Бағалау парағын тарату

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Сынып

9-сынып (орыс сыныбы)

Тақырып

Қазақ — қонақжай халық. Етістік

Сабақ түрі

Аралас сабақ

Көрнекілігі

Интерактивті тақта, суреттер

Әдіс-тәсілдер

Түсіндіру, сұрақ-жауап, баяндау, талдау

Жұмыс форматы

Топпен жұмыс

Сабақтың мақсаттары

Білімділік

  • Етістік және оның түрлері туралы жалпы мағлұмат беру.
  • «Қазақ — қонақжай халық» тақырыбында ой бөлісуге бағыттау.

Тәрбиелік

  • Қазақ халқының қонақ күту дәстүріндегі ерекшеліктерді таныстыру.
  • Қонақжайлыққа, сыйластыққа және ізденімпаздыққа тәрбиелеу.

Дамытушылық

  • Шығармашылық белсенділікті және танымдық дербестікті арттыру.
  • Ойды жүйелі, дұрыс жеткізуге жаттықтыру.
  • Жазылым арқылы сөз байлығын молайтып, логикалық ойлауын дамыту.

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Амандасу.
  • Оқушылар назарын сабаққа аудару.
  • Оқушыларды топқа бөлу.
  • Көшбасшы сайлау.
  • Сабақ мақсатымен таныстыру.
  • Бағалау парағын тарату.
  • Тақтаға тапсырмалар тізімін ілу.

2) Қызығушылықты ояту: жұмбақ шешу

Аяғы жоқ жүреді,
Сылқ-сылқ күледі.

Жауабы: су

Сөз үйретсең қайталайды,
Өздігінен айта алмайды.

Жауабы: тотықұс

Тілдерімен жүреді,
Уақытты біледі.

Жауабы: сағат

Талқылау сұрағы: Қимылды білдіретін сөздер бар ма? Осы сұрақ арқылы етістік тақырыбына өтеміз.

3) Мақал-мәтел арқылы жұмыс

I топ

Қына тасқа бітеді,
Білім басқа бітеді.

II топ

Өз білмегеніңді кісіден сұра,
Үлкен жоқ болса кішіден сұра.

Тапсырма: сөйлем мүшесіне талдау жасап, етістікті анықтау.

4) «Сызбаны сөйлет» тапсырмасы

I топ

Етістік

II топ

Етістіктің шақтары

Топтарға 2 минут уақыт беріледі. Әр топтан бір оқушы шығып қорғайды.

Мәтінмен жұмыс: «Қонақ күту»

Қазақ халқы — ежелден қонақ десе ішкен асын жерге қоятын халық. Үй иесі бұрын танысын, танымасын, «Құдайы қонақпын» десе болды — жылы шыраймен қарсы алған. Жол жүріп келе жатқан жолаушы «бөлінбеген еншім бар» деп, жалынбай-ақ ауылдың кез келген үйіне түсіп, қонақ болатын.

Қазақта «Қырықтың бірі — Қыдыр», «Қонақты қусаң — құт, ырыс қашады», «Қонақпен еріп құт, ырыс келеді» деген мақалдар бар. Сондықтан бөлінбейтін еншіге қиянат жасауға болмайды деп түсінген.

Бір қызығы, «алты аласы, бес бересі» болмаса да, қонақ үй иесі тойдырмаса, күтпесе, ренжіп, жамандап кетуі мүмкін болған. Қазақ үшін мұны есту — ұят, бетке шіркеу. Сол себепті халқымыз қонақты қарсы алуға да, шығарып салуға да ерекше мән берген.

Үй иесі қонақты өзі қарсы алып, есікті өзі ашып, үйге енгізіп, соңынан өзі кіріп есікті жабады. Бұл — қонақпен еріп келген құт бірге кірсін деген ырым. Ал қонақты шығарып саларда есікті қонаққа аштырып, соңынан өзі жауып шығатын болған. Сондай-ақ қазіргі күндегідей «есікті ашып, іштен жауап алу» дәстүрі де болған.

Қонақтың түрлері

Арнайы қонақ

Алдын ала шақырылған, арнайы күтілетін қонақ.

Құдайы қонақ

Жолаушы жолай түсіп, түстенетін не бір күн түнеп шығатын қонақ.

Қыдырма қонақ

Алыстан ағайын-туысты арнайы іздеп келіп, бір немесе бірнеше күн сый-құрмет көріп қайтатын қонақ.

Қылғыма қонақ

Қай үйде түтін шықса, қай үйге қонақ келсе, соны аңдып жүріп келетін сүйкімсіз қонақ.

Келген қонақпен жөн сұрасқаннан кейін, үй иесі қонағына ең жақсы дәмін ұсынып, риза етуге тырысады.

Тапсырма (I топ)

Мәтінді мәнерлеп оқу.

Тапсырма (II топ)

Мәтінге жоспар құру.

5) Жоба қорғау

Тақырып: «Қазақ — қонақжай халық»

6) «Тез тауып, бөгелмей айт» ойыны

Берілген сөздерге байланысты жылдам жауап беру (қимыл, әрекет, етістік формаларын табу):

Жел... Спортшы... Қонақ... Теледидар... Найзағай... Тапсырма... Мұғалім... Жаңбыр... Қоңырау... Ақпарат...

7) Сурет бойынша жұмыс

«Қазақ отбасы» тақырыбындағы сурет бойынша әңгіме құру.

8) Өлеңмен жұмыс

Өнер-білім бар жұрттар
Тастан сарай ...
Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ...
Жылдам хабар ...

Тапсырма (III топ): өлең жолдарындағы етістіктерді тауып, тиісті сөздермен толықтыру.

Сұрақ: Бұл шумақтың авторы кім?

Сұрақ: Өлең қалай аталады?

Бекіту сұрақтары

Қонақжайлылық дегенді қалай түсінесіздер?

Қазақ халқын неге қонақжай халық дейді?

Қонақтың неше түрі бар?

Сабақта нені үйрендік?

Қорытынды

Бүгін біз «Қазақ — қонақжай халық» тақырыбын қарастырып, қонақжайлық туралы маңызды мәліметтерді жинақтадық. Қонақтың түрлеріне тоқталып, қонақ күтудің мәнін, дәстүрдегі ырым мен әдептің орнын талдадық. Халқымыздың дастарханының кеңдігі, таныс-біліс қана емес, бейсауат жолаушыға да есігінің ашық болуы және барын қонағының алдына тосатын мырзалығы — ұлттық болмыстың айқын көрінісі. «Қазақ — қонақжай халық» деген ұғымды жалғастыру үшін, біз де қонақжай болуға ұмтылуымыз керек.

Үй тапсырмасы

«Қонақжай қазақ» тақырыбына шағын шығарма жазу.

Бағалау

Топ басшылары бағалау парағын тапсырады. Сол мәлімет бойынша қорытынды баға қойылады.