Көксерек әңгімесінің тақырыбы мен идеясын ашатын мақалды тап
Сабақтың мазмұны
Бұл сабақ Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» хикаятына арналады. Көксерек — табиғаттың тағы перзенті. Сабақ барысында жазушының қасқыр табиғатын, аң мен адам арасындағы тартысты, сондай-ақ тіршілік үшін күрестің күрделілігін суреттеудегі шеберлігі талданады.
Сабақтың мақсаттары
- Білімдік мақсат: «Көксерек» хикаятында қасқырдың тағылық жолға түсу себептерін суреттеудегі жазушының көркемдік шеберлігін таныту.
- Танымдық мақсат: аң мен адам арасындағы тартыс арқылы тіршілік үшін күрестің күрделі әрі қиын үдеріс екенін дәлелдеу.
- Тәрбиелік мақсат: табиғатты қорғай отырып, қасқырға қатысты көзқарасты қайта қарау; іскерлік пен біліктілік дағдыларын дамыту; топта бірлесіп жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыру.
Формат және тәсіл
- Сабақ түрі
- Сын тұрғысынан ойлау
- Өткізу тәсілі
- Интерактивті
- Пәнаралық байланыс
- Бейнелеу өнері
Көрнекіліктер
- Оқушылар салған суреттер
- Мұғалім дайындаған слайдтар
- Интерактивті тақтадағы тапсырмалар
Сабақтың жоспары
- I Ұйымдастыру кезеңі
- II Қызығушылықты ояту
- III Мағынаны тану (композиция, «Кубизм» әдісі, «Ғажайып шаршылар»)
- IV Ой шақыру
- V Топтастыру стратегиясы
- VI Тест
- VII Қорытынды
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру
Бүгін сабақ онлайн режимінде «Көксерек» әңгімесі бойынша өтеді. Сабаққа 7 «А» сынып оқушылары қатысады. Оқушылар екі топқа бөлінеді:
1-топ: «Арлан»
Топ басшысы: Қожамұратова Балзия
2-топ: «Көкжал»
Топ басшысы: Рахметов Думан
Әр топ ұйымшылдықпен жұмыс істеп, бір-бірін бағалап отырады. Топ басшыларына бағалау парағы беріледі.
II. Қызығушылықты ояту
Қай жазушының шығармасын алсақ та, табиғат назардан тыс қалмайды. Назар аударыңыз:
Табиғат — күллі тіршілік атаулының құтты қоныс мекені, алтын ұя, тал бесігі.
Табиғат — айналамызды қоршаған орта. Біз оқыған «Көксерек» те табиғаттың тағы перзенті. Сондықтан әр топ табиғат туралы ойларын жазып, топтастыру стратегиясы арқылы жүйелейді.
- Табиғаттың тыныштығын бұзбау керек.
- Табиғаттағы әрбір құбылыс өз орнымен, өз үйлесімімен құнды.
- Әңгімеде адамдар табиғатқа қиянат жасайды, ал қасқыр — табиғаттың ажырамас бөлігі.
- Аң-құсқа қиянат жасасақ, табиғаттың көркін келтіретін әсемдіктен айырылуымыз мүмкін.
III. Мағынаны тану
Бүгінгі талқылауымыз Көксерек пен оның айналасындағы адамдар әрекетіне құрылады. Шығарманың оқиғалық желісі (сюжеті) Көксеректің іс-әрекеті арқылы дамиды. Сондықтан алдымен композициялық құрылымына талдау жасаймыз.
А) Композициялық талдау
- 1 Басталуы: Қараадыр — қасқырлар мекені, тағылар тірлігі.
- 2 Байланысы: Адамдардың шабуылы, бөлтіріктер тағдыры, қаталдық.
- 3 Дамуы: Бөлтіріктің Көксерек атануы, адамдардан көрген жәбірі.
- 4 Шарықтау шегі: Көксерек пен Құрмаш. Баланың таза көңілі мен мейірімі.
- 5 Шиеленісуі: Көксеректің ауылдан кетуі, ұяластарымен тез табысуы, тағылардың тағылық әрекеті.
- 6 Шешімі: Құрмаштың қазасы, Көксеректің жазасын тартуы, әженің зары.
Ә) «Кубизм» әдісі
Әр топ кубиктің түскен қырына сәйкес тапсырманы орындайды.
I топ — «Суреттеңіз»
Көксеректің ауылдағы өмірі мен тағылық өмірін салыстыру.
II топ — «Қолданыңыз»
Дала тағылары мен адамдар әрекетіндегі айырмашылықты анықтау.
Б) «Ғажайып шаршылар» (сұрақ-жауап)
Оқушылар интерактивті тақтадан ұпайы бар сұрақты таңдап жауап береді. Топтар кезекпен пікір айтып, өз тұжырымын дәлелдейді.
Талқылау сұрағы
Құрмаштың өліміне Көксерек кінәлі ме?
IV–V. Ой шақыру және топтастыру стратегиясы
Енді әңгімеде көтерілген негізгі мәселе мен идеяға назар аударамыз. Ол үшін дәптерге шығарманың тақырыбы мен идеясын ашып жазамыз.
I топ
«Көксерек» әңгімесінің тақырыбы мен идеясына талдау жасау.
II топ
«Көксерек» әңгімесінің тақырыбы мен идеясын ашатын мақал-мәтел табу.
VI. Тест
Оқушылар шығарма мазмұны мен идеялық өзегін бекіту үшін қысқа тест тапсырмаларын орындайды.
VII. Қорытынды
Сабақты табиғат туралы оймен бастап едік, сол оймен аяқтайық: Жер — бәріміздің ортақ үйіміз. Ол аңға да, адамға да жетеді. Бір-бірімізге сыйластықпен қарап, табиғат заңдылығын сақтап, тату өмір сүрейік. Болашақта осындай күрделі мәселелерді шеше алатын азамат болып өседі деп сенеміз.
Тіршілік иесіміз бәріміз де,
Сүруге өмір құқылымыз әлі біз де.
Сақтайықшы табиғат заңдылығын —
Сабақ болсын Көксерек тағы бізге!
Шаттыққа шырқалса екен әніміз де!
Үй тапсырмасы
- 1 2–3 абзацтан үзінді жаттау.
- 2 «Қасқыр неге ұлиды?» тақырыбында ертегі немесе шағын әңгіме жазу.
- 3 Қасқыр туралы естіген-білген деректерді жинақтау.
- 4 Берілген монологты аяқтау.
Бізді ойландырып, пікірталасқа жетелеген — әлемге әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» әңгімесі. Жазушының шеберлігіне таң қалмай, сүйсінбей тұру мүмкін емес.
Ертеңге кәміл сенген абайлықтар,
Мұхтар мен Абай артқан талай жүк бар.
Жаз сайын құлпырғанмен мынау өңір,
Шіркін-ай, туар ма екен Абай, Мұхтар!