Бедер қиығы
Бағдарлама және сабақ тақырыбы
Бағдарлама тақырыбы
Қондырма жеңді, жағалы әйел жейдесінің конструкциясын жасау.
Сабақ тақырыбы
Әр түрлі материалдардан қондырма жеңді, жағалы әйел жейдесінің конструкциясын жасау, модельдеу және пішу.
Сабақтың мақсаты
Білімділік
- Оқушыларды әйел жейдесінің түрлерімен таныстыру.
- Жейде конструкциясын құрастыруға үйрету.
- Алған білімді практикада қолдануға бағыттау.
Дамытушылық
- Логикалық ойлау мен дербестікті дамыту.
- Кәсіби дайындығын айқындау және нығайту.
Тәрбиелік
- Ұйымшылдыққа, ауызбірлікке, сыйластыққа тәрбиелеу.
- Мәдениеттілікке баулу.
- Меңгерген білімді өмірде үйлесімді қолдануға жол ашу.
Сабақтың түрі
Аралас.
Негізделген технология
Тірек сызба, топшамалар.
Көрнекілік құралдар
Үлгілер, мультимедиялық тақта, нұсқау карталар, оқушылардың жеке құралдары, шеберхана жабдықтары.
Пәнаралық байланыс
Құрастыру, модельдеу, мататану, жабдықтау.
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру бөлімі (3–5 минут)
- Оқушылармен сәлемдесу.
- Сабақта жоқ оқушыларды белгілеу.
- Оқушылардың сабаққа дайындығын тексеру.
II. Кіріспе бөлім
1) Үй тапсырмасын тексеру
- Өз өлшемдері бойынша алдыңғы бой мен артқы бой сызбасын құрастыру.
- Бір тігісті жеңді құрастыру.
- Жейде суретін салып келу.
2) Өткен сабақты қайталау
Слайдта берілген батырмалардағы жасырын сұрақтарды оқушылар таңдап, жауап береді.
Қайталау сұрақтары
- Еңсе (осанка) түрлерін ата.
- Долихоморфты тип қандай болады?
- Жейде конструкциясында AоУ нүктесін қалай табасың?
- О (обхват) пен С (полуобхват) белгілерінің айырмашылығы қандай?
- Шг2 қалай өлшенеді?
- Жейде конструкциясында П1 нүктесін қалай табасың?
- Жейде құрастыруда қандай қосымшалар қолданылады?
- Шг2 өлшемі Шс өлшемінен кем болса, ол қандай еңсеге жатады?
- Қандай өлшемдер екіге бөлінеді?
- Рубинцев типі қандай болады?
- Дтс қалай өлшенеді?
- Жейде конструкциясын құрастыруға қандай өлшемдер қолданылады? Сг3, Дтп, Вс, Впрсз, Дбр, Оп.
Сабақтың тақырыбы мен мазмұнын хабарлау
Бүгінгі сабақта әр түрлі материалдардан қондырма жеңді, жағалы әйел жейдесін конструкциялау, модельдеу және пішу қарастырылады.
Жейде үлгілері әр түрлі матадан орындалады: мақта, зығыр, жібек, крепдешин, шифон, мақпал, жасанды жібек және т.б. Модель жейденің конструкциялық негізін өзгерту (модельдеу) арқылы жасалады.
Жейде моделінің мүмкіндіктері
Әшекейлеу және пішін
- Алдыңғы және артқы бойда бүкпе, бедер тігіс, иініш, күлтелеу арқылы әрлендіруге болады.
- Стильдері: классикалық, романтикалық, спорттық және т.б.
- Силуэттері: тік, трапеция, доғал, қынамалы, жартылай қынамалы және т.б.
Жең, жең ауызы және жаға
- Жең түрлері: ұзын, қысқа, реглан, тұтас пішілген, жеңсіз.
- Жең ауызы: желбіршек, шілтер, қаттама, жиекпен өңделуі мүмкін.
- Жаға түрлері: тік жаға, қондырма жаға, апаш, шәлі, тіктемесі бар қайырма жаға және т.б.
- Жағасыз модельдерде мойын ойындысы әдіппен өңделіп, қосымша әрлендіріледі.
Безендіруге қолданылатын қосымша материалдар
Ызба-жиектер, шілтер, моншақ, тастар, сумоншақ және басқа да сәндік элементтер.
Бүгінгі тәжірибеде модельдеу тәсілдері
- Бүкпені көшіру арқылы.
- Бедер қиығын шығару арқылы.
- Күлтелеу арқылы.
Модельдеуді бастау үшін алдымен алдыңғы бой мен артқы бойдың негізгі сызбасы құрастырылады. Жейде моделінде сызбаның кеуде бөлігі негіз ретінде алынады.
Негізгі модельдеу тәсілдері
1) Бүкпені көшіру
Бүкпенің орнын жейденің негізгі конструкциясының әр бөлігінен таңдауға болады: иық, бүйір, орта және астыңғы қиықтар, қолтық ойындысы, мойын ойындысы. Бүкпені көшіргенде оның ені (тереңдігі) өзгермейді, ал бағыты әрдайым кеуде томпақтығының ортасына бағытталуы тиіс.
Тәсілдер
Графикалық, макеттік, шаблондық және лекало бұру әдістері. Бұл сабақта шаблондық тәсіл қолданылады.
Орындау реті
- Көшірілетін бүкпені таңдау.
- Қиықтан бүкпе ұшына дейін сызық жүргізу.
- Сызық бойымен қию.
- Ескі бүкпені жабу, жаңа сызықталған бүкпені ашу.
2) Бедер қиығы және иініш
Модельде бедер немесе иініш қиығы қарастырылса, ең алдымен оның кеуде бүкпесімен қиылысу нүктесін анықтаймыз.
Қиылысудың негізгі түрлері
- Бедер/иініш кеуде бүкпесінің ортасымен өтеді немесе 2 см жеткізбей аяқталуы мүмкін.
- Ортасына 3 см жетпейді, жетпеген бөлігі ылғалды-жылумен өңдеу арқылы отырғызылады.
- Ортасына 3 см-ден артық жеткізілмейді; қалған арақашықтық бүкпемен немесе бүкпешемен өңделеді.
Айырмашылығы
Иініш жобаланғанда бүкпе алдымен жабылып, содан кейін иініш кесіледі. Ал бедер қиығында бүкпе ашық күйінде орындалады.
3) Күлтелеу
Күлтелеу — кең формалы, үтіктелмеген қатпарлар. Өңдеу барысында қиық жиырылып, бүкпе мен бедер қиығы сияқты кеуде ортасына қажетті кеңдік беріледі. Күлтелеу вертикаль, горизонталь және диагональ бағытта орындалуы мүмкін.
Жаңа сабақты бекіту
Тірек сызба бойынша тапсырмалар
Оқушылар слайдтағы қате салынған элементтерді анықтайды.
- Қате бүкпені тап.
- Қате бедер қиығын тап.
- Қате күлтелеуді тап.
Пішуге қойылатын талаптар мен бірізділік
- Матаны пішпес бұрын декатирлейміз.
- Матаны тексереміз (дақ, тесік және басқа ақаулар).
- Матаның оң жағын анықтаймыз.
- Матаның оң жақтарын беттестіріп екіге бүктеп, кромкасын өзімізге қаратып үстелге жаямыз.
- Матаның негізгі жібін анықтаймыз.
-
Матаның өрнегін ескере отырып, үлкен бөлшектерді орналастырамыз:
- Өрнек бір бағытты болса — лекалоларды да бір бағытқа қаратып саламыз.
- Өрнек әр бағытта болса — лекалоларды екі бағытта орналастыруға болады.
- Түкті матада — түкті төменнен жоғарыға бағыттаймыз.
- Бор сызығының ені 1 мм-ден аспауы керек.
- Алдымен лекалоларды айналдырып бастырып сызамыз, кейін тігіске қалдырып екінші сызықты жүргіземіз.
- Сызылған бөлшектерді алынған өлшемдермен салыстырып, тексереміз.
- Пішеміз (қиғанда қайшы мен матаны үстелден көтермей, матаны орынсыз қозғамай қию қажет).
- Бақылау белгілеріне 0,3–0,5 см кертік саламыз.
- Пішім бөлшектерін қайтадан тексереміз.
Қауіпсіздік ережелері (өндірістік сабаққа кіріспе)
Топтық сұрақтар
- Тігін машинасының қауіпті жерлерін ата.
- Пішушінің жұмыс киімін сипатта.
- Үтік температурасын қандай жағдайда өзгертеді?
- Диэлектрлік кілемшені не үшін және қай жерге төсейді?
- Механик пен электриктің атқаратын жұмыстары қандай?
- Пішушіге қажетті құралдарды ата.
- Машинаның инесі сынған кезде не істеу керек?
- Үтіктің қауіпті жерлерін ата.
- Инемен жұмыс істегенде не істеуге болмайды? Ине мен көздің арақашықтығы қандай болуы керек?
- Зардап шеккен адамға қандай алғашқы көмек көрсетесің?
- Үтіктің қызғанын қалай тексересің?
- Өрт шығудың негізгі себептерін ата.
III. Ағымды нұсқау (практикалық жұмыс)
Оқушының әрекет алгоритмі
- Шебердің көрсетуі бойынша негізгі лекалоға таңдаған модельдің сызбасын түсіреді.
- Лекалоларды қияды.
- Лекалоларды матаға орналастырып, түйрейді.
- Сызбасын тексеріп, пішеді.
- Пішім бөлшектерін тексереді.
Шебердің бақылауы
- Жұмыс орнын ұйымдастыруын тексеру.
- Еңбек тәсілдері мен операциялардың дұрыс орындалуын бақылау.
- Технологиялық процестің орындалуын бақылау.
- Жұмыс барысында қауіпсіздік ережелерінің сақталуын қадағалау.
- Оқушылардың өзіндік және өзара бақылауын бағыттау.
IV. Қорытынды нұсқау
Нәтижені талдау
- Жақсы орындалған жұмыстарды атап көрсету.
- Жіберілген қателерді сипаттап, олардың себептерін талдау.
- Бағаларды жариялау.
Сабақты аяқтау
- Шеберхананы жинастыру.
- Құрал-жабдықтарды орнына қою.
Мәлімет
БҚО, Орал қаласы. МКҚК «Технологиялық колледж». Арнайы пәндер оқытушысы: М. Б. Иманғалиева.