Ішінде табу сөздерді қолдану

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Бұл жоспар танымдық әрі жарыс форматындағы сабаққа арналған. Негізгі тақырып — табу сөздер: олардың этнографиялық негізі, қолданылу себептері және мәтін ішіндегі көрінісі.

Сабақтың мақсаты

  • Білімділік

    Әдет-ғұрыпқа байланысты сөздердің балама түрде айтылуын мысалдар арқылы таныту, табу сөздер туралы білімді тереңдету.

  • Тәрбиелік

    Сөз құдіретін терең түсініп, орынды қолдануға, шапшаңдыққа, іскерлікке және туыстар арасындағы берік қарым-қатынасқа тәрбиелеу.

  • Дамытушылық

    Өз бетімен салыстыруға, қорытынды жасауға үйрету; салт-дәстүр, әдет-ғұрып ұғымдарын дамыту; танымдық белсенділікті арттыру.

Әдістер мен құралдар

Сабақтың әдісі

Сұрақ-жауап, жарыс, түрлі ойын түрлері, суретпен жұмыс, мәтін құрастыру.

Көрнекілік

Табу сөздерге арналған сызбалар, көркем әдебиеттен үзінділер, интерактивті тақта, үнтаспа.

Пәнаралық байланыс

Әдебиет, информатика, бейнелеу өнері.

Сабақтың құрылымы

  1. Ұйымдастыру кезеңі
  2. Үй тапсырмасын сұрау
  3. Жаңа сабақты түсіндіру
  4. Сабақты бекіту
  5. Сабақты қорытындылау
  6. Бағалау
  7. Үйге тапсырма

Негізгі екпін: лексика тақырыптарын қайталау арқылы табу ұғымын өмірлік мысалдармен байланыстыру.

І. Ұйымдастыру кезеңі

Сыныпты сабаққа бейімдеу

  • Оқушыларды ұйымдастыру.
  • Сабақ мақсатын қысқаша таныстыру.

Кіріспе өлең (Қ. Мырза-Әли)

Қызыл шоқтай қарыған,

Қазаққа тіл дарыған.

Бір сөзге ол семіріп,

Бір сөзден ол арыған.

Сипақтама, терлеме,

Сөйле, қане, ұшыңдар,

Тілді бізге бермеген,

Тістеп жүру үшін құр.

Келер пәле басыңа,

Кемел сөзге мін тақсаң.

Қастың өзі досыңа,

Айналады тіл тапсаң.

Жарлымын деп қаймықпа,

Намыс болса қасыңда.

Байлық деген байлық па,

Тіл байлығы жанында.

ІІ. Үй тапсырмасын тексеру

1) «Зымыран сұрақтар»

  1. Лексика дегеніміз не?
  2. Сөз деп нені айтамыз?
  3. Сөздің тура мағынасы дегеніміз не?
  4. Сөздің ауыспалы мағынасы дегеніміз не?
  5. Көп мағыналы сөз дегеніміз не?
  6. Омоним дегеніміз не?
  7. Синоним дегеніміз не?
  8. Антоним дегеніміз не?

2) Өлең арқылы қайталау

Үш қатарға үш түрлі өлең оқылып, олардың авторы анықталады. Дұрыс тапқан авторға байланысты тапсырма орындалады.

Тапсырма 1

Басқы әріптерінен «Қазақстан» сөзі құралатындай етіп төмендегі сөздерге синоним табыңдар: әскер, маңай, жұбай, көрік, мейман, жақ, ас, кідіріс, ар.

Жауабы: қол, айнала, зайып, ажар, қонақ, садақ, тамақ, аял, намыс.

Тапсырма 2

Мына сөздердің антонимдерін жазыңдар: қараңғы, алып, аласа, ақ жүрек, жылы қабақ, ыстық бу, көзге ілмеу, аты жер жару, аузы аузына жұқпау, күн құрғатпай келу.

Жауабы: жарық, ұсақ, биік, қара жүрек, суық қабақ, суық бу, көзінен таса қылмау, ауызға ілінбеу, жұмған аузын ашпау, ат ізін салмау.

Тапсырма 3

Венн диаграммасын толтыру.

ІІІ. Жаңа тақырып: «Табу»

Анықтама

Табу — негізінен этнографиялық ұғыммен байланысты құбылыс. Мифтік көне наным-сенім бойынша кейбір атауларды тура айтуға тыйым салынған; тіл білімінде мұндай тыйым салынған сөздер табу деп аталады. Бұл құбылыс әлем халықтарының көпшілігінде кездеседі, ал түркі халықтарында, соның ішінде қазақ тұрмысында, кең тараған.

Неге маңызды?

  • Сөз мәдениетін қалыптастырады.
  • Әдет-ғұрып, салт-дәстүрмен сабақтас.
  • Әдеп пен құрметті тіл арқылы танытады.

Табудың түрлері

1-түрі

Келіннің ат тергеуі (туыстардың атын тура атамау)

Қазақтың ескі әдет-ғұрпы бойынша келін болып түскен қыз күйеуінің туған-туыстарын өз атымен атамай, балама атаулар қолданған.

Мысалдар: шырайлым, кенже бала, мырза жігіт, ата, ене, қайын аға және т.б.

2-түрі

Қауіпті құбылыстар мен атауларға байланысты

Табудың тағы бір түрі қатал табиғи құбылыстарға, жыртқыш аңдарға, қауіпті жәндіктерге және түрлі ауру атауларына байланысты қалыптасқан.

Мысалдар: найзағайды — «жасыл», шешек ауруын — «қарасан», қасқырды — «ұлыма» деп атау және т.б.

ІV. Сабақты бекіту

1) Мәтіннен табу сөздерді табу

Төмендегі сөйлемдерден табу сөздерді теріп жазу.

— Тентекжан-ау, мені тастап бара жатқаның ба? — деп Зәйкүл де тұра жөнелді. (Б. Майлин)

— Шешей, сонда сен де бар шығарсың деймін, түнде күйеуден ақша алып, Шырайлымды алып барып көрсетпекші болдың ғой.

— Кеше Дәуқара бар, біздің үйдегі қайның бар — бәрі бас қосып сөйлесіп отырды.

Еркежанның сүйіп жүрген жігіті бар еді, соны кедейсініп, би-ағалар бермеді.

Дәл осы кезде, есіктен шығып жатқан қонақтарға қарсы жүріп, сығылыса кірген Қалила Абайға жақындап: — Телғара, қалқам, сені апаң шақырады, — деді.

2) Кітаппен жұмыс

101-жаттығу: мәтінді оқу, мазмұн желісін сақтап әңгімелеу, мәтін ішінен табу сөздерді табу.

3) Шығармашылық жұмыс

«Туыстық қарым-қатынас» тақырыбында мәтін жазу. Мәтін ішінде табу сөздерді қолдану.

4) Топтық тапсырма (мақал талдау)

«Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп»

  1. тату, көп сөздерінің антонимін табу.
  2. ат, ас сөздерінің қолданылуына қарай қандай мағына беретінін мысалмен дәлелдеу.
  3. Берілген мақалда табу сөз бар ма? Болса, қайсы? Мағынасын ашып түсіндіру.

5) «Сатыға кім шығады?» ойыны

Өз отбасында қолданылатын табу сөздер болса, оны шапшаң жазу.

6) Сауалнама (автотест)

Қысқа тест арқылы тақырыпты қаншалықты меңгергенін анықтау.

7) Ой толғаныс

  • Сабақ барысында өздеріңе қандай мақсат қойдыңдар?
  • Өскенде осы атауларды өз үйіңде қолданасыңдар ма?
  • Мақсатқа жету үшін не істейсіңдер?

V. Сабақты қорытындылау

Қорытынды сұрақтар

  1. Табу сөздер дегеніміз не?
  2. Табудың қазақ тіліндегі өмірлік қызметі қандай?

Мұғалімнің қорытынды сөзі

Оқушылардың тіл байлығы мен көркем сөйлеу дағдысы сабақ барысында байқалды: лексика тарауы бойынша сұрақтарға толық жауап беріп, өз ойларын нақты жеткізе алды. Туыстық атауларды да жақсы меңгерген. Бүгінгі сабақта алынған ұстанымдар күнделікті өмірде де жалғасын тапсын деген тілек айтылады.

Үнтаспадан бата тыңдау

Балаларым, Құдай сендерге талмайтын талап берсін, самғайтын қанат берсін, баянды бақ берсін, ұзақ ғұмыр, тұрлаулы уақыт берсін!

Өркенді болыңдар! Өмірлі болыңдар!

Өмір бақи осылай сауатты болыңдар!

Өсіп-өркендеп, тәуелсіз еліміздің көк туын желбіретіп, әлемге таныта беріңдер!

VI. Бағалау

Оқушының жауап беру белсенділігі, тапсырмаларды орындау сапасы, топтық жұмысқа қатысуы және шығармашылық мәтіндегі табу сөздерді орынды қолдануы ескеріледі.

VII. Үй тапсырмасы

  1. «Табу» тақырыбын қайталау.
  2. А. Ершуов өлеңдеріндегі тыйым сөздерді теріп жазып келу.
  3. 103-жаттығу.