Бар екен бір дүниеде жалғыз көзі, Сол көзбен дүниенің бәрін кезді

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Бұл сабақ 5-сыныпқа арналған және тақырыбы — құрақ құраудың технологиясы. Сабақта құрақ түрлерін тану, бөлшектерді дұрыс орналастыру және өңдеу тәсілдері практикалық жұмыс арқылы меңгеріледі.

Сабақтың түрі
Аралас сабақ
Сабақтың әдістері
Түсіндіру, сұрақ-жауап, нұсқау, сарамандық жұмыс
Пәнаралық байланыс
Тарих, геометрия, бейнелеу өнері, сызу
Қажетті құрал-жабдықтар
Интерактивті тақта, қатты қағаз, үлгілер, сызғыш, ине, жіп, қайшы, бор немесе қарындаш

Сабақтың мақсаттары

Білімділік

Оқушыларға құрақ түрлерін тігудің ерекшеліктерін, құрақ бөліктерін дұрыс орналастыру реттілігін және өңдеу технологиясын үйрету.

Тәрбиелік

Үнемділікке, икемділікке, ұқыптылыққа, тиянақтылыққа тәрбиелеу; шапшаңдық пен еңбекқорлыққа баулу.

Дамытушылық

Теориялық білімді іс жүзінде шығармашылықпен ұштастыруға мүмкіндік беру және өнерге қызығушылықты арттыру.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушыларды түгендеу.
  • Сынып тазалығына мән беру.

II. Үй тапсырмасын тексеру

«Қандай жұмбақ болса да шешпей оны қоймайық» қағидасымен әр топ ұяшық таңдап, сұрақтарға жауап береді.

I. Ою-өрнек сұрақтары

  1. Ежелгі ұлттық ою: қошқар мүйіз.
  2. Өсімдік тектес оюлар: үшжапырақ, жауқазын, шыңгүл, жапырақ, жетігүл.
  3. Г және Т әріптеріне ұқсас, ру таңбаларынан пайда болған ою: балта.
  4. Магиялық ою: тұмарша.

II. Жұмбақтар

  1. Бар екен бір дүниеде жалғыз көзі...
    Жауабы: ине.
  2. Дәмді тағамдарды жинайды, қонақтарды көңілдене сыйлайды.
    Жауабы: дастархан.
  3. Арық ат қарны қабысқан, бір көлді ішіп тауысқан.
    Жауабы: қасық.
  4. Құрғақ жерде сақтаймыз, онсыз тамақ татпаймыз.
    Жауабы: тұз.

III. Ұлттық тағамдар

  1. Ұйытылған сүт: айран.
  2. Торта: сары майдың тұнбасы.
  3. Бие сүтінен ашытылған сусын: қымыз.
  4. Езілген құрт: малта.

IV. Жалпы сұрақтар

  1. Стиль: мәнер, сипат, ерекшелік.
  2. Матаны ылғалды-жылумен өңдеу: үтіктеу.
  3. Салалы, жабайы, бұйра талшық: зығыр.
  4. 160 – 88 – 70 сандарының мәні:
    бой (см), кеуденің жарты орамы, мықынның жарты орамы.

III. Жаңа сабақ: «Құрақ құраудың технологиясы»

Жаңа тақырып құрақ түрлерін еске түсіруден басталып, топтастыру әдісі арқылы жүйеленеді. Құрақ және оның түрлері туралы мағлұмат беріледі.

Құрақты қандай мақсатта құраймыз?

  • 1

    Мата қиындыларын іске асыру — қалдықты кәдеге жаратып, үнемділікке үйрету.

  • 2

    Әдемілік пен ұқыптылық — талғамды, жинақы жұмыс мәдениетін қалыптастыру.

Құрақ құрау — халқымыздың тұрмыстық бұйымдарында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұлттық өнер. Бұл тәсілде қалған қиынды маталар пайдаланылып, әртүрлі пішіндер сәнді үйлесіммен қиюластырылады.

Бұрынғы әжелеріміз бен әпкелеріміз тұрмыста қолдануға ыңғайлы көптеген бұйымдарды құрақтап тіккен: шай құюшыға арналған шағын көрпеше, мейманға салынатын төр көрпеше, ұйықтағанда пайдаланатын мамық көрпеше, сондай-ақ қыз ұзатыларда берілетін жасауға арналған түрлі-түсті сәнді құрақ көрпелер.

Өнердің терең мәні

Құрақ құраудың астарында тілек пен ырым да бар. Ертеде апа-әжелеріміз құрақты қыз-немересіне арнап, «Отан болып құралып кетсін, өсіп-өнсін» деген ниетпен жасаған.

Сондай-ақ «тіл-көзден аман болсын» деген ырыммен баласы шетінеп, тоқтамай жүрген отбасылар қырық құрақ құрап, баласын соған ораған.

Құрақтың анықтамасы және пішіндері

Құрақ — төрге төсейтін көрпеше. Мата қиындыларын қиюластырып, тұмарша, сегіз жапырақ, ромб тәрізді өрнектер құрастыру арқылы жасалған көрпе құрақ (құрақ көрпе) деп аталады.

Қазақ халқы төрді қонаққа арналған «қасиетті орын» санағандықтан, құрақ бұйымдар үй ішінің ажарын ашып, ұлттық рең беріп, көңілге жылулық ұялатады.

Тігу және өңдеу ерекшелігі

Құрақ көрпе көбіне арасына мақта немесе қойдың, түйенің жүні салынып, сырып тігіледі. Ісмер әйелдер құрақ көрпеден бастап құрақ кеудеше, құрақ бөстек, тіпті құрақ ойыншыққа дейін жасап, қарапайым тәсілдің өзімен-ақ бағалы бұйым тудыруға болатынын дәлелдеп келеді.

Құрақтан жасалған бұйымдарға зер салып қарасаң, сан алуан түстердің бір-бірімен жарасым тауып, әсемдік әлемін сыйлайтынын байқайсың. Бұл — халқымыздың дүниетанымы мен эстетикалық талғамын, сұлулыққа іңкәр сезімін үнсіз-ақ танытатын көркем тіл.

Таңғажайып талантымен талай жанды тамсандырған қазақ қолөнерінің қарапайым да қайталанбас түрі — қиыстырып құрақ қию және одан көздің жауын алатындай құнды бұйымдар жасау. Оның бағалылығының бір дәлелі — құрақ бұйымдардың ұзатылатын қыз жасауының ажарын айшықтауы.