Суретті сөйлет

Тәрбие сағаты: «Кітап — менің досым»

Зеренді ауданы әкімдігінің Пухальск негізгі мектебі КММ бастауыш сынып мұғалімі Оспанова Баян Балташевна ұсынған тәрбие сағатының мазмұны төмендегідей.

Сабақтың мақсаты

  • Білімнің кітап арқылы берілетінін ұғындыру.
  • Кітаптың адам өміріндегі маңызын, ғылым мен білімнің пайдасын түсіндіру.
  • Кітапқа қызығушылықты арттыру.
  • Оқулықтарды күтіп ұстауға үйрету.

Көрнекіліктер

  • Суреттер
  • Кітап туралы нақыл сөздер
  • Слайд/презентация

Сабақтың құрылымы

  1. Ұйымдастыру кезеңі
  2. Психологиялық дайындық
  3. Тақырыпты ашу (жұмбақтар, тапсырмалар)
  4. Танымдық бөлім: кітаптың тарихы және қалай жасалатыны
  5. Ойындар, сергіту сәті, викторина
  6. Қорытынды және кітапты күту ережелері

Психологиялық дайындық

Қонақ күту — салтымыз,
Оқып-біліп жатырмыз.
Келген қонақ сіздерге,
Сәлем бердік жалпымыз.

Ойға толсын санамыз,
Бестік болсын бағамыз.
Баласындай бір үйдің,
Тату болсын арамыз.

(Оқушылар құшақтасып көріседі, қол алысып амандасады.)

Тақырыпты ашу: жұмбақтар

Көзге танытқан,
Сөзді дамытқан.
Ойды кеңейткен,
Озықтарға теңейткен.

Жауабы: Мектеп

Ойнақтаса қолыңда,
Із қалмайды соңында.

Жауабы: Өшіргіш

Үстінде есігі,
Өзі орындық әрі үстел,
Оқушылар бесігі.

Жауабы: Парта

Ілулі тұр кең алаң,
Керегімді мен одан
Жазып алам көшіріп,
Сүртем сосын өшіріп.

Жауабы: Тақта

Қырық екі жауынгер,
Санын түзеп тұрады.
Бүлдіршіндер қауымды ел,
Сырын терең ұғады.

Жауабы: Әліпби

Көп әңгімем, өлеңім,
Күнде ақыл беремін.
Жақсы көрсе мені кім,
Мен де оны жақсы көремін.

Жауабы: Кітап

Мұзафар Әлімбаев атамыз: «Кітап та алма ағашы, жемісін біздер теретін» — деп жырлағандай, әдеби кітаптар мен оқулықтар — білімнің көзі, рухани қазына.

Біз кітап арқылы бастауыш сыныптан-ақ адамзат өмірімен танысамыз. Кітап білімімізді молайтады, өнеге мен тәрбие береді. «Оқығаның, тоқығаның көп болса — жеңбейтін жау, алынбайтын қамал жоқ». Сондықтан бүгінгі тәрбие сағатының өзегі: кітап — біздің досымыз.

Ертегі кейіпкерімен кездесу: бөгде ғаламшарлықтың хаты

1-хатқалта

Сәлем, балалар! Мен аспаннан сендердің жиналғандарыңды көріп тұрмын. Сендердің кітапқа деген қызығушылықтарыңды білгім келеді. Сендер шынымен де кітапты құрметтейсіңдер ме? Кітап оқуды ұнатасыңдар ма? Дәлелдеп беріңдер. Рахмет сендерге, балалар!
Құрметпен, бөгде ғаламшарлық.

Талқылау

Кітап адам өмірінде ерекше рөл атқарады: Отанды сүюге, талапты болуға, кішіпейілдікке, мейірімділікке, төзімділікке тәрбиелейді. Жаман әдеттерден аулақ болуға үндейді. Кітапты оқып, одан тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге аламыз. Сондықтан: «Кітап — біздің досымыз, рухани азығымыз» деп айтамыз.

Маңызды күндер

  • 2 сәуір — Халықаралық балалар кітабы күні
  • 23 сәуір — Дүниежүзілік кітап күні

Бүгінгі әңгіме

  • Кітап туралы түсінік
  • Кітаптың құрылымы
  • Кітаптың шығу тарихы
  • Кітаптың қалай жасалатыны

Кітаптың шығу тарихы

Алғашқы кітаптар бүгінгі кітаптарға мүлде ұқсамаған. Ең әуелде жазу жұмсақ балшыққа түсіріліп, кептіріліп, кейін күйдірілген. Мұндай «кітап» кірпіш тас сияқты қатты болған.

Кейін бамбук өсімдігінен жасалған таяқшаларға жазған. Ежелгі Мысырда мәтін тасқа қашалып түсірілген. Уақыт өте жануарлардың терісінен пергамент жасалып, жазу соған жазылды.

Еуропада қағаз XIII ғасырда кең тарала бастады. Осылайша кітаптың даму тарихы мыңдаған жылдарға созылған.

Кітап қалай жасалады?

Қағаздың негізгі материалы — ағаш. Ағаш орманнан кесіледі, жүк көліктерімен фабрикаға жеткізіледі. Фабрикада ағаш өңделіп, қағазға айналады.

Дайын қағаз баспаханаларға барады. Жазушылар мен ғалымдар мәтінді әзірлейді, әріп терушілер бетке түсіреді, суретшілер мазмұнына сай иллюстрациямен безендіреді. Содан кейін кітап сауда орындарына және білім мекемелеріне таратылады.

Оқушы үшін маңызды ой: кітаптың артында мыңдаған адамның еңбегі және үлкен қаржы жатыр. Сондықтан кітапты әрдайым құрметпен қарап, таза ұстау қажет.

Ойын: «Жалғасын тап»

1) Білім — таусылмайтын байлық.

2) Кітап — білім бұлағы, білім — өмір шырағы.

3) Кітап — алтын қазына.

4) Өнерліге нұр жауар.

5) Өнер — ағып жатқан бұлақ, білім — жанып жатқан шырақ.

Сергіту сәті

Бейнеролик арқылы қысқа сергіту жаттығулары орындалады.

Абайдың нақыл сөзі: «Бұл не деген жұмбақ?» ойыны

Тақтаға Абай Құнанбайұлының суреті ілінеді. Оқушылар дауыссыз дыбыстардың арасына дауысты дыбыстарды қосып, нақыл сөзді табады.

Шешуі

Артық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге.

— Абай

Оқушылардың өлең жолдары

Кітап еңбегін сезіну

  • 1-оқушы: Саған білім жемісін оқулығың береді. Талай адам сол үшін маңдай терін төгеді.
  • 2-оқушы: Орманшының аялы алақаны өсірген, сонау ағаш саялы қағаз үшін кесілген.
  • 3-оқушы: Ағаш кесіп қаншама адам ормандарда жүреді. Аға қанша шаршаған — ағаш тиеп үнемі.
  • 4-оқушы: Машинист боп жасынан дүбірлетіп даланы, сол ағашты тасыған — біле ме екен көп адам.
  • 5-оқушы: Заводтарда күн-түні қағаз жасап бағалы, қанша адам кім үшін маңдай тері тамады.
  • 6-оқушы: Оқулықты баршаға талай ғалым қолға алып, жылдар бойы жазады ұзақ толғанып.
  • 7-оқушы: Әдемілеп берсем деп бояу жағып не түрлі, суретшілер көркемдеп қанша уақыт отырды.
  • 8-оқушы: Әріп теру үшін де талай адам терледі, баспахана ішінде айлап тыным көрмеді.
  • 9-оқушы: Оқулықты мектебің берер саған тегін-ақ, білмейсің-ау еш бірақ қаншама еңбек кеткенін.
  • 10-оқушы: Оқулығың — құралың, жағар білім шырағын. Баса алмайсың ешқашан онсыз алға бір адым.

Сергіту сәті

Ертегі кейіпкерлері мен жануарлар туралы қысқа сергіту ойыны/бейнеролик.

Ертегілер әлемі: «Суретті сөйлет»

Мұғалім оқушылардан қандай ертегілерді білетінін сұрайды. Одан кейін слайдтағы суреттерге қарап, ертегінің атауын табатын ойын ойналады.

Сонымен бірге оқушылар өздері білетін жұмбақтар мен жаңылтпаштарды жатқа айтып береді.

Викторина сұрақтары

  1. Кітаптар тұрағы қалай аталады? (Кітапхана)
  2. Кітаптармен жұмыс істейтін маман қалай аталады? (Кітапханашы)
  3. Кітапханаға үнемі барып кітап оқитын адам қалай аталады? (Оқырман)
  4. Балаларға арналған қандай газет-журналдарды білесіңдер? («Ұлан», «Балдырған», «Мөлдір бұлақ» т.б.)
  5. Кітап басып шығаратын жер қалай аталады? (Баспахана)
  6. Мектеп оқулықтары қандай баспалардан шығады? («Атамұра», «Мектеп», «Алматыкітап»)
  7. Кітапты жазған адамды қалай атайды? (Автор)
  8. Халықаралық балалар кітабы күні қай күні? (2 сәуір)
  9. Дүниежүзілік кітап күні қай күн? (23 сәуір)

Ойын: «Иә — жоқ»

Кітап нені «сүйеді», нені «сүймейді»? Оқушылар «иә/жоқ» деп жауап береді.

Кітапбелгі бауы — иә

Қар, жаңбыр — жоқ

Кір қол — жоқ

Ұқыпты ұстау — иә

Тамақпен бірге оқу — жоқ

Еденде жату — жоқ

Білгіш оқушылар — иә

Кітап сөресінде тұру — иә

Кітап туралы қанатты сөздер

«Кітаппен дос бол: оның жомарт беттері көзіңді ашар. Адал дос одан жоқ.»
Расул Ғамзатов
«Талап қыл артық білуге: артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге.»
Абай
«Әрбір адамның ең жақсы досы, өмірлік досы — кітап болуы тиіс.»
Мұхтар Әуезов

2-хатқалта: қорытынды ескерту

Балалар, сендер шынымен де кітаппен дос екенсіңдер. Кітап оқысаңдар, білімдерің артады. Білімді, парасатты адам боласыңдар. Мен сендерге мына ескертпені бергім келеді — ойларыңа түйіп алыңдар. Сонымен бірге кітаптың арасына салатын кітапбелгі сыйлаймын. Сәттілік тілеймін!
Құрметпен, бөгде ғаламшарлық.

Кітапты күту ережелері

  1. Мұқабасы бүлінбес үшін кітапты қаптап ал.
  2. Тамақ ішіп отырып кітап оқыма: ластап алуың мүмкін.
  3. Кітаптың арасына қаламсап немесе басқа жуан зат салма: түбі жыртылады.
  4. Беттердің бұрышын бүктеме: бұрышы жыртылады. Кітапбелгі қолдан.
  5. Бетін жыртпа, сурет салма, жазба және ешқандай белгі қалдырма.
  6. Кітапты майыстырып бүктеме: беттері жыртылады.
  7. Кітап — сенің досың екенін ұмытпа!

Ескерту: «Толық нұсқасын жүктеу» және «Слайдын жүктеу» бөлімдері материалды тарату/жүктеу үшін қосымша ретінде беріледі.