Ауыл қонақтары

Қазақ әдебиеті 8-сынып 1 сағат Жаңа білім беру сабағы

Төлен Әбдіковтің «Қонақтар» әңгімесі негізінде құрылған сабақ жоспары: мәтіннің идеялық өзегін ашу, кейіпкерлер әрекетін сыни талдау және ата-ана алдындағы перзенттік парыз туралы ой қорытындысын жасау.

Автор: Павлодар облысы, Павлодар қаласы, Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі — Қайрат Айсана Қайратқызы.

Сабақтың мақсаты

Білімдік

Әңгіменің идеясын тану; Төлен Әбдіковтің өмірі мен шығармашылығы туралы түсінік қалыптастыру; «Қонақтар» әңгімесінің мазмұны арқылы ата-ана мен бала қарым-қатынасына назар аударту.

Дамытушылық

Көркем мәтінді сыни тұрғыдан талдау, өз көзқарасын дәлелмен білдіру, өмірмен байланыстырып ой қорытынды жасау; түрлі әдіс-тәсілдер арқылы ойлау мен тіл байлығын, шығармашылық қабілетті дамыту.

Тәрбиелік

Ата-ана, туған жер, ел алдындағы парызды терең түсінуге баулу; адамгершілік құндылықтарды ұлықтау, кісілік қасиетті нығайту.

Күтілетін нәтижелер

  • Өздігінен оқу дағдылары қалыптасады; жаңа тақырыптың мазмұнын өз бетімен аша алады.
  • Салыстыру, талдау, дәлелдеу және ой қорыту білігі дамиды.
  • Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлау стратегиялары меңгеріледі.

Негізгі идея: ата-ана алдындағы перзенттік борышты өтеу.

Сабақтың құрылымы: кезеңдер мен әдістер

1) Ұйымдастыру және қызығушылықты ояту

Мұғалім әрекеті

  • Психологиялық жағымды ахуал қалыптастырады.
  • Оқушыларды топқа бөледі.
  • Интербелсенді тақтадан ата-анаға қамқорлық туралы бейнесюжет көрсетеді.

Оқушы әрекеті

  • Диалог арқылы пікір алмасады, болжам жасайды.
  • Проблемалық сұрақтарға жауап береді, тақырыпты айқындайды.

Проблемалық сұрақтар

  1. Бейнесюжет сіздерге қандай ой тастады?
  2. Қандай мәселе көтерілді?
  3. Осы мәселе қозғалғанда біз қандай тақырыпқа келдік?
  4. Неліктен шығарма «Қонақтар» деп аталады?
  5. Сыйлықты әдетте кімге береміз? Бұл ой бүгінгі тақырыпқа қалай жетелейді?

2) Түсіну: «Жылдар сөйлейді» стратегиясы

Оқушылар оқулықтағы жазушы туралы мәліметті жеке, жұппен және топпен оқып, негізгі кезеңдерді анықтайды.

Тапсырмалар

  • Жазушы өмірінің елеулі кезеңдерін оқып, есте сақтап, флипчартқа түсіру.
  • Мониторинг кестесіндегі жылдарды мәліметке сүйеніп «сөйлету» (ауызша).

Мұғалім қолдауы

  • Бағыт-бағдар береді, ынталандырады.
  • Тапсырма орындалуын қадағалап, нақтылайды.

3) Қолдану: мәтінмен жұмыс және семантикалық кесте

Әңгімені қаншалықты меңгергенін тексеру үшін оқушылар семантикалық кесте толтырады: берілген әрекеттерді тиісті кейіпкерлермен сәйкестендіреді.

Әдістер

  • INSERT әдісі (жеке жұмыс)
  • «Көршіңмен ақылдас» (жұптық жұмыс)

Кейіпкерлерді тану үшін мәтіндік ишаралар

  • Кемпір: ескі домбыраның шектерін арбиған саусақтарымен еріне шертіп, құлағын бұрады.
  • Сапабек: қала қыздарына тән епсіздікпен көрпенің үстінде қалай отырарын білмей, үнсіз бақылап отырады.
  • Тома: «Мама, мама, ребята идут на озеро…»
  • Жеңіс: «Геология халық тіршілігінің ең басты қажеттілігіне айналды…»
  • Аспандияр: «Талай бақтан айырылып, талай баққа қолым жетті…»
  • Ерғабыл: «Дүние бірде алдын берсе, бірде артын береді…»

Детальды (саналы) оқыту

Кейіпкерлер әрекетіне талдау жасау: Ерғабыл мен Сапабек бейнесіне кластер құру.

4) Сергіту және есте сақтау: «Қара – жап – айт – жаз – тексер»

  1. Сөздерге қараңыз.
  2. Тізімді жауып қойыңыз.
  3. Ауызша айтып шығыңыз.
  4. Есте сақтау бойынша жазыңыз.
  5. Жазғаныңызды тексеріңіз.
Ерғабыл ұлттық дәстүр ауыл ата-ана борыш Сапабек парыз міндет ата-ана ақысы қонақ бала немере келін білім-ғылым мейірім жақсылық қала дала ұлттық сана

5) Талдау: сатылай кешенді талдау және әдеби-теориялық ұғымдар

1-топ: «Қонақтар» әңгімесіне сатылай кешенді талдау

Тақырыбы:
ата-ана алдындағы борыш пен парыз.
Жанры:
эпикалық жанр — әңгіме.
Идеясы:
ата-ананы қорғау, құрметтеу, сыйлау.

Композициясы

  1. Ерғабыл ақсақалдың баласы мен немересін тағатсыздана, сағына күтуі.
  2. Байланысуы: қаладағы баласының келуі; ауыл қонақтары.
  3. Шиеленісуі: Сапабек пен әке әңгімесінің жараспауы; ауыл әуені.
  4. Шарықтау шегі: қарияның Сапабектің түсініксіз сөзін тыйып, әнді Аспандиярға ұсынуы.
  5. Шешімі: соңғы үміті орындалмаған қарияның ішкі күйі.

Кейіпкерлер

Ерғабыл шал, кемпірі, Сапабек, Тома, Жеңіс, Аспандияр, ауыл адамдары.

2-топ: әдеби-теориялық ұғымдар («Ішіне – сыртына»)

Теңеу

«Ерекең жаңа қаз тұрған балаша тәлтіректей көтерілді…»; «Сапабек балаларды өзіне қаратқан мұғалімдей…»

Эпитет

ақ шарбы бұлттар.

Синекдоха

«тұяқсыз пенде емеспіз».

Дисфемизм

алжыған, оттаған, қаңғыбас, омалып.

Мақал-мәтел

«Қара арғымақ арыса, қарға адым жер мұң болар».

Тұрақты тіркестер

  • Міз бақпады — беті шімірікпеді, бедірейіп тырп етпеді.
  • Ләм-мим демей — үндемеу (жұмған аузын ашпау).
  • Басым сынып — ауырып.
  • Шаш етектен — пайдасы мол.
  • Қолыңның қаруы бар — күшті, әлді.
  • Мызғып — аз ғана ұйықтап алу (көз шырымын алу).

Ұлттық нақыштағы сөздер

киіз үй, шапан, шаңырақ, бесін намаз, домбыра, терме, шымылдық. Әлемдік деңгейдегі ұлттық құндылық ретінде киіз үйдің орны айрықша.

Түсіндірме сөздік

  • Алагеуім — таң енді атып келе жатқан уақыт, апақ-сапақ.
  • Жолай — жолдан соғу, бара жатып кіру.
  • Шақша — насыбай салатын ыдыс.
  • Ноқта — жүген тәрізді мал басына кигізілетін әбзел.
  • Сағағы — мойын, алқым.
  • Көлегейлеп — қолын маңдайына апарып, күннен қорғану.
  • Қынжылу — реніштің жанға батуы, қиналу.
  • Қитар — бірбеткей қыңыр, қисық мінез.

3-топ: функционалдық сауаттылық (мини мәтін) және тест

Әлдеқалай шалдың көз алдына өлгеннен кейін мұны жұрттың қалай шығарып салатыны елестеді. Елестегенде, құданың құдіретімен өткендегі Айтбай шалдың сүйегін шығарғандағыдан бір айнымайды. Бірақ мұның жұртқа үлестіретін киімі одан көп екен. Аққұдық пен Сарыөзек тегіс келген секілді. Бата оқырын бергеннен кейін атпен жарысып, мүше алып қашқандар да бар. Жұрттың бәрі: «Е-е, қайран дүние кімге опа берген, бұл кісілер де кетті-ау дүниеден. Мұндай кісілер енді тумайды, тумайды», — деп аза тұтып, енді біреулері: «Шіркін, бала деген осы ғой. Сапабек әкесін қандай қып жөнелтті, ә! Ойпыр-ай, мұндай ұлы дүбірмен біздің елде әлі ешбір шал аттанбаған шығар», — десіп, таңғалысып бара жатқанға ұқсайды.

A деңгейі

  1. Шалдың көз алдына не елестеді?
  2. Жұртқа үлестіретін киімі қандай екен?

B деңгейі

  1. Тегіс келген кімдер?
  2. Нені бергеннен кейін атпен жарысып, мүше алып қашқандар болды?

C деңгейі

  1. Үзіндіге қандай атау берер едіңіз?
  2. Әке арманы орындалды ма? Неліктен?

Тәрбиелік түйін: әлпештеп өсірген ата-ананы сыйлау, құрметтеу, жүрек жылуын беру.

6) Жинақтау: сыни ойлау және PISA тапсырмасы

«Ойлан, жұптас, бірік» әдісі бойынша пікірталас: Сапабектің іс-әрекеті дұрыс па, бұрыс па? Екіжақты пікір келтіріп, дәлелдеңіз.

Ықтимал уәждер: ауылда жұмыс тапшылығы; Сапабектің оқыған, білімді болуы; білімділер — ел болашағы; баланы ауылда қалдырмау себептері (балабақша, мүмкіндік, орта); дегенмен мәселені «дұрыс/бұрыс» деп біржақты бөлуге болмайтыны; ұлттық салт-дәстүр мен ғылым-білімді тең ұстаудың қажеттілігі.

7) Шығармашылық жұмыс: «Еркін жазу»

Оқушылар әңгіменің түйінді ойларын жинақтап, ой толғау жазады. Жұмыс форматы таңдау бойынша: эссе, монолог, кейіпкерге хат, өлең.

8) Рефлексия: «Күн көзі» әдісі

Әр топ сабақтан алған әсерін күн шуағы «сәулелеріне» қысқа тіркестермен жазып қалдырады. Талқылауға арналған сұрақтар:

  • Бүгінгі сабақтың қандай шуақты сәттері есіңде қалды?
  • Қандай сезімде болдың? Қандай ой салды?
  • Қандай шешім қабылдадың? Өзіңді қалай сезіндің?
  • Автордың «Қонақтар» әңгімесін жазуына не түрткі болды деп ойлайсың?
  • Әңгіменің «Қонақтар» деп аталуы нені меңзейді?
  • Оқығаннан кейін қандай ортақ ойға келдік?
  • Әңгімедегі қай кейіпкермен кездескің келеді? Неліктен?
  • Бұл әңгімені оқи отырып өзіңе қандай тәрбие алдың?

9) Қорытынды және бағалау

Дана халқымыз ұрпаққа аманат еткен өнегені санаға сіңірсек, ата-ананы сыйлау — адамзаттық парыз екені айқын. Өмірде қуаныш пен қайғы қатар жүреді, алайда өкініштісі — кей олқылықтардың адамдардың өз қолымен жасалуы. Қазақи болмыстың өзегі — бауырмалдық, қонақжайлық, үлкенге құрмет, кішіге ізет. Кісілік қасиетіміз әрдайым биік болғай.

Үй тапсырмасы

  • «Парыз», «борыш» ұғымдары туралы қосымша мәлімет жинақтап келу.
  • «Тұжырым кестесі» стратегиясы бойынша кестені толтыру.
  • Үй жұмысын күнделікке жазып қою.