Құлақ пен тымақ
Сабақ туралы мәлімет
Пәні мен сыныбы
2-сынып, Ана тілі
Тақырыбы
Асқар Тоқмағамбетов — «Құлақ пен тымақ» (мысал өлең)
Сабақ типі
Жаңа сабақты меңгерту
Сабақтың мақсаттары
Білімділік
- Оқушыларды мысал өлеңмен таныстыру, өлеңдегі негізгі ойды ұғындыру.
- Талдау, мәнерлеп оқу дағдыларын қалыптастыру.
- Белсенді, ынталы оқуға үйрету.
Тәрбиелік
- Ізденімпаздыққа, сыпайылыққа, әдептілікке, арлылыққа баулу.
- Кішіпейілділікке, адал достыққа, мейірімділікке тәрбиелеу.
Дамытушылық
- Өз ойын еркін айтуға, пікірін дәлелдеуге үйрету.
- Шығармашылық қабілетін, зейінін, тіл байлығын және сөздік қорын дамыту.
- Шығармаға талдау арқылы сын тұрғысынан ойлауды жетілдіру.
Әдіс-тәсілдер мен ұйымдастыру
Әдіс-тәсілдер
Формат, байланыс, ресурстар
- Ұйымдастыру түрі
- Дамыта оқыту, іздену, зерттеу
- Пәнаралық байланыс
- Дүниетану, музыка, математика, өзін-өзі тану
- Көрнекілігі
- Асқар Тоқмағамбетовтің суреті, кестелер
- Құралдар
- Интерактивті тақта, үнтаспа
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Психологиялық дайындық және қызығушылықты ояту
Үнтаспадан күлкі естіледі. Мұғалім оқушыларға: «Балалар, күлкі естігенде кім еске түседі?» деген сұрақ қояды. Оқушылар Алдар Көсе туралы ой бөліседі.
Алдар Көсе туралы өлең
Мен Алдармын, Алдармын,
Тура жолды таңдармын.
Керегі жоқ паңдардың,
Жылуы жоқ жандардың.
Адалдарды аңдармын,
Арамдарды алдармын.
Талқылау сұрақтары: «Алдар Көсе кім? Ол туралы не білесіңдер?»
II. Үй тапсырмасын тексеру
Тапсырмалар
- «Алдар Көсе мен салт атты» ертегісін мазмұндау.
- Ертегіні сахналау.
- Венн диаграммасы арқылы кейіпкерлерді салыстыру.
Салыстыру нәтижесі
Алдар Көсе
Ақылды, айлакер, зерделі; қарапайым халыққа жаны ашиды; тапқыр, сөзге шешен; мақсатына жетеді.
Бай
Сараң, өзімшіл, арам; әділетсіз; халыққа озбырлық көрсетеді.
«Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін; батыр болсаң, жауға найзаң тисін!»
— Әйтеке би
Жомарттықтың негізі
- Өз айтқан сөзіңді орындау.
- Әділдікке нұқсан келтірмеу.
- Қайырымдылықты ұмытпау.
Қорытынды сұрақ: «Осы қасиеттердің қайсысы Алдар Көсенің бойынан табылады?»
III. Жаңа сабаққа кіріспе
Дыбыстық үзінді және әсер
Үнтаспадан қыс мезгіліндегі ауа райына қатысты дыбыстар тыңдатылады. Оқушылар: «Не тыңдадыңдар? Не сездіңдер?» деген сұрақтарға жауап береді.
Әңгіме
«Қыс мезгілінде адамдар қалай киінеді?» деген сұрақ арқылы қысқы киімдердің маңызы талқыланады.
Жаңылтпаш
Қыста құлағым үсіп кетті,
Үсіп, ісіп кетті.
Талқылау: «Құлағың үсімес үшін не істеу керек?»
Тақырыпты ашу (топтық жұмыс)
«Сиқырлы сандар» тапсырмасы арқылы сөздер құрастырып, бүгінгі сабақтың тақырыбы анықталады.
Жиынтық 1
а ұ л қ қ
4 2 3 1 5
Жиынтық 2
қ т м а ы
5 1 3 4 2
Жиынтық 3
ы м с л а
2 1 3 5 4
Нәтиже: «Құлақ пен тымақ» — мысал
IV. Жаңа сабақ: «Құлақ пен тымақ»
Жұмыс бағыты
- Күн ретін және тақырыпты жазу.
- «Болжау» стратегиясы: «Құлақ пен тымақ» атауы нені меңзеуі мүмкін?
- Оқушылардың жауаптарын тыңдау, ойды нақтылау.
Мысал өлең деген не?
Мысал өлең — жан-жануарлар мен өсімдіктерге адамдық қасиет беріп бейнелеу арқылы адамдар арасындағы жағымсыз қылықтар мен іс-әрекеттерді сын тезіне алып, ойды астарлап жеткізетін оқиғалы өлең.
Оқушыларға бағытталған сұрақтар
- Шығарманы кім жазған?
- Шығарма не туралы?
- Қай жанрда жазылған?
- Тымақ қандай болады?
Автор туралы
Асқар Тоқмағамбетов (19.09.1905, Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданы — 21.08.1983, Қызылорда қаласы) — ақын, жазушы. Қазақ әдебиетіне елеулі үлес қосқан қаламгер.
Ақын поэмаларының тақырыптарын шартты түрде бірнеше бағытқа бөлуге болады: кеңшар және ауыл өмірі; елге еңбегі сіңген тарихи тұлғалар; Отан қорғау мен ерлік; халықтар достығы.
Алғашқы сатиралық өлеңдер жинағы «Күлкі-сықақ» 1929 жылдары жарық көрді. Сондай-ақ «Әзірет Сұлтан», «Семафор ашық», «Екі заң» атты драмалық шығармалар жазып, «Бәріміз де сондай болсақ» киносценарийін дайындаған.
І дәрежелі Отан соғысы орденімен, үш рет Еңбек Қызыл Ту орденімен және бірнеше медальмен марапатталған.
«Тымақ» ұғымы
Тымақ — мал немесе аң терісінен тігілетін қыстық бас киім. Ол көбіне төрт сайлы, төбесі биік, мол пішілген болады; маңдайы, екі құлағы және желкені жотаға дейін жауып тұратын артқы етегі бар. Тымақтың сырты көбіне матамен тысталады.