Сот төрағасы
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
Алматы облыстық №15 мектеп-интернатының информатика пәні мұғалімі — Байғазы Арай. Сабақ тақырыбы: «Вирустар және антивирустар». Бұл сабақ компьютерлік ақпаратты қорғаудың маңызын түсіндіруге және практикалық дағдыларды дамытуға бағытталған.
Сабақтың түрі
Практикум элементтерімен демонстрациялау, баяндау арқылы түсіндіру.
Сабақтың типі
Білім, білік және дағдыларды дамыту.
Әдістер
Көрнекілік әдісі, сұрақ-жауап әдісі.
Көрнекіліктер
Компьютерлер, интерактивті тақта, презентация, плакаттар.
Сабақтың мақсаттары
Білімділік
Компьютерлік ақпаратты қорғау және дербес компьютерді қорғау ерекшеліктерін түсіндіру. Компьютерлік вирус және антивирустық құралдар туралы білімді дамыту.
Тәрбиелік
Жан-жақты болуға, өз бетімен жұмыс істеуге тәрбиелеу.
Дамытушылық
Оқушылардың есте сақтау және зейін қабілеттерін дамыту, пәнге қызығушылығын арттыру.
Оқыту формалары
- Жеке жұмыс
- Топтық жұмыс
- Ұжымдық жұмыс
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушыларды түгендеу.
- Сабаққа дайындықтарын және құрал-жабдықтарын тексеру.
2) Өткен сабақты қайталау және проблемалық сұрақтар
Қазіргі кезде күнделікті өмірде «Компьютеріме вирус түсті», «компьютерім вирустан істемей қалды» деген сөздерді жиі естиміз. Осыған байланысты оқушыларға проблемалық сұрақтар қойылады:
Бұл нені білдіреді?
«Компьютерге вирус жұқты» деген ұғымның мәнін түсіндіру.
Вирус қайдан келеді?
Интернет, тасымалдаушы құрылғылар, күмәнді файлдар арқылы жұғу жолдарын талдау.
Вирус түссе не істейміз?
Диагностика, оқшаулау, емдеу және алдын алу қадамдарын атап өту.
Антивирустық бағдарламалар — вирустарды табуға және жоюға арналған бағдарламалар. Олар зақымдалған файлдарды анықтап қана қоймай, мүмкін болған жағдайда «емдеп», файлды зақымданған уақытқа дейінгі күйіне келтіруге көмектеседі.
3) Рөлдік көрініс: «Вирусқа қарсы сот процесі»
Тақырыпты есте сақтауды жеңілдету үшін сабақта рөлдік көрініс ұйымдастырылады. Мұнда компьютерлік вирустың зияны, антивирустардың рөлі және ақпараттық қауіпсіздік туралы түсінік диалог арқылы ашылады.
Сахна
Сот басталуы
Хатшы: «Сот келе жатыр, орындарыңыздан тұрыңыздар!»
Сот төрағасы: «Айыпкерді әкеліңдер!»
Сот төрағасы: «Алматы қаласының сот отырысын бастаймыз. Процеске айыптаушы — Арсен, қорғаушы — Толғанай, жәбірленуші — Операциялық жүйе, айыпталушы — Вирус қатысады. Іс Операциялық жүйенің арызы бойынша қаралады. Хатшы, арызды оқыңыз.»
Құжат
Жәбірленушінің арызы
Хатшы: «20 қыркүйек 2012 жылы интернет арқылы Вирус ілесіп келіп, жүйеге зиян келтірді: бағдарламаларға еніп, олардың жұмысына кедергі жасады. Компьютердің қалыпты жұмыс істеуіне тосқауыл болып отыр. Вирусқа әділ жаза беруді сұраймын.»
Көрсетілім
Жәбірленуші мен айыпталушының жауабы
Операциялық жүйе: «Арызда жазылғандардың барлығын растаймын. Вирус тиісті жазасын алсын.»
Сот төрағасы: «Айыпкер Вирус, кінәңізді мойындайсыз ба?»
Вирус: «Жоқ, мойындамаймын.»
Куәгерлер
Компьютер және антивирустардың сөзі
Куәгер Компьютер: «Операциялық жүйесіз жұмыс істей алмаймын. Вирус барлық бағдарламаларға кіріп, кедергі келтіріп отыр.»
Куәгер Kaspersky: «Вирус жұққаннан бері жүйеге зиян келтіруде. Қолымнан келгенінше вирустарды жоюға көмектесемін.»
Куәгер Doctor Web: «Жүйеге зиян келмес үшін көмегімді аямаймын. Вирус тиісті жазасын алсын.»
Куәгер NOD32: «Біз болмаса, Компьютер мен Операциялық жүйенің жағдайы қиын болары анық. Вирус әділ жазасын алсын.»
Сараптама
Сарапшының қорытындысы
Сараптаушы: «Вирус өздігінен пайда болмайды — ол әдейі жасалады. Оның кінәсі — компьютерге еніп, операциялық жүйеге және басқа бағдарламаларға зиян келтіруі. Егер дер кезінде қорғанбасақ, маңызды мәліметтерден айырылуымыз мүмкін. Алдын алу үшін:
- вирустан қорғайтын арнайы бағдарламаларды пайдалану;
- вирус жұқтыру мүмкіндігін азайтатын тәсілдерді сақтау;
- дискілерді және тасымалдаушыларды физикалық зақымданудан қорғау.
Пікірталас
Айыптау, қорғау және үкім
Айыптаушы: «Ақпараттық жүйелерге рұқсатсыз ену, ақпараттарды ұрлау және рұқсатсыз қолдану, жүйелерді бұзу арқылы қоғамға зиян келтіргені үшін Вирус жауапты. Операциялық жүйеге және бағдарламаларға айтарлықтай зиян келтірді.»
Қорғаушы: «Вирустың кінәсі жоқ деп айта алмаймын. Алайда ең алдымен оны жасаған адамдарды анықтап, жауапқа тарту керек. Вирус айыппұл төлеп босатылсын.»
Үкім: Сот Вирустың кінәсі бар екенін атап өтіп, айыппұл төлеп сот отырысынан босату туралы шешім шығарады. Сонымен қатар негізгі кінәлілерді анықтау үшін тергеу ісін қайта жүргізу тапсырылды.
4) Бекіту: вирустың негізгі белгілері
Тақырыпты жүйелеу үшін оқушылар вирустың жиі кездесетін белгілерін атап, олардың себеп-салдарын талдайды.
Жұмыс жылдамдығының төмендеуі
Компьютердің баяу жұмыс істеуі және тапсырмаларға кеш жауап беруі.
Жиі қатып қалу
Компьютердің жиі тұрып қалуы немесе жұмысының жаңылуы.
Бағдарламалардың дұрыс істемеуі
Операциялық жүйе мен қолданбалы бағдарламалардың қате жұмыс істеуі.
Күтпеген хабарламалар
Экранға әдеттегіден тыс бөгде мәліметтер мен символдардың шығуы.