Тіл дыбыстары кестедегі сөйлеу мүшелері арқылы жасалатынына назар аударту
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
Сынып
5
Пән
Қазақ тілі
Тақырып
Тіл дыбыстары (фонетика)
Сабақтың мақсаты
-
Білімдік: бастауыш сыныпта алған білімді еске түсіре отырып, тіл дыбыстары мен дыбыстау мүшелері туралы жалпы түсінік қалыптастыру.
-
Дамытушылық: алынған білімді есте сақтауға дағдыландыру; логикалық ойлау, нақты әрі дәлелді сөйлеу дағдыларын дамыту.
-
Тәрбиелік: тапсырмалар арқылы бір-бірін тыңдауға, сыйлауға үйрету; шапшаңдық пен ұқыптылыққа тәрбиелеу.
Сабақ форматы
Түрі
«Жеті ата» ауылына саяхат
Типі
Жаңа білім беру
Әдістер
Түсіндіру, талдау, жаттығу орындау, ойлау, дәлелдеу
Көрнекіліктер
Интербелсенді тақта, слайдтар, буклет
Пәнаралық байланыс
Жаратылыстану, әдебиет, әдеп
Сабақ барысы: «Жеті ата» желісімен
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушыларды түгендеу.
- Оқу құралдарын тексеру.
- Оқушылардың зейінін сабаққа аудару.
Кіріспе ой
«Жеті атасын білмеген – жетесіз» (мақал).
Қазақ халқы кейінгі ұрпаққа жеті атасын білуді міндеттеген, үйреткен, жаттатқан. Мұның әлеуметтік мәні зор: жеті атаға дейін қыз алыспау — ұлттың жауапкершілігі мен бірлігін нығайтқан дәстүр.
Бұрын адамдар танысқанда руын, тегін сұрауы да осыдан. Әр қазақ баласының ата-тегін білуі — тектілікке, ұлттық тәртіп пен жөн-жосыққа баулитын өмірлік мектеп.
Жеті ата реті:
- 1. Ата
- 2. Әке
- 3. Бала
- 4. Немере
- 5. Шөбере
- 6. Шөпшек
- 7. Немене
II. Үй тапсырмасын тексеру («Ата ауылы»)
«Лексика» тарауын қорытындылау мақсатында «Қызықты грамматика» айдары бойынша «Ойнайық та, ойлайық!» тапсырмалары орындалады.
1) Тура және ауыспалы мағына
Мына сөйлемдерден тура және ауыспалы мағынада тұрған сөздерді табыңдар:
- Ыстық күн төбемнен өтіп барады.
- Ыстық сезім бойымды биледі.
- Терең көлді мұз басыпты.
- Оқушылар терең білім алды.
2) Жұмбақты тап
Өздерің оқыған жұмбақ төрт сөзден құралған: 1) «сарай» сөзінің синонимі, 2) «астында» сөзінің антонимі, 3) «ірі» сөзінің антонимі, 4) «тау жынысты қатты зат». Ол қандай жұмбақ?
Жауабы: «Үй үстінде ұсақ тас»
3) Артық сөзді тап
Синонимдік қатарға кірмейтін сөзді алып таста:
Аласа, пәкене, кіші, бағалы, қымбат, құнды, дұшпан, маржан, көп, үлкен, мол, қыруар, қатыгез, қас, пәс, жау.
4) Тұрақты тіркестер
Берілген суреттерге қарай отырып, тұрақты тіркестерге мысалдар келтір.
5) «Адас сөз»
Ағаштарды жарамын, гүлге келіп қонамын.
Жауабы: Ара — ара
Ұйықтап жатып көремін, мезгілді де білемін.
Жауабы: Түс — түс
III. Жаңа сабақ («Әке ауылы»): Тіл дыбыстары және фонетика
1) Ой қозғау
«Тіл дыбыстары» дегенде қандай ұғымдар естеріңе түседі? Бастауышта нені өткен едіңдер?
Күтілетін жауаптар: дауысты дыбыстар, дауыссыз дыбыстар және т.б.
2) Сөздік жұмыс
Фонетика — гректің phōnē («дыбыс», «үн», «дауыс») сөзінен шыққан. Фонетика тіл дыбыстарының жүйесін, жасалуын, ерекшеліктерін, сондай-ақ дыбыстардың бір-бірімен тіркесу заңдылықтарын зерттейтін тіл білімінің саласы.
Тіл дыбыстарының негізгі ерекшеліктері:
- Адамның дыбыстау мүшелері арқылы жасалады.
- Белгілі жүйелік сипаты бар, саны шектеулі.
- Сөз құрайтын ең кіші тілдік бөлшек.
Дыбыс жеке тұрғанда мағына білдірмейді, бірақ белгілі тәртіппен тіркескенде мағыналы сөз жасайды.
3) Проблемалық сұрақ
Мына сөздерге назар аударыңдар: дыбыстардың өзгеруі сөз мағынасына қалай әсер етеді?
Бас, тас, жас, қас, нас
Ескек, кек, ек
Қал — лақ
Түс — сүт
Кел — лек
4) Дыбыстау мүшелері
Тіл дыбыстары сөйлеу мүшелері арқылы жасалады. Оларға тыныс жолы мүшелері, ауыз және мұрын қуысы, иек пен жақ жатады.
Тыныс жолы
Өкпе, көмей, дауыс шымылдығы (желбезек).
Ауыз қуысы
Тіл, ерін, езу, тіс, таңдай, кішкене тіл.
Дыбыстардың сипаты осы мүшелердің қатысуы мен ерекшеліктеріне қарай анықталады.
5) Үн мен салдыр
Үн — өкпеден шыққан ауаның кедергіге ұшырамай еркін шығуынан пайда болады.
Салдыр — өкпеден шыққан ауаның сөйлеу мүшелерінің біріне соқтығып, кедергіге ұшырауынан пайда болады.
Үн мен салдырдың қатысына қарай дыбыстар дауысты және дауыссыз болып бөлінеді.
6) Әліпби, әріп, дыбыс
«Әліпби» сөзі араб әліпбиінің алғашқы екі әрпі — алиф пен би атауларының бірігуінен жасалған. Әліпби — жазуда қолданылатын әріптердің рет тәртібі.
Әріп — дыбыстың жазудағы таңбасы.
Әліпбидегі көрсетілген таңбалар — әріптер.
Оқулықпен жұмыс («Бала ауылы»)
233-жаттығу
Төмендегі сөздердің дыбыстарын мүмкіндігінше өзгертіп, дыбыс өзгерісінің сөз мағынасына әсерін бақылаңдар: сал, жат, тас, тық, қаш, жан.
234-жаттығу
Дыбыс санын көбейту арқылы мағынасы басқа сөздер жаса: ал, ат, у, ыс, ас.
236-жаттығу
Мәтінді түсініп оқыңдар. «Тіл» сөзіне назар аударып, оның бірнеше мағынада жұмсалатынына мысалдар тауып жазыңдар. А. Байтұрсынов туралы білетіндеріңді айтыңдар.
Сөйлеу аппараты (схема бойынша түсіндіру)
1-сурет. Адамның сөйлеу аппараты
- I — мұрын қуысы
- II — ауыз қуысы
- III — дауыс түтігі
- IV — тамақ (кеңірдектің кеңейген жоғарғы тұсы)
- V — өңеш (тамақ жүретін жол)
Ауыз қуысы бөліктері:
- 1 — тістер
- 2 — еріндер
- 3 — қатты таңдай
- 4 — жұмсақ таңдай
- 5 — тілшік (увула)
- 6 — жұтқыншақ
- 7 — тіл (а — тіл алды, б — тіл ортасы, в — тіл арты, г — тіл түбі)
2-сурет. Тамақ
а) Бойлық қиық:
- 1 — жұтқыншақ
- 2 — жалған дауыс шымылдығы
- 3 — қалқан шеміршек
- 4 — нағыз дауыс шымылдығы
- 5 — дауыс саңылауы
- 6 — кеңірдек шеміршегі
б) Көлденең кесік:
- 7 — желбезек шеміршек
- 8 — сақина шеміршек
Сергіту сәті («Немере ауылы»)
1) Әзіл жұмбақтар
Фонетикалық екі ұғым, бірі мен бірі сыбайлас:
Бірі — айтылады да естіледі,
Екіншісі — жазылады да көрінеді.
Жауабы: дыбыс, әріп
Өз құрамында үш буын, жеті әріп бар.
Жалпы қарауындағы әріптері құрамындағыдан алты есе көп.
Жауабы: алфавит
Бір ағашта отыз жеті алма.
Оны алып жемек болсаң,
Он шақтысы тамағыңнан еркін өтіп кетеді,
Қалғандары қақтығып барып өтеді.
Жауабы: дауысты және дауыссыз дыбыстар
2) «Кім жылдам?» — адасқан әріптер
Әріптерді орнына қойып, сөз құрастыр:
і, м, б, л, і
ш, о, б, а, л, қ, а
к, р, е, м, т, е, е
с, ұ, з, а, т
к, т, е, м, е, т, е
а, л, а, д
IV. Бекіту («Шөбере ауылы»)
Метаграмма
Мәтінді мәнерлеп оқып, көшіріп жаз:
Оңға қарай оқысаң да — бір халық.
Солға қарай оқысаң да — бір халық.
Бір буыным — құс,
Бір буыным — түс.
Жауабы: қазақ (қаз + ақ)
V. Қорытындылау («Шөпшек ауылы»)
- Фонетика нені зерттейді?
- Әріп пен дыбыстың айырмашылығы неде?
- Сөйлеу мүшелеріне нелер жатады?
VI. Үй тапсырмасы («Немене ауылы»)
235-жаттығу: метаграммаларды шешіңдер. Қосымша: өздерің де осы үлгіде метаграммалар құрастырып келіңдер.
VII. Бағалау
Оқушылардың сабақтағы белсенділігі, жауаптарының нақтылығы, тапсырмаларды орындау сапасы бойынша бағаланады.