Қуан бабам

Ана тілім — ардақтым

Халықтың тәуелсіздігінің ең басты белгісі — оның ана тілі мен ұлттық мәдениеті. Ана тілі мен мәдениеті жоқ ел өз алдына дербес мемлекет болып өмір сүре алмайды. Әлемдегі барлық халық тәуелсіздікке ең әуелі ұлттық қадір-қасиетін, мәдениетін, тілін сақтап қалу үшін ұмтылады. Сондықтан әр мемлекет өз салт-дәстүрін, жерін және ана тілін айрықша қорғайды.

Қазақстан Республикасында қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілді, «Тіл туралы» заң қабылданды. Тәуелсіздігіміз баянды болсын десек, ана тілімізді дамытуға күш салу — бәріміздің ортақ міндетіміз.

Мақсаты

  • Оқушыларға ана тілін білудің маңызын түсіндіру.
  • Ана тілі туралы жазылған өлеңдерді мәнерлеп оқуға дағдыландыру.
  • Туған тілді сүюге, құрметтеуге тәрбиелеу.

Көрнекілігі

  • Қанатты сөздер жинақтары.
  • Отан, ана, тіл туралы қанатты сөздер жазылған буклеттер.
  • Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би портреттері және т.б.

Негізгі ой

Ана тілін дамыту мен қорғау — өз тілімізде таза сөйлеу, оны терең білу және туған анамыздай ардақтау. Халықтың тарихта қалуы тіліне байланысты: тіл — халықтың жаны, сәні. Адамды мұратқа жеткізетін де — ана тілі мен ата дәстүрі.

Тәуелсіздік пен тіл туралы үн

Оқушылар орындауындағы өлең жолдары.

Батыр

Қуан, далам! Қуанатын күн бүгін,
Серпіп таста мұңды жүрек түндігін.

Азиза

Тіл туралы заңым енді күшіне,
Паш еткендей кескен жаңа кіндігін.

Жамбыл

Қуан, бабам! Қуанатын жөнің бар.
Деген едің: «Тіл бар жерде өмір бар».

Ризат

«Халық жауы» атандың-ау сол үшін де,
Ғұмырыңды құрбан етіп жолында ар.

Билер сөзі — тіл қадірі

Даланың даналығы — сөзге тоқтау, уәдеге берік болу, тілдің қадірін білу. Би-шешендердің нақылы ұлттың мінезін, мәдениетін, бірлігін танытады.

Төле би

Уа, халқым! Көсіле шабар жерің бар,
Тау көтерген елің бар.
Қол бастайтын ерің бар,
Атадан қалған сара жолың бар,
Сөз қадірін біліңдер!

Қазыбек би

Біз қазақ деген сөз баққан елміз,
Бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Найзаға үкі таққан елміз.
Ешбір дұшпан басынбаған елміз,
Басымыздан сөз асырмаған елміз!

Әйтеке би

Тамыры суда тұрса да,
Уақыты жеткенде қурамайтын құрақ жоқ.
Тек жақсыдан өлмейтұғын сөз қалады.

Қазақ сөзі қашан да даланың қоңыр желіндей аңқылдап есіп тұрады.
Қазақ тілінің биязы үні — домбыраның күмбір қаққан сазындай,
асқақ әуені — шырқап салар әуендей.

Өнер мен тіл: домбыра үні

Зинира

Елдің жырын жырлаған,
Қайғысын да мұңдаған.
Домбырасыз ешқашан,
Жүрекке ем қонбаған.

Домбырасыз ән қайда?
Домбырасыз сән қайда?
Ән мен күй бар өмірде
От та лаулап жанбай ма?

Батырхан

Құрманғазы, Тәттімбет — домбырамен сайраған.
Жүрекке от жансын деп,
Елге күйін арнаған.

Әдібай Табылдиев

Ана тілі туралы өлеңдер

Ана тілі — еркіндік пен елдіктің тұғыры. Тілді білу — өзіңді тану, ұлтты сыйлау, болашақты бекемдеу.

Ару

Ақыл-ойын дананың
Ана тілден аламын.
Ана тілім ардақты —
Ақ сүтіндей ананың.

Аслан

Өсірген ой-білімді,
Сүйем туған тілімді.
Мақсат етем әр сөздің
Мәнін терең білуді.

Қадыр Мырзалиев

Илана

Ана тілің, біліп қой —
Еркіндігің, теңдігің.
Ана тілің, біліп қой —
Мақтанышың, елдігің.

Дамира

Ана тілің — арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте.

Мұзафар Әлімбаев

Аружан

Ана тіл — біздің туған анамыз,
Анамыздай сыйлап бағып-қағамыз.
Ана тілін бағаласақ қалай біз?
Өзіміздің сондай болмақ бағамыз.

Ана тілін кім аялай білмесе,
Анасынан безген ұл деп санаңыз.

Бекзат

Ана тілім — ұраным,
Ана тілім — ерлігім.
Ана тілім болмаса,
Бүтінделмес кемдігім.

Тайыр

Ана тілі — асыл күні бабамның,
Қуатымсың ақ сүтіндей анамның.
Сәби шақтан бесігімде жыр тыңдап,
Туған тілді жаттап өскен баламын.

Ғимран

Туған тілім — тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сөз ойдағы.
Өссе тілім — мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім — мен де бірге өшемін.

Санжар

Қасиетің, ана тілі, аз ба сенің?
Өзің барда ескірмес, тозбас елім.
Сен болмасаң, ұлы ақын Абай болып,
Мұқағали отты өлең жазбас еді.

Дихан Әбілов

Дильназ

Туған тілім — баба тілі, өз тілім,
Туған тілім — ана тілі, өз тілім,
Туған тілім — заман тілі, өз тілім,
Туған тілім — адам тілі, өз тілім.

«Төрт ана» туралы ой

Айхан

Қасиетті бұл төрт ана — тағдырыңның тынышы,
Төрт ана үшін болған күрес — күрестердің ұлысы.

Ойланайық: жұмбақ пен мақал

Жұмбақ

Ең ащы не? Ең тәтті не?

Шешуі

Тіл.

Мақал-мәтел

  • Ананың сүті — бал,
    Баланың тілі — бал.
  • Тіл — тас жарар,
    Тас жармаса — бас жарар.
  • Ең ащы да — тіл,
    Ең тәтті де — тіл.
    Ең жұмсақ та — тіл,
    Ең қатты да — тіл.

Қорытынды үндеу

Олай болса, тілімізді құрметтейік, аялайық, мақтан етейік!

Туған жері — түп қазығы, айбынды,
Туған тілі — сатылмайтын байлығы.
Туған дәстүр, салт-санасы — тірегі,
Қадамыңа шуақ шашар үнемі.

Іс-шараның аяқталуы

Құттықтау сөз

Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары С. Б. Сарбалиев оқушыларды атаулы мерекемен құттықтап, игі тілектерін білдірді.

Тілек білдірушілер

Сабаққа қатысқан мектеп психологі Абильманова Г. А., сондай-ақ Имашева В. Г., З. Нурумбаева және өзге де ұстаздар жылы лебіздерін айтты.