Тіл - билік, үлкен саясат

Алматы облысы, Райымбек ауданы

Ақтасты орта мектеп мектепке дейінгі шағын орталығымен коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі: Сабырбекова Гүлбақыт

Тіл — «Мәңгілік Ел» идеясының басты негізі

Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алғанына 25 жыл толады. Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек. Қазақстан – 2050 — «Мәңгілік Елге» бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол. Осы жолдан айнымайық, қадірлі халқым!

Нұрсұлтан Назарбаев

«Елбасы 2014 жылғы Жолдауында қазақ елінің ұлттық идеясы — “Мәңгілік Ел” ата-бабамыздың сан мыңдаған жылдар бойғы асыл арманы екенін атап өтті».

Ұлттық арманның ақиқаты

Бұл арман — әлем елдерімен терезесі тең, халықаралық қатынаста өз орны бар Тәуелсіз мемлекет болу; тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты елге айналу еді. Біз бұл арманды ақиқатқа айналдырдық: «Мәңгілік Елдің» іргетасын қаладық.

Қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауал жиі көтеріледі. Болашағымызға бағдар беріп, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея — «Мәңгілік Ел» идеясы.

Бірлік — идеяның өзегі

«Мәңгілік Ел» идеясын ұлттық идеологияның негізгі факторы ретінде қарай отырып, оны барлық қазақстандықтар қолдайтын ортақ ұстанымға айналдыру — бүгінгі кезеңнің маңызды міндеті. Бұл ұстаным әлеуметтік, этностық және діни бірегейлікті қамтамасыз етуі тиіс.

«Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының негізгі іргетасы — бірлік. Бірлік — елдің рухани тұтастығы, халықтың мәдени, тілдік, ділдік және ақпараттық кеңістікке ортақтастығы. Қазақстандықтардың әлеуметтік, мәдени, рухани бірегейлігін дамыту — ұлттық идеологияны нығайтудың басты шарты.

Тәуелсіздікті бекемдеген нақты қадамдар

«Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған күннен бері іске асырып келеді. Бұл бағыт тарихи сананы қалыптастыруға және дамытуға қызмет етті. Сол алғашқы маңызды қадамдардың бірі — Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекара туралы Заңы. Оны «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асырудағы нық қадам ретінде қабылдауға болады.

Ішкі тұрақтылық және келісім

«Мәңгілік Ел» идеясының келесі тұғыры — елдің ішкі тұрақтылығы, халықтар арасындағы достық, татулық және өзара сыйластық. Этносаралық және дінаралық келісім — Қазақстан дамуының басты тірегі. Тек тату, бірлігі жарасқан ел ғана алға қойған мақсат-мұраттарына жете алады.

Мемлекеттік тіл — «Мәңгілік Ел» идеясының өзегі

«Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру белгілі бір құндылықтар жүйесіне сүйенеді. Сол құндылықтардың ішіндегі ең маңыздысы — қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде нығайту және қазақстандықтардың үш тілде еркін сөйлеуіне жағдай жасау. Мемлекеттік тіл — «Мәңгілік Ел» идеясының негізі, өзегі.

Тілдің қоғамдағы рөлі

Мемлекет билігінің құдіреті мен күш-қуаты — мемлекеттік тілде сөйлеу мәдениетімен өлшенеді. Мемлекет қай тілде сөйлесе, сол тілдің мәртебесі әрдайым үстем болады.

Тіл — мәдени код

Тіл — ұлттың мәдени коды: ойлау жүйесінің, танымның, дүниеге қатынастың және құндылықтарды бағамдаудың тұғырнамасы. Тіл — билік пен үлкен саясат кеңістігі.

Ана тілін құрметтеу — ұлттық намысты оятудың және жаңғыртудың қайнар көзі. Осы жолда тілдік әрі ақпараттық кеңістік қауіпсіздігін қамтамасыз ету — ел тәуелсіздігін қорғаудың негізгі ұстанымдарының бірі.

Жастар және патриотизм

«Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыратын әрі оны одан әрі дамытатын — бүгінгі жастар. Жастар ұлттық идеяны ілгерілету үшін өз Отанын сүйетін ұлтжанды, патриот болуы керек. Патриотизм қазақстандық жастар үшін этностарды біріктіретін қуатты күш ретінде мойындалуға тиіс.

Ел мәртебесі мен мемлекет тұтастығы әділеттілік, өзара ынтымақтастық және сыйластық негізінде ғана бекиді.

Зиялы қауымның жауапкершілігі

«Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруда ұлт зиялыларына жүктелер міндет ауыр. Сол зиялы қауымның алдыңғы қатарында — ұстаздар. Ұрпақтың жұлдызын жағып, танымын кеңейтетін негізгі күш — білім.

Білім — қоғам мүддесі

Ілім мен ғылым — қоғамдық мүдде. Өркениеттің өлшемі де, мемлекеттің келешегі де қоғамдағы білім деңгейіне тәуелді. Жастарды білім машығын игеруге, алған білімін күнделікті өмірде және «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыруда тиімді қолдануға баулу — жарқын болашаққа бастайтын жол.

Біз ХХІ ғасырдың Қазақстан үшін «Алтын ғасырға» айналуына сүбелі үлес қосу жолында аянбай қызмет етуіміз керек.

Мектептегі тіл мерекелері мен іс-шаралар

Мектеп көлемінде

  • «Тіл — өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем» тақырыбында тіл мерекесі
  • «Ана тілім — асыл мұра» тақырыбында апталық
  • «Тіл — Тәуелсіздік тірегі» атты қазақ тілінің онкүндігі

Кітапхана және сынып сағаттары

  • «Тіл — халық тарихы, ұлт жаны» тақырыбында көрме
  • Бастауыш сыныптарға: «Ана тілім — дана тілім, бақ тілім» ертеңгілігі
  • «Тілім менің — ертеңім» поэзия сағаты
  • 5–11 сыныптарға: «Тіл тағдыры — ел тағдыры» тәрбие сағаты
  • «Тіл мәдениеті — адамдық мәдениеттің бөлшегі», «Тіл — қымбат қазына» тақырыптарында баяндама

Қорытынды ой

Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды. «Мәңгілік Ел» болу жолындағы игі істеріміз арта берсін.