Мақтан қуған мал құмар нені ұға аласың, Шықпаса мыңнан біреу талғап - талғап

Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы
Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп - тегіс жұмыр келсін айналасы.

Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол – ақынның білімсіз бишарасы.
Айтушы мен тыңдаушы көбі – надан.
Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы.

Әуелі аят, хадис – сөзді басы,
Қосарлы бәйітсымал келді арасы,
Қисынымен қызықты болмаса сөз,
Неге айтсын пайғамбар мен оны алласы.

Мешіттің құтпа оқыған ғұламасы,
Мүнәжат уалилердің зар наласы
Бір сөзін бір сөзіне қиыстырар,
Әрбірі келгенінше өз шамасы

Өлеңге әркімнің - ақ бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы.
Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын
Қазақтың келістірер қай баласы?

Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,
Мақалдап айтады екен, сөз қосарлап.
Ақындары ақылсыз, надан келіп,
Көр - жерді өлең қыпты жоқтан қармап.

Қобыз бен домбыра алып топта сарнап,
Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап.
Әр елден өлеңменен қайыр тілеп,
Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап.

Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап,
Мал сұрап біреуді алдап, біреуді арбап,
Жал елде қайыршылық қылып жүріп,
Өз елін бай деп мақтап құдай қарғап.

Қайда бай мақтаншаққа барған таңдап,
Жиса да, бай болмапты, қанша малды ап.
Қазаққа өлең деген бір қадірсіз,
Былжырақ көрінеді соларды аңдап.

Ескі бише отырман бос мақалдап,
Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап.
Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел,
Сендерге де келейін енді аяңдап.

Батырды айтсам ел шауып алған талап,
Қызды айтсам, қызықты айтсам қыздырмалап,
Әншейін күн өткізбек әңгімеге
Тыңдап едің әр сөзін мыңға балап.

Ақыл сөзге ынтасыз, жұрт шабандап,
Көнгенім - ақ соған деп жүр табандап.
Кісімсінген, жеп кетер білімсіз көп,
Жіберсем, өкпелеме көп жамандап.

Амалдап қарағайды талға жалғап,
Әркім жүр алап жердің ебін қамдап.
Мақтан қуған мал құмар нені ұға аласың,
Шықпаса мыңнан біреу талғап - талғап.

Мал жиып арамдықпен ұрлап - қарлап,
Қусын десе, қуанып жүр алшаңдап.
Қақса - соқса бір пайда түсе пе деп.
Елдің байын еліртіп жау мұндалап .

Ынсап - ұят, ар - намыс, сабыр, талап.
Бұларды керек қылмас ешкім қалап.
Терең ой, терең ғылым іздемейді
Өтірік пен өсекті жүндей сабап.



Ұқсас жұмыстар

Абай өлеңдеріндегі танымдық көзқарас
Абай және қазақ әдеби тілі
Жарқын заманға жалғыз аяқ жол тартқан ақын
Абайдың қара сөздері және оның тәрбиелік мәні
Жігіттер сақтаныз жаман достан
Шешендік сөздердің маңызы
Абай мұраларындағы «Толық адам» идеясын оқу-тәрбие процесінде пайдалану
Қазақтың бас ақыны - Абай Құнанбаев
Абай мұраларындағы «Толық адам» идеясын оқу-тәрбие процесінде пайдалану жолдары
Жүректің ақыл сауыты
Тасымалдау шаруашылығын ұйымдастыру
ДОМАЛАҚ АНА
СҮЙІНІШҰЛЫ ҚАЗТУҒАН
ПАСКАЛЬ - Программалау стилі, деректерді енгізу және шығару
Қазақстан Республикасындағы ақша реформалары және оның ерекшелiктерi
ТМД елдерiндегi ақша реформалары
Бас тоғанның негізделуі, Арыс-Түркістан каналын суғару мақсатында пайдалану және су әкету
Қазақстанның ұлттық экологиялық проблемалары
Мәтін және онымен жұмыстың бағдарламалық талаптарын орындаудың негізгі жолы – тілдік талдау
ҚЫРБАСҰЛЫ ЖАУҒАШ