Оқушыларға таныстыру

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Ақын өлеңдерінің көркемдік қуатын терең түсіндіру, өлеңдердің тақырыбы мен идеясын ашу.

Дамытушылық

Шығармашылық ізденіске бағыттау, ойды көркем әрі еркін жеткізуге баулу, мәнерлеп оқуға дағдыландыру.

Тәрбиелік

Туған жерді, елді сүюге, табиғатты аялауға тәрбиелеу.

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Тақырып
Мұқағали Мақатаев: «Елім барда», «Анау — аспан, мынау — бақ»
Сабақтың түрі
Жаңа сабақ
Әдіс-тәсіл
Сын тұрғысынан ойлау
Көрнекілік
Бейнепроектор

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру

  • Оқушылармен амандасу.
  • Түгендеу.

2) Үй тапсырмасын тексеру

Оқушыларға өлеңнен үзінді оқылып, авторын анықтау сұралады:

Мен Үйсінмін — қауға берсең, қауға бер!
Қан ағызып үйренгем жоқ жаулап ел.
Жауы да жоқ, дауы жоқ — тып-тыныш,
Ей, бауырым, біздің Алатауға кел!

Мен Үйсінмін! Мал бақ десең — мал бағам.
Еш жамандық көргенім жоқ қауғадан.
Мен Үйсінмін — Ұлы жүзбін, ұлымын!
Ұлымын деп ұлыққа да бармаған.

Ортадан да, кішіден де кішімін!
Ұлымын деп көрсетпеген қысымын.
Ел басына екіталай күн туса,
Екі інімнің найзасының ұшымын!

Мен Үйсінмін! Ұлы десең, ұлымын!
Кісіліктің, кішіліктің құлымын.
Бөлінбеген еншім даяр, екі інім
Желпілдетіп жетіп келсе — тұлымын!

Тапсырма: «Бұл қай ақынның өлеңі?» — авторын анықтап, Мұқағали Мақатаев туралы не білетіндерін айту.

Қайталау

  • Ақынның өмірі мен шығармашылығына шолу.
  • «Қара өлең» өлеңін жатқа айту.

Тыңдалым

Ақынның өз даусымен оқыған өлеңін тыңдату (1 минут 20 секунд).

3) Ақын туралы естеліктер

Баласы Жұлдыздың естелігінен

Әкесі әжесі Тиынның қолында өскен. Әжесі қайратты кісі болған. Ақындықтың өзегі — табиғи дарын, ал оның қалыптасуына туған жері мен әжесінің ықпалы зор. Мұқағали көп нәрсені әжесінен үйренгенін айтатын. Әңгімелескен адамынан тереңдік іздейтін; егер адам көңілінен шықпаса, оны таяз деп ренжитін.

Жары Лашын апаның естелігінен

Мұқағали өлеңді жеке бөлмесінде отырып жазатын. Көк шапанын жамылып, үстелге кеудесін тіреп отыратын еді. Жазып болған соң күлімдеп, анасы мен қызына оқып беретін. Ол күз мезгілін ерекше жақсы көретін: жапырақ түсіп, жаңбыр құйғанда қолынан қалам түспейтін. «Көктемде сайрандадық, жасардық, күз — енді жазатын мезгіл» деп әзілдейтін.

Жарық көрген жыр жинақтары

«Дариға жүрек», «Шолпан», «Жылап қайттым өмірдің базарынан», «Бәсіре», «Күнделік», «Өмір — өзен», «Жырлайды жүрек», «Аққудың қанатына жазылған жыр», «Аманат».

4) Жаңа сабақ: ой қозғау

Бірінші бейне/сурет бойынша талқылау

Бейнетаспадан қазақ елінің болмысын танытатын көрініс көрсетіледі. Оқушылар суретке қарап өз түсініктерін айтады: қазақ халқы еркін өскен, бауырмал, тыныштықты сүйетін ел. Бірақ жау келсе, намысын бермейтін, сөзге тоқтайтын дана халық.

Екінші бейне/сурет: тәуелсіздік

Тәуелсіз еліміздің белгілері көрсетіледі: Тәуелсіздік монументі, дербес шекара, мемлекеттік рәміздер. Еліміз дамыған елдердің қатарынан көрінуге ұмтылады. Осы идеялар Мұқағали лирикасымен сабақтасып жатыр.

Алдыңғы білімді белсендіру

  • Оқушылардың Мұқағали Мақатаевтың қандай өлеңдерін білетіні сұралады (мысалы, «Қара өлең», «Қайырлы түн»).
  • Өлеңдердің тақырыптары талқыланады: бейбітшілік, тыныштық, тілге құрмет.
  • Өлеңдерді мәнерлеп оқыту, жатқа айтуға бағыттау.

5) Сөздік жұмысы

Желі

Құлын, боталарды мойнынан байлап қоятын, екі қазықтың арасына керілетін жіп.

Көген

Қой, қозы-лақты мойнынан байлау үшін қысқа жіптер тағылған, ұшы түйілген ұзын арқан.

6) Талдау — табыс кілті

Өлеңдердің идеясы

  • «Елім барда» — туған елге сүйену, болашаққа нұрлы үмітпен қарау.
  • «Анау — аспан, мынау — бақ» — табиғатты қорғау, оның «жан жарасын» жазу.

Негізгі тәрбие өзегі

  • Туған елді сүю, ел үшін жанын аямай қызмет ету.
  • Табиғаттан тек қажетіңді алып, өзге байлығына қол сұқпау; бүлінген жерді қалпына келтіруге жауапкершілікпен қарау.

Өлең құрылысына талдау: «Елім барда»

Не сыйлайды, не береді келер күн?!
Не де болса тірі тұрсам көрермін.
Желідегі құлынымын мен елдің,
Көгендегі қозысымын мен елдің.

Ұйқас түрі
Егіз ұйқас
Буын саны
11
Бунақ саны
3

Құбылту: метафора (ауыстыру)

Метафора — суреттеліп отырған затты не құбылысты айқындау үшін оны ұқсас өзге затқа не құбылысқа балап айту. Мазмұнды тереңдетіп, әсерді күшейтеді.

Мысалдар: «желідегі құлын», «көгендегі қозы» — елдің перзенті ретінде өзін бейнелеу.

Өлең құрылысына талдау: «Анау — аспан, мынау — бақ»

Анау — аспан, мынау — бақ,
Аспанда бұлт, бақ жадау.
Мамық ұшты қылаулап,
Қыс та келіп қалған-ау.

Ұйқас түрі
Шалыс ұйқас
Буын саны
7
Бунақ саны
2

Құбылту: кейіптеу

Кейіптеу — жансыз табиғат құбылысын тірі адамның қылығымен ауыстыра суреттеу.

Талқылауға ұсынылатын бейнелер: «дәрігер қыс», табиғаттың «жарасын таңу», бақтың «жалаң аяқ жылауы», «түксиюі».

7) Салыстыру: Венн диаграммасы

«Анау — аспан, мынау — бақ» өлеңінің 1-шумағын Абайдың «Қыс» өлеңімен салыстыру ұсынылады. Екі шығармада да табиғаттың бір мезгілі суреттеледі, ал ортақ тұсы — табиғатты адам кейпінде беру (кейіптеу).

«Анау — аспан, мынау — бақ»

  • Шалыс ұйқас
  • 4 тармақты шумақ
  • 7 буынды өлшем
  • Кейіптеу басым

Ұқсастығы

  • Қыс мезгілінің сипатын беру
  • Табиғатты бейнелеуде көркем тәсілдерді қолдану
  • Кейіптеу арқылы әсерді күшейту

Абай «Қыс»

  • Қара өлең үлгісіне жақын құрылым
  • 11 буынды өлшем (жиі қолданылатын үлгі)
  • Бейнелі тіл, суреттілік
  • Кейіптеу тәсілі айқын

Мұқағали Абай дәстүрін жалғағанын өз жырында да аңғартады:

Қуат алып Абайдың тіл-күшінен,
Жыр жазамын Абайдың үлгісімен.
Абай болып табынсам бір кісіге,
Абай болып түңілем бір кісіден.

Ақынның көптеген өлеңдеріне композиторлар ән шығарғаны да оның сөз өнерінің әнге жақындығын дәлелдейді.

8) Үй тапсырмасы

  • Ақынға хат жазу.
  • «Елім барда», «Анау — аспан, мынау — бақ» өлеңдерін жаттау.

9) Қорытынды және бағалау

Күләш Ахметова айтқандай: «Қазақтың тілін білген адам Мұқағали поэзиясын сүймеуі мүмкін емес, Мұқағали поэзиясын сүйген адам еліне адал, жеріне ие, табиғатқа жанашыр бола алады». Мұқағалидай ақыны бар қазақ елі бақытты. Сабақ соңында ақын өлеңіне жазылған «Бақыт деген...» әні тыңдатылады.

Бағалау тәсілі: «Екі жұлдыз, бір тілек»

  • Екі жұлдыз — сабақтағы ұнаған екі нәрсе (жұмыс туралы).
  • Бір тілек — жақсартуды қажет ететін бір ұсыныс.

Кері байланыс

Оқушылар стикерге сабақтан түсінгенін қысқаша жазып, «Бағдаршам» тақтасына жапсырады.