Сауда саласындағы мамандықтар
Сыныбы: 9
Тамақ және жеңіл өнеркәсіп саласындағы мамандықтар. Сауда саласындағы мамандықтар
Сабақ: презентация арқылы
Сабақтың мақсаты
- Білімділік: тамақ және жеңіл өнеркәсіп, сондай-ақ сауда саласындағы мамандық түрлері туралы түсінік қалыптастыру.
- Тәрбиелік: пәнге қызығушылықты арттыру, ел дамуына үлес қоса алатын маман болуға тәрбиелеу.
- Дамытушылық: мамандық таңдауға қатысты ойды жүйелеу, мақсат қоя білу дағдысын дамыту.
Сабақтың сипаттамасы
- Типі
- Жаңа сабақ
- Түрі
- Аралас сабақ (ойын элементтері)
- Әдістері
- Түсіндіру, сұрақ-жауап, талдау
Ресурстар мен байланыстар
Көрнекілігі
Слайд, тірек сызбалар, тест
Пәнаралық байланыс
Сызу, география, қаржы сауаттылығы, психология
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен сәлемдесу
- Оқушыларды түгендеу
- Назарды сабаққа аудару
II. Үй тапсырмасын пысықтау
Сұрақ-жауап-
1) Мамандықты қандай талаптарға қарай таңдау керек?
Таңдаған мамандық адамға ұнауы, оны атқаруға қабілеті болуы және еңбек нарығында сұранысқа ие болуы қажет.
-
2) Америкалық психолог Д. Холланд кәсіби ортаны неше типке бөледі?
Алты типке: реалистік, зерттеушілік, артистік, әлеуметтік, кәсіпкерлік, кеңселік.
-
3) Реалистік типке сипаттама бер.
Реалистік типке құнтты, ұқыпты, ұтымды, дағдылы іспен айналысатын адамдар жатады.
-
4) Е. Климов кәсіби ортаны неше типке бөледі?
Бес типке: адам – табиғат, адам – техника, адам – өнер, адам – белгілі жүйе, адам – адам.
-
5) «Адамның кәсіби ортаға сәйкестігі еңбек жолында табысқа жетудің кепілі» деген теорияны кім ұсынды?
Америкалық психолог Д. Холланд.
Миға шабуыл
Берілген мамандықтарды Климов типтері бойынша бөліңіз.
Мамандық үлгілері
Агроном, фермер, токарь, дәрігер, шахтер, биолог, сатушы, бағбан, мұғалім, жолсерік, бағдарламашы, суретші, кассир, дизайнер, инженер, банкир, ғалым, жазушы, фотограф.
1) Адам – табиғат
Агроном, фермер, биолог, бағбан.
2) Адам – техника
Токарь, шахтер, инженер.
3) Адам – адам
Дәрігер, сатушы, жолсерік, мұғалім.
4) Адам – белгілі жүйе
Бағдарламашы, банкир, кассир, ғалым.
5) Адам – өнер
Фотограф, жазушы, суретші, дизайнер.
Жаңа сабақ: салалар мен мамандықтар
Тамақ өнеркәсібі
Тамақ өнеркәсібі халықты азық-түлікпен қамтамасыз ететін өндірістерді қамтиды. Бұл саладағы мамандықтарға кондитер, инженер-технолог, технолог жатады.
Технологтың жауапкершілігі
Технолог шикізатты қабылдаудан бастап, өнімді қаптап, дүкендерге жөнелтуге дейінгі барлық кезеңге жауап береді. Бұл мамандық жан-жақты білім мен мұқияттылықты талап етеді.
Макарон өнімдерін өндіретін технологтар кондитерлік фабрикаларда, наубайханаларда және зауыттарда жұмыс істей алады.
Жеңіл өнеркәсіп
Жеңіл өнеркәсіпке иіруші, тоқымашы, конструктор-модельер, суретші-модельер, пішуші, тігінші сияқты мамандықтар жатады.
Негізгі салалары
- Тігін
- Тоқыма
- Трикотаж
Өндіріс бағыттары
- Аяқкиім өндірісі
- Былғары-галантерея бұйымдары
Сауда саласы
Сауда — өндіріс пен тұтыну салалары арасындағы тауар айналымын жүзеге асыратын шаруашылық саласы. Сауда саласындағы мамандықтарға: сатушы-консультант, азық-түлік сатушысы, сауда өкілі, мерчендайзер, сауда агенті, сатылым менеджері, контролер-кассир және т.б. кіреді.
Сатушы-консультант
- Тауар түрлерін таныстырып, қасиеттерін түсіндіреді.
- Сатып алынған заттың жалпы құнын шығарып, чекті тексереді.
- Сөрелерді тауармен уақытылы толықтырады.
Сауда өкілі
Шағын көтерме тауарларды дүкендерге, дәріханаларға, супермаркеттерге жеткізу бойынша келісімшарт жасайды.
Мерчендайзер
Өнімдер мен жарнамалық материалдарды фирмалар мен дүкендерде дұрыс орналастыруды ұйымдастырады.
Сауда агенті
Жылжымайтын мүлік саудасымен немесе сақтандыру қызметімен айналысуы мүмкін; жалпы алғанда, тауарды/қызметті тікелей тұтынушыға сатуға бағытталады.
Көтерме сауда менеджері
Тауардың өте үлкен партиясын сатумен айналысады (мысалы: құрылыс материалдары, металлопрокат, дәнді дақылдар, бөлшектер және т.б.).
Жаңа түсініктер: сөздікпен жұмыс
Кондитер
Кәмпит, торт және басқа да тәтті тағамдарды әзірлейтін маман.
Трикотаж
Жіптің тұзақталып, өзара айқасуы арқылы тоқылған тоқыма мата.
Галантерея
Ұсақ-түйек бұйымдар өндіретін кәсіпорын (фабрика) және сол бұйымдар тобы.
Конструктор
Бұйымның конструкциясын жасайтын, жобалайтын және құрастыру шешімдерін әзірлейтін маман.
Модельер
Сәнді бұйымның үлгісін жасап, моделін әзірлейтін маман.
Иіруші
Жүннен немесе мақтадан жіп есіп, ширататын маман.
Түсінуді тексеру
-
1) Тамақ өнеркәсібіне тән мамандықтарды ата.
Кондитер, инженер-технолог, технолог.
-
2) Иіруші дегеніміз кім?
Жүннен, мақтадан жіп есетін және ширататын маман.
-
3) Сауда өкілінің міндеті қандай?
Шағын көтерме тауарларды дүкендерге, дәріханаларға, супермаркеттерге жеткізу туралы келісімшарт жасау.
-
4) Жеңіл өнеркәсіпке қандай салалар жатады?
Тігін, тоқыма, трикотаж, аяқкиім өндірісі, былғары-галантерея бұйымдары.
-
5) Шарап ашытушы технолог қандай пәндерді білуі керек?
Физика, химия, биология.
Сабақты бекіту
-
1) Сауда саласындағы мамандықтарды ата.
Сатушы-консультант, сатушы, сауда өкілі, сауда агенті, контролер-кассир, мерчендайзер, сатылым менеджері.
-
2) Галантерея дегеніміз не?
Ұсақ-түйек бұйымдар өндіретін фабрика және сол бұйымдар тобы.
-
3) Мерчендайзер қандай қызмет атқарады?
Өнімдер мен жарнамалық материалдарды фирмалар мен дүкендерге орналастырумен айналысады.
-
4) Сауда процесінде қанша адам өзара қарым-қатынас жасайды?
Екі адам: сатушы мен сатып алушы.
-
5) Жеңіл өнеркәсіпке тән мамандықтарды ата.
Тоқымашы, конструктор-модельер, суретші-модельер, пішуші, тігінші, иіруші.
Қорытынды бөлім
Тест тапсырмалары және сабақтың келесі қадамдары
Тест
-
1) Мамандықты меңгерген адамды қалай атайды?
а) маман; б) мамандық; в) кәсіпкер.
-
2) Ұстамдылық қандай кәсіп иесіне қажет?
а) суретші; б) сатушы; в) әнші.
-
3) Тауар түрлеріне және оның қасиеттеріне сипаттама беретін маман:
а) маклер; б) контролер-кассир; в) сатушы-консультант.
-
4) Жүннен, мақтадан жіп есуші, ширатушы:
а) тоқымашы; б) иіруші; в) тігінші.
-
5) Адам – өнер типіне жататын маман:
а) сатушы; б) агроном; в) дизайнер.
-
6) Сатушыға қандай талап қойылады?
а) шеберлік; б) шыдамдылық; в) күш иесі.
Бағалау
Оқушылардың жауаптары мен белсенділігіне қарай бағалау жүргізіледі.
Үй тапсырмасы
- Тақырыпты қайталау: тамақ және жеңіл өнеркәсіп, сауда саласындағы мамандықтар.
- «Мен таңдаған мамандық» тақырыбында эссе жазу.
Мұғалім тәжірибесінен: технология сабағының тәрбиелік мәні
Неліктен бұл пән маңызды?
Технология сабағы оқушыларды жеке тұлға ретінде қалыптастыруда маңызды орын алады. Ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, сәндік-қолданбалы өнер, тағам әзірлеу технологиясы сияқты тақырыптар арқылы оқушылар белгілі бір кәсіпке бейімделіп, еңбекке көзқарасын қалыптастырады.
Сабақ барысында «еңбек ету — әр адамның міндеті» екенін үнемі еске салып отыру оқушылардың жауапкершілігін арттырады.
Ашық сабақтан байқаулар
9-сыныпта «Тамақ және жеңіл өнеркәсіп саласындағы мамандықтар» және «Сауда саласындағы мамандықтар» тақырыптарында ашық сабақ өткізілді. Оқушылар өз таңдаған мамандықтары және оны не үшін таңдағаны туралы пікірлерін еркін айтты.
Мысалы, Малтабар Алмат ауылдық жерде көпшілік мал шаруашылығымен айналысатындықтан, осы бағыттағы мамандықты таңдағысы келетінін және ауру малдарды емдеу арқылы қоғамға үлес қосуды мақсат ететінін жеткізді.
Ұлттық мұрамен ұштастыру
Сабақта және сыныптан тыс іс-шараларда қазақтың ұлттық тағамдары, киімдері, бұйымдары туралы сұрақтар қойылып, практикалық тапсырмалар беріледі. Мысалы: құрақ құрау, киіз үйдің макетін жасау, текемет оюларын ойып әзірлеу.
Сонымен бірге ұршық иіру, жүн тұту, сабау сияқты ата-бабадан қалған дәстүрлі еңбек түрлерін тәжірибеге енгізу — ұлттық құндылықтарды сақтаудың тиімді жолы.
«Ас — адамның арқауы» демекші, салат әзірлеу мен тәтті тағамдар дайындауда да оқушылар өз шеберліктерін көрсетеді. Атап айтқанда: Пернебай Сәния, Есболат Аружан, Сайынбай Үміт, Жұман Нұрлан, Майлыбай Рүстем және басқа оқушылар белсенділік танытты.
Ұлттық бұйымдар мен тағамдар тақырыптарында реферат жаздыру оқушыларды ізденімпаздыққа, материалды жан-жақты зерттеуге, талдауға және қорытынды жасауға үйретеді. Мұндай жұмыс ұлттық дүниелерді есте сақтауға да ықпал етеді.
Пайдаланылған әдебиеттер
-
1. «Мектептегі технология», №7, 2010 жыл.
-
2. «Мектептегі технология», №11, 2011 жыл.
-
3. «Еңбекке баулу пәнін оқыту әдістемесі. 1–4 сынып». Күнпейіс Жұмахан. Алматы: Дарын, 2005 ж.
-
4. Интернеттен алынған материалдар.