Ғани аға
Мақсат
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қазалы ауылы №9 “Балауса” балабақшасының тәрбиешісі Оразбай Ләззат.
Бұл тәрбие сағатының негізгі мақсаты — балаларға Ғани Мұратбаевтың өмірі мен өнегесін ұлағат етіп жеткізу, оның қазақ халқының тарихындағы ерекше орнын ұғындыру. Ғанидың біртуар тұлға, ел үшін еңбегі орасан зор қайраткер екенін таныту, шыққан ортасы туралы мағлұмат беру.
Ашық тәрбие сағаты туралы
Бүгінгі ашық тәрбие сағаты Балдырған тобында “Қатынас” саласы бойынша көркем сөзді жатқа айтуға бағытталады. Сайыс басталар алдында Ғани Мұратбаев туралы қысқаша мәлімет ұсынамын.
Биыл Қазақстан мен Орта Азия жастарының жалынды жетекшісі, көрнекті қоғам қайраткері, ХХ ғасырдың ірі тұлғаларының бірі — Ғани Мұратбаевтың туғанына 110 жыл толады.
Ғани Мұратбаев — ұлт жастарының жарық жұлдызы
Қысқа ғұмыр, үлкен еңбек
Небәрі 23 жыл ғана өмір сүрген Қазалы топырағының ұлы перзенті Ғани туған халқының жарқын болашағы үшін тағдыр тауқыметіне қасқая қарсы тұрып, жанкештілікпен еңбек етті. Оның ерлік істері туралы айтсақ та, тауыса алмайтынымыз — ақиқат.
Ел ісіне ерте араласуы
- 16 жасынан бастап қоғамдық-саяси өмірге белсене араласты.
- 1918 жылы азамат соғысы басталғанда жастарды Қызыл Армия қатарына шақырды.
- 1920 жылы Түркістан комсомолы Орталық Комитетінің мүшелігіне сайланды, қазақ-қырғыз жастары арасында жұмыс істейтін бюроның төрағасы болып тағайындалды.
- Жетісуда комсомол ұйымының негізін қалауға атсалысты.
Жауапты қызметтері мен марапаты
Ғани Мұратбаев Түркістан коммунистік партиясы Орталық Комитеті бюросының мүшелігіне кандидат, РКСМ Орталық Комитеті бюросының мүшесі, Коммунистік Жастар Интернационалы Атқару Комитетінің Шығыс бөлімінің меңгерушісі сияқты жауапты қызметтер атқарды.
Біздің тағы бір мақтанышымыз: Ғани Мұратбаев РСФСР әскери-теңіз флотының Құрметті теңізшісі болған. Ерен еңбегі үшін жастығына қарамастан Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған.
Өмір жолына әсер еткен орта
Балалық шағымда көкірегімді оятқан “Ғани Мұратбаев” атты естелік кітапты жақында қайта оқыдым. 1957 жылы Алматыда басылған бұл жинақта ұлы күрескердің бастан кешкен қиындықтары кеңінен баяндалады. Тілеш Шойынбаевтың “Ғани — халықтың ұлы” атты зерттеу еңбегі де автордың көп ізденгенін аңғартады.
Ғани төрт жасында әкесінен айырылып, жетімдіктің тауқыметін ерте тартады. Жетім бала мен жесір әйелге күн көру қиын болды, көмектесетін жанашыр ағайын да табыла қоймады. Сондықтан олар еңбек етіп, нәпақа табамыз деген үмітпен Қазалы қаласына көшіп келеді.
Анасы Бәтима апа ауыр тұрмысқа төзіп, ерте-кеш демей қара жұмыс істейді. Анасының жан азабын көріп өскен Ғани да қол қусырып отырмай, қаладағы байлардың жұмысын істеп, шешесіне сүйеу болады. Қиындыққа қарамастан, Бәтима ана Ғаниды Қазалыдағы бастауыш мектепке оқуға береді.
Мектепте жүріп орыс тілін өз ана тіліндей меңгерген Ғани орыс революционер-демократ жазушыларының еңбектерімен танысады: Чернышевский, Добролюбов, Белинский, Достоевский шығармалары оның дүниетанымын кеңейтеді.
Ғанидың тұлғалық қырлары
Күрескер, ұйымдастырушы, үгітші
Жас кезімізден үлгі тұтқан Ғанидың басты қырларының бірі — оның саяси тұлға ретінде нағыз күрескер дәрежесіне көтерілуі. Жүсіпбек Арыстановтың: “Өмірді Ғаниден артық кім жақсы көрген? Ол жеке өмірінің қамын ойлаған емес, көпшіліктің өмірін, көпшіліктің бақытын ойлаған” деген сөзі оның адамдық биігін айқындай түседі.
Ғани Ұлы Октябрь социалистік революциясының жеңісін қуана қарсы алып, партия органдарының тапсырмаларына жауапкершілікпен қарап, байлар мен буржуазияшыл ұлтшылдарға қарсы табандылықпен күресті. Осы жылдары ол Қазалының уездік кеңесіне мүше болып сайланды.
Білімге ұмтылыс және қызмет жолы
Революциялық маңызы бар жұмыстарды жүзеге асыру үшін білімнің қажет екенін түсінген Ғани 1918 жылы Ташкент қаласындағы партия және кеңес қызметкерлерін даярлайтын мектепке оқуға түседі. Большевиктер партиясы қатарына қабылданып, 1919 жылы мектепті тәмамдаған соң көптеген жастарды Лениншіл Коммунистік Жастар Одағына тартып, тәрбиелік жұмыстарға белсене кіріседі.
1916–1925 жылдар аралығында комсомол нұсқауларын, соның ішінде ұлт саясатын орындау жолында жан-тәнімен қызмет етіп, табанды большевик әрі шебер ұйымдастырушы екенін танытты.
Ғанидың мәңгілікке айналған есімі
Ғани Мұратбаев 1925 жылы 15 сәуірде Мәскеу қаласында құрт ауруынан қайтыс болды. Сол кезде РКЖО Орталық Комитеті оның қазасын қайғырып, былай деп хабарлаған:
“Ғани ескілікке, естеліктің қалдығына, ұлтшылдыққа қаны қас, жалшылар тұрмысына жайнап шыққан Шығыс елдерінің жаңа жас өмірінің бір көрнектісі еді.”
Иә, сүйікті Ғани — ерте ағып түскен жарық жұлдыз. Қанша уақыт өтсе де, жас ұрпақ Ғани Мұратбаевты ұмытпайды. Өйткені Ғани есімі — санада тірі. Оның рухы тәуелсіз еліміздің ұрпақтарын адалдыққа, имандылыққа және отансүйгіштікке тәрбиелей береді.
Балалардың арнау өлеңдері
Әлішер
Қуантқан ауыл, әр үйді, Қазалық Ғаниды. Ерлігі мен елі үшін Бүкілодақ таниды.
Гүлжайна
Ғани аға! Мен сізді көргенім жоқ. Айта алам, бірақ та көргенмін деп.
Мерей
Мен Ғанимын! Жалынмын лапылдаған, Халқым үшін мұз жамылған.
Аяулым
Сүйікті атыңды сыйлаймын жанымдай. Қайтпайтын батылдық — боламыз, Ғанидай!
Дильназ
Түн-түнекті жамылған, болашаққа бастаған. “Жаса, Ғани аға!” — деп шырқатамыз асқақ ән.
Нұрила
Мен Ғанимын! Ұлымын Қазалының, Ел-жұртыма жетеді азалы үнім. Қыршын кеттім өмірден жазамын деп, Қасіретін қазағымның.
Гүлсезім
Мен Ғанимын! Жалынмын лапылдаған, Жерім аман болсын деп армандаған.
Нұрбек
Мен Ғанимын! Шын сөздің ұстасымын. Жалын жүрек жастардың ұстазымын.
Айдана
Мен Ғанимын! Шығыстың шынарымын, Шарықтаған қияда қыранымын.
Рамазан
Ғани аға, Ғани аға — мәңгілік жанған отсың.
Дәулет
Ғани аға, Ғани аға, Өрімтал едің. Біздерді бастап ең, Арманшыл, асқақ едің.
Рауана
Ғани өлгенмен ісі бар, Біз оның ұрпағы боламыз. Меншігім — ғылымның күші бар, Сонымен Айға да қонамыз.
Мұхамедәлі
Ғани аға, жаның жарқын, Ғани деп халқың сүйген. Ел аузында өлмейді Ғани деген.
Нүрдәулет
Әр үйден көріп келеміз, Ғани атты баланы. Мұның өзі — тарих, Көп жайды еске алады.
Қорытынды
Бүгінгі “Ғани — ғасыр, Ғани — ғұмыр” атты ашық тәрбие сағатымызды аяқтаймыз. Балалар, сендер ер жетіп, үлкен азамат болғанда Ғани аталарыңды үлгі тұтып, елге қызмет ететін, білімді де тәрбиелі ұрпақ болыңдар. Өмірге жайған қанаттарың талмасын!