далаға шықты,
Айналаға қарады.
Жүгірді, секірді,
Отырды, тұрды.
3) Ертегі қойылымы: «Мақта қыз бен мысық»
Сұрақ:
Балалар, қандай ертегілерді білесіңдер?
Балалар: «Үйшік», «Шалқан», «Бауырсақ».
Залда «Ерте, ерте, ертеде» әні орындалады.
Мұғалім: Бүгін Ыбырай Алтынсариннің «Мақта қыз бен мысық» ертегісін тамашалайсыңдар.
Ертегіні ойнайтын балалар өз орындарына тұрады.
Ерте, ерте, ертеде Мақта қыз бен мысық өмір сүріпті.
Мақта қыз (Аня)
Үстел үстін реттеп, ыдыстарды жинастырып жүріп, мейіз тауып алады.
— Мияуым, менің қайдасың?
— Тарғылым, келе ғой, мен саған мейіз беремін.
— Келмесең, келмей-ақ қой!
Сөйтіп, мейізді өзі жеп қояды.
Әні:
Мысығым-ау, мысығым,
Тарғылы жақсы түсінің.
Таңертең де, кеште де,
Бетін жуған пысығым.
Піш-піш десем, келе ғой,
Айтқаныма көне ғой.
Шақырғанда піш-піш деп,
«Мяу» деп дыбыс бере ғой.
Мысық (Ислам)
Өлеңі:
Менің атым — мысық,
Екі көзім қысық.
Тышқан аулап отырамын,
Сүт-көжемді ішемін.
— Мақта қыз, мені неге шақырдың?
— Айтпаймын!
— Ендеше, мен сенің қатығыңды төгемін.
— Ой, ой! Сен не істедің?
— Сол үшін мен сенің құйрығыңды кесіп аламын!
Мақта қыз мысықтың құйрығын кесіп алады.
— Берші құйрығымды!
— Бермеймін! Қатығымды қайтарып бер.
Сиыр (Дима)
Өлеңі:
Менің атым — сиыр,
Өрісім алыс қиыр.
Етім үшін, сүтім үшін,
Адамдар бағалайды.
Мысық сиырға келеді:
— Мяу, сиыр, маған қатық берші!
— Маған жапырақ әкел, қарным ашып тұр.
Ағаш (Дания)
Өлеңі:
Мен жасыл ағашпын,
Күтсеңдер гүл ашам.
Жолына нұр шашам,
Жапырағым — азық,
Бұтағым — қазық.
Саяма сағаларсың,
Салқындап дем аларсың.
— Ағаш, маған жапырақ берші.
— Маған су әкел. Шөлдеп тұрмын. Сонда жапырақ берем.
Қыздар (Сабина, Дильяра)
Әні:
Су — тіршілік негізі,
Онсыз өмір сүрмейсің.
Тазалықтың негізі,
Су деп және білгейсің.
Мысық:
— Мяу, қыздар, маған су беріңдерші.
Қыздар:
— Бізге дүкеннен сағыз әкеліп бер.
Дүкенші (Ульяна)
Мысық:
— Мяу, дүкенші, маған сағыз берші.
Дүкенші:
— Маған жұмыртқа әкел. Сонда сағыз беремін.
Тауық (Давид)
Өлеңі:
Мен ақ тауықпын,
Өзім қақсауықпын.
Күніне бір жұмыртқа табам,
Осыған жетеді шамам.
— Мяу, тауық, маған жұмыртқа берші.
— Балапандарыма дән әкеліп бер. Біз ашпыз.
Тышқан (Никита)
Өлеңі:
Мен тышқанмын,
Өзім дән екпеймін,
Егістен ұзап кетпеймін.
Айналам толы ән,
Қоймам толы дән,
Дәнді тастап кетпеймін.
Мысық ән салып жүрген тышқанды ұстап алады:
— Айт, үйіңде не бар? Тез айт, әйтпесе қазір жеп қоямын!
Тышқан:
— Сен маған бір ән айтып бер.
Мысық пен Мақта қыз қосылып ән айтады (мысалы, «Сұр қоян» әні).
Оқиға желісінің шешімі (тізбекті әрекет)
- 1Тышқан мысыққа алғыс айтып, бір қап тары береді.
- 2Мысық тарыны тауыққа апарады, тауық жұмыртқа береді.
- 3Жұмыртқаны дүкеншіге береді, дүкенші сағыз береді.
- 4Сағызды қыздарға береді, қыздар су береді.
- 5Суды ағашқа құяды, ағаш жапырақ береді.
- 6Жапырақты сиырға апарады, сиыр қатық береді.
- 7Қатықты Мақта қызға апарады.
Мысық (Ислам)
— Мақта қыз, қатығың міне. Мен енді бұзық болмаймын, айтқаныңды тыңдаймын.
Қорытынды
Мақта қыз қатығын, мысық құйрығын қайтарып алып, екеуі тату-тәтті өмір сүрген екен.
Қоянның қорытынды сөзі және сыйлығы
Қоян:
Балалар, мен бүгін қазақша көп сөз үйрендім. Маған «Мақта қыз бен мысық» ертегісі өте ұнады.
Сендерге үлкен рахмет!
Менің сендерге әкелген сыйлығым бар.
Үлкен сәбіздің ішінде балаларға арналған сыйлық болады.
Балалар: Сыйлықты алып, мәз болады. Рахмет айтады.
Қоян: Сау болыңдар!
Балалар: Сау болыңыз, қоян!
4) Рефлексиялық-түзету кезеңі
Талқылау сұрақтары
- Бүгін қандай ертегіні тамашаладыңдар?
- Ертегіде қандай кейіпкерлер болды?
- Ертегі қойылымы сендерге ұнады ма?
Күтілетін нәтиже: нені біледі
Өзі туралы қысқаша мәлімет бере алады.
Қалыптасатын дағдылар
- Қойылған сұрақтарды түсініп, жауап береді.
- Байланыстырып сөйлем құрап айтады.
- Ертегіні рөлге бөліп ойнайды.
- Әнді жатқа айтады.
Мұғалім: Сау болыңдар, балалар.