Сақтаған файлыңды дискетке сал
Сабақтың тақырыбы
Бумалар, файлдар және дискілермен жұмыс жасаудың негізгі командалары.
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Оқушыларға файл ұғымын, файл типтерін, бумаларды және олардың түрлерін, дискілермен жұмыс істеуді, сондай-ақ дискілерді форматтауды үйрету.
Дамытушылық
Оқушылардың есте сақтау және зейін қою қабілеттерін дамыту, пәнге қызығушылығын арттыру.
Тәрбиелік
Техникалық ұқыптылыққа және шапшаңдыққа тәрбиелеу.
Сабақтың түрі, әдісі және көрнекілігі
Сабақтың түрі
Жаңа сабақты меңгерту.
Сабақ әдісі
- Баяндау
- Сұрақ–жауап
- Көрсету
- Түсіндіру
Көрнекілігі
- Компьютер
- Дискета
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылармен амандасу, түгелдеу және сабаққа назарын аудару.
II. Үй тапсырмасын тексеру
Өткен тақырып бойынша сұрақтар арқылы білімін анықтау.
III. Жаңа сабақ
Файл ұғымы
Файл — бұл жеке атауы бар байттар тізбегі. Файл бағдарлама да, құжат та болуы мүмкін. Әрбір файлдың өзіндік атауы болады.
Файл атауының құрылымы
- Файл атауы екі бөліктен тұрады: сол жақ бөлік және оң жақ бөлік (кеңейтілімі); арасы нүктемен бөлінеді.
- Оң жақ бөлігі (кеңейтілім) көбіне 3 таңбадан тұрады.
- Сол жақ бөліктің ұзындығы 1-ден 255 таңбаға дейін болуы мүмкін.
Файл атауын бергенде мына таңбаларды қолдануға болмайды: ? : * < >
Бумалар (қапшықтар) және олардың түрлері
Бумалар екіге бөлінеді: жүйелік бумалар және жұмыс бумалары.
Жүйелік бумалар
Бұл бумаларға өзгеріс енгізу жүйенің дұрыс жұмыс істемеуіне немесе тоқтап қалуына әкелуі мүмкін. Мысалдар: Windows, Program Files және бағдарламалардың өзі құратын қызметтік бумалар.
Жұмыс бумалары
Пайдаланушы өзі құратын немесе оған арнап құрылған бумалар. Мысал: Менің құжаттарым.
Жаңа бума құру
Жаңа бума құру үшін Создать → Папку командасын орындаймыз. Буманың ішінде басқа бумаларды құруға болады — бұл құрылым шексіз деңгейге дейін жалғасады.
Файлды (немесе буманы) іздеу
Егер файлдың немесе буманың нақты атауы есіңізде болмаса, терезеден қолмен іздеу тиімсіз. Мұндайда іздеу құралын қолданамыз.
Атауы және орналасуы
Әдетте үнсіз келісім бойынша Имя и местонахождение қосымшасы ашылады. Осы жерден атау бөлігін және іздеу орнын көрсетеміз.
Күні бойынша
Дата қосымшасын белсенді етіп, қажетті параметрлерді орнатыңыз. Соңғы айлар немесе күндер бойынша да іздеуге болады.
Типі және өлшемі бойынша
Дополнительно қосымшасын белсенді етіп, типі мен өлшемін көрсетіңіз де Найти батырмасын басыңыз.
Желіге қосылған компьютерді табу
Іздеу тізбегін орындап, Имя өрісіне компьютердің атауын енгізіңіз. Содан кейін Найти батырмасын шертіңіз.
Дискілерді форматтау
Дискіні форматтау — оның ішіндегі барлық мәліметті өшіру деген сөз.
- Менің компьютерім терезесін ашыңыз.
- A: дискісінің белгісінде тышқанның оң жақ батырмасын басыңыз.
- Динамикалық мәзірден Форматтау командасын таңдаңыз.
Толық форматтау
Форматтау барысында дискідегі барлық мәлімет толық өшіріледі. Әдетте жаңа дискілерге қолданылады.
Жылдам форматтау
Бұл режимде де дискідегі мәлімет өшіріледі, бірақ процесс жылдамырақ орындалады.
Ескерту: форматтауды бастамас бұрын маңызды файлдардың сақтық көшірмесін жасаңыз.
IV. Компьютермен жұмыс (практика)
Оқушыларды екі топқа бөліп, тапсырмаларды орындаймыз.
I топ тапсырмасы
- Жұмыс үстелінен бума ашыңыз.
- Бумаға Файл деген ат беріңіз.
- Блокнот бағдарламасын ашып, «Қазақстан» тақырыбында бір сөйлем жазыңыз.
- Мәтінді сақтаңыз.
- Осы файлды Файл бумасына салыңыз.
- Қазақстан атты файлды іздеңіз.
- Сақтаған файлыңызды дискетке көшіріңіз.
II топ тапсырмасы
- Менің құжаттарым бумасының ішінен жаңа бума ашыңыз.
- Бумаға Бума деген ат беріңіз.
- WordPad бағдарламасын ашып, «Туған жер» тақырыбында қысқа мәтін жазыңыз.
- Мәтінді сақтаңыз.
- Осы файлды Бума атты бумаға салыңыз.
- Туған жер атты файлды іздеңіз.
- Сақтаған файлыңызды дискетке көшіріңіз.
V. Қорыту
Сөзжұмбақ арқылы қорытындылау.
VI. Бағалау
Әр оқушыға фишка таратылып, сол арқылы бағаланады.
VII. Үй тапсырмасы
Бумалар мен файлдарды іздеу тақырыбын оқу және қайталау.
Файл типтері: бағдарламаны және құжатты ажырату
Компьютер файлдың бағдарлама екенін немесе құжат екенін оның типіне (кеңейтіліміне) қарап анықтайды. Егер файл кеңейтілімі .exe немесе .com болса, ол — бағдарлама.
Негізгі құжат файлдарының типтері
Төмендегі кеңейтілімдер файлдың қандай қолданбаға қатысты екенін білдіреді.