Анықтамаларды жаздырту
Тұсбағар (Дүниетану, 2-сынып)
Бұл сабақта оқушылар жергілікті жерде тұсбағар және план арқылы бағдарлауды үйренеді, көкжиек тұстарының бағыттарын және азимутты анықтау тәсілдерін меңгереді.
1) Білімділік
Оқушыларға жергілікті жерді тұсбағар және план арқылы бағдарлауды үйрету; көкжиек тұстарының бағыттарын, азимутты анықтау жолдарын меңгерту.
2) Дамытушылық
«Жайдан — күрделіге» қағидатына сүйене отырып, оқушының белсенділігін арттыру; өздігінен білім алуға, алған білімін өмірде қолдануға, тапсырманың шешімін тез табуға дағдыландыру; бағдарлау туралы түсінігін тереңдету.
3) Тәрбиелік
Ұлттық тәлім-тәрбие құндылықтарын (үлкенді тыңдау, адамгершілік, ұйымшылдық, тапқырлық) қалыптастыру; табиғат сұлулығын тануға, оны аялауға және қорғауға, туған өлкеге сүйіспеншілікті оятуға ықпал ету.
Тірек білімі
Оқушылардың көкжиек және көкжиек тұстары туралы бастапқы түсінігі.
Негізгі ұғымдар
- бағдарлау
- азимут
- тұсбағар
- план
Психологиялық ахуал
Психологиялық дайындық
Біз балдырған баламыз, Құстай қанат қағамыз. Дүниені аралап, Оқып білім аламыз.
Ұйымдастыру
Оқушылар шеңберге жиналып, мұғаліммен бірге бүгінгі сабаққа сәттілік тілейді.
Қызығушылықты ояту
Сұрақтарға жауап алынғаннан кейін үнтаспадан Ы. Алтынсариннің «Бай мен жарлы баласы» шығармасынан үзінді тыңдатылады. Осыдан соң проблемалық сұрақ қойылады:
Сұрақ:
Үсен көшті табу үшін жергілікті жердің қандай белгілеріне сүйенді?
Оқушылардың ықтимал жауаптары:
- Малдың жас тезегін тауып алуы.
- «Молалы жерде ел болады» деген белгіге сүйенуі.
- «Құс ұшқан жерде көл болады, көлді жерде ел болады» деген тұжырымды ескеруі.
Жарлы баласы Үсен өзінің тұрған орнын және жүру бағытын осы белгілер арқылы анықтай алған.
Мағынаны тану
1) Бағдарлау ұғымы
Бағдарлау — көкжиек тұстарын, бақылаушының өз тұрған орнын және жүру бағытын анықтау.
Бағдарлаудың екі түрі бар:
- Белгілі жерде бағдарлау — үйреншікті дағды арқылы жүру (әдетте арнайы құрал қажет емес).
- Белгісіз жерде бағдарлау — жолды дәл табу үшін тұсбағарды қолдану.
Азимут деген не?
Азимут — солтүстік бағыты мен белгілі бір нысанға (немесе жүру бағытына) дейінгі бағыт арасындағы бұрыш. Азимут араб тіліндегі «ас-сумут» — «жол» деген мағына береді. Азимут A әрпімен белгіленеді.
Негізгі ереже
Азимут бағыты әрдайым сағат тілінің айналу бағытымен өлшенеді: 0°-тан 360°-қа дейін.
Шеңбер туралы еске түсіру
Шеңбердің градустық өлшемі — 360°. Әр ширек бөлігі — 90°.
Азимутты өлшеу үшін транспортир пайдаланылады: шеңбердің тиісті бөлігін анықтап, бұрыш өлшенеді (мысалы, 275° — IV бөлікке, 200° — III бөлікке сәйкес келеді).
2) Дәптермен жұмыс (анықтамалар)
- Бағдарлау — көкжиек тұстарын, бақылаушының өз тұрған орнын және жүру бағытын анықтау.
- Тұсбағар — жүретін жолды дәл анықтауға көмектесетін құрал.
- Азимут — бақылаушы тұрған нүкте меридианының солтүстік басынан діттеген бағытқа дейінгі бұрыш (0°–360°).
Топтарға тұсбағар беріліп, тақтадағы сурет арқылы оны пайдалану тәсілі көрсетіледі. Сыныптағы солтүстік бағыты анықталып, тәжірибе орындалады.
Сергіту сәті
Орманда кірпі келеді, Саңырауқұлақ тереді. Кездесті, міне, керегі: Екеуі қайың астынан, Біреуі терек қасынан. Қанша олар болмақ, есепте, Тоқылған салса себетке?
Бұл сәтте оқушылардың ойы сергіп, шаршағаны басылады.
Ой толғаныс (шығармашылық тапсырмалар)
Ережесі берілген тапсырмалар топтарға бөлініп орындалады.
1-топ
Ережені есте сақта:
Азимут магнит тілінің солтүстік басынан сағат тілінің айналу бағыты бойынша 0°-тан 360°-қа дейін есептеледі.
Сызба бойынша азимутты анықта:
Мысалы: A°(СШ) = 90° : 2 = 45°
- A°(ОШ) = 90° + ?
- A°(ОБ) = 180° + ?
- A°(СБ) = ? − 45° = ?
2-топ
Ережені есте сақта:
Азимут магнит тілінің солтүстік басынан сағат тілінің айналу бағыты бойынша 0°-тан 360°-қа дейін есептеледі.
Транспортирді пайдаланып, суреттегі заттардың бағыттарын және азимуттарын анықта.
3-топ
Ережені есте сақта:
Азимут магнит тілінің солтүстік басынан сағат тілінің айналу бағыты бойынша 0°-тан 360°-қа дейін есептеледі.
Картада және планда арнайы бағытпен солтүстік көрсетілмесе, онда: жоғарғы жағы — солтүстік, төменгі жағы — оңтүстік, оң жағы — шығыс, сол жағы — батыс.
Қызылорда қаласының планынан мектептің тұрған орнын анықта. Тұсбағардың көмегімен мектептен вокзал қай бағытта және қандай азимутта орналасқанын тап.
Жаңа сабақты бекіту
«Кім жылдам?» ойыны
- Ортаға 4 оқушы шығады. Ойша бетіңді солтүстікке қарат. Сонда арт жағың — ______, сол жағың — ______, оң жағың — ______. Жаттығу оқушылар толық меңгергенше қайталанады.
- Жердің солтүстік полюсінің үстінде бағдар беретін қандай жұлдыз орналасқан?
- Сырдария өзенінің қай бағытта ағып жатқанын қалай білуге болады?
Үй тапсырмасы
Мазмұндау. Үй тапсырмасы күнделікке жазылады.
Бағалау
Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау жүргізіледі. Оқушылар бағалау парақшасын толтырады.