Көңіл - күй одағайлары

Сабақ туралы мәлімет

Мекеме

Атырау қаласы, №35 мектеп-гимназиясы

Пән

Қазақ тілі мен әдебиеті

Мұғалім

Темірғалиева Ағила Серікқызы

Сабақтың тақырыбы

Одағайдың түрлері

Білімділік мақсат

  • Одағай ұғымын және түрлерін меңгерту.
  • Жазылуына қатысты жаттығулар орындау.
  • Шығармашылық жұмыс, диалог арқылы білім мен дәстүрді ұштастыру.

Дамытушылық мақсат

  • Синтаксистік талдау жасау, одағайды тауып, түріне қарай ажырату.
  • Дауыс ырғағын сақтап, орфоэпиялық нормаға сай айту.
  • Мәнерлеп оқу дағдыларын дамыту.

Тәрбиелік мақсат

  • Үлкенді сыйлау, құрметтеу.
  • Ата-баба мұрасын қастерлеу.
  • Кітап оқуға қызығушылықты арттыру.

Көрнекілік

«Білім мен дәстүр» ойыны, кестелер, қоржын, асықтар.

Әдіс-тәсілдер

Практикалық шығармашылық жұмыс, сұрақ-жауап, әңгіме.

Сабақ түрі

Аралас сабақ (театрландырылған, диалогқа құрылған).

Сабақ барысы

Үй тапсырмасын тексеру: «Білім мен дәстүр» ойыны

Оқушы қоржыннан асық суырып, шыққан тапсырмаға дұрыс жауап береді.

  1. 1) Жеті қазынаны ата.

    Жүйрік ат, құмай тазы, алғыр қыран, түзу мылтық, қара қазан, алмас кездік, шаңырақ.

  2. 2) Наурыз жырына байланысты одағайы бар өлең жолдарын айт.

    Наурыз келді, балақай,

    Алақай-ау, алақай!

  3. 3) Арзан не, қымбат не, дауасыз не?

    Арзан — өтірік, қымбат — шындық, дауасыз — кәрілік.

  4. 4) Үлкен адаммен амандасқанда қандай одағайды қалай қолданар едің?

    «Ассалаумағалейкум», «Сәлеметсіз бе?»

  5. 5) Тұсаукесер жырын айта аласың ба?

    Қаз-қаз балам, қаз балам!

    Қадам бассаң, мәз болам.

    Тұсауыңды кесейін,

    Күрмеуіңді шешейін.

  6. 6) Мақал-мәтелді жалғастыр.

    Ақыл тозбайтын тон, білім таусылмайтын кен.

  7. 7) Дүниеде не адал, әлемде не мықты?

    Адал болсаң — судай бол, су арамды кетіреді.
    Мықты болсаң — жердей бол, жер жиһанды көтереді.

  8. 8) Бесік жырынан одағайға мысал келтір.

    Әлди-әлди, бөбегім,

    Әлдилесін өлеңім.

Одағай түрлері бойынша кесте

Сабақ барысында кездескен одағайлар кестеге жазылып, түріне қарай толықтырылып отырады.

Көңіл-күй Шақыру Жекіру
Алақай…

Үй тапсырмасының II бөлімі

Одағайға байланысты өлеңдер мен диалогтарды жаттап келу тапсырылған. Орындау кезінде дауыс ырғағына ерекше мән беріледі.

Одағайлар ертегіде: «Қаңбақ шал» (үзінді)

— Әй, кемпір! Ертең дәулер қонаққа келеді.

— Ойбай, немізді береміз?

— Тәйт! Ойбайламай: «Үйде ет жоқ, нені асамыз?» — десең болды.

Кемпір: Ойпырым-ай, шал-ай, нені асамыз, үйде дым жоқ?

— Түу, сол да сөз бе? Басқы дәудің басын, ортаңғы дәудің төсін ас, болмаса, досым дәудің өзін ас!

Дәулер: Астапыралла, қашайық!

Жалпы түсінік: одағайдың қызметі мен ерекшелігі

Күнделікті қолданыс

Одағайды біз күнделікті өмірде жиі қолданамыз. Ата-бабаларымыз бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Мысалы, бір ғана «Тәйт!» деген одағай баланың артық кеткен ісіне тыйым салған. Бала оны түсініп, қателігін қайталамауға тырысқан.

Тыныс белгілері және жазылуы

Одағай қатысқан сөйлемде көбіне леп белгісі қойылады: ол сөйлем соңында да, кей жағдайда одағайдан кейін де келе береді. Одағай түбір күйінде тұрғанда сөйлемнен оқшауланып, сөйлем мүшесі бола алмайды. Тек жалғау, жұрнақтар қабылдағаннан кейін ғана сөйлем мүшесінің қызметін атқара алады.

Одағайдың басқа сөз таптарынан айырмашылығы

  1. 1Толық лексикалық мағынасы болмайды.
  2. 2Сөйлемдегі басқа сөз таптарымен байланысқа түспей, оқшау тұрады.
  3. 3Белгілі бір сөйлем мүшесінің қызметін атқара алмайды.
  4. 4Түрленбейді.

Тапсырма: одағайларды түріне қарай топтастыру

Төмендегі одағайларды көңіл-күй, шақыру, жекіру, тұрмыстық топтарына бөліп жазыңдар.

Пай-пай! Түу! Пәлі! Бәсә! Әп-бәлем! Мәссаған! Ә! Ойпырым-ай! Алда-ай! Әй! Оллаһи-беллаһи! Моһ-моһ Шөре-шөре Сорап-сорап Көс-көс Шәуім-шәуім Әукім-әукім Айтақ! Ей! Тәйт! Жә! Сап-сап! Марш! Стоп! Кәне! Тек! Тәк! Мәлік келгір! Хош! Хайыр! Рахмет! Кеш жарық! Ассалаумағалейкум! Құп! Ләббай!

316-жаттығу: одағайларды тауып, түрлерін ажырату

«Одағайды сен тап, басқасын біз айтайық!» — әр сөйлемдегі одағайды анықтап, тиісті түріне жіктеңдер.

  1. 1) … келгенің жақсы болды ғой!
  2. 2) … Айдос, бері қарашы!
  3. 3) … сен не істеп қойғансың?!
  4. 4) … жауыннан бұрын кетіп қалмаған екенбіз!
  5. 5) … нағыз әнші мұнан шықты, міне!
  6. 6) … ондай сөзді айтпа!
  7. 7) … осынша кешіккендерің-ай!
  8. 8) … Беріктің бет-аузын қара!

Терме диктант

Мәтінді тыңдап, одағайларды теріп жазыңдар. Тыныс белгілеріне назар аударыңдар.

Ой, арам қат, арам қатқыр!

Танау құрт келгір!

Ойбай-ау, енді қайтейін, ойбай!

Құдайы құрғыр, қу құдай!

Әй, иттің ғана малы-ай, шашымды ағарттың-ау, ойбай!

С. Мұқанов

Қысқа үлгілер

— Оһо, қарашы, ата!

— Бәрекелді! Міне, нағыз жігіт!

Қорытынды және үй тапсырмасы

Сабақ қорытындысы

Сабақ қорытындыланып, оқушылардың жұмысы бағаланады.

Үйге тапсырма

  • Одағайға қатысты диалог құру.
  • 317-жаттығу: көркем әдебиеттен одағай түрлеріне мысалдар жазып келу және тыныс белгілерін түсіндіру.