Қуғын - сүргін құрбандары

Сабақтың тақырыбы

Қуғын-сүргін құрбандары

Білімділік мақсаты

  • Сталинизмнің орнығуы мен жазалау шараларын түсіндіру.
  • Халық қасіретінің ауқымын ашу.
  • Қазақстанның «лагерлер өлкесі» болғанын тарихи деректермен көрсету.
  • Кеңес дәуірінде Қазақстанда салынған еңбекпен түзеу лагерлерінің тарихына шолу жасау.

Дамытушылық мақсаты

  • Шығармашылық ізденіс арқылы философиялық ойлау қабілетін жетілдіру.
  • Өз ойын жүйелі жеткізу дағдысын қалыптастыру.
  • Сөйлеу мәдениетін дамыту.

Тәрбиелік мақсаты

  • Отаншылдық сезімді күшейту.
  • Қиындыққа төзе білуге баулу.
  • Болашаққа деген сенімді жоғалтпауға тәрбиелеу.

Сабақтың әдісі

Концерттік сабақ.

Көрнекі құралдар

  • Қазақстанның картасы
  • КарЛАГ картасы
  • Қазақ зиялыларының суреттері
  • Слайд-шоу

Сабақтың барысы

1-жүргізуші

Құрметті қонақтар, ұстаздар, оқушылар! 1929–1938 жылдары аралығында қазақ зиялыларын қынадай қырған «Қуғын-сүргін құрбандары» атты кешімізді ашық деп жариялаймыз.

Кешімізді бастамас бұрын, құрбандарды бір минут үнсіздікпен еске алайық.

Ой-толғау

Қайран, қазақ елі... Жас ұрпаққа айта алмаған, жеткізе алмаған, жан дүниеңді дір еткізетін сырға, мұңға толы тарихи парақтар қаншама. Оған куә — мына жатқан кең сары дала, заңғар таулар, өзен-көлдер, құм-шөлдер, тарихи ескерткіштер: мазарлар, қираған ежелгі қалалардың орны. Ғасырлар бойы ата-бабамыздың қаны тамған топырақтың исі мүңкіп тұр.

2-жүргізуші

Қазақ халқы бұл дүниеде не көрмеді? Сонау «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманынан бастап, қойша қырылған репрессия жылдарына дейін халқымыздың осы ұлан-ғайыр далада өмір сүруі — жойылып кету қаупімен қатар жүрген кезең еді.

Репрессияның басталуы: 1928 жыл

Қазақстандағы тұңғыш репрессия 1928 жылдан басталды. 1925 жылы Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болып келген Ф. И. Голощекин республиканың саяси-экономикалық және әлеуметтік ахуалымен танысқаннан кейін: «Қазақстанға Ұлы Қазан революциясының ықпалы болмады, сондықтан мұнда “Кіші Қазан” жасау керек» деген теріс тұжырымға келіп, репрессиялық шараларды жүргізе бастады.

Алғашқы соққы ең әуелі ескі зиялыларға бағытталды. Олардың қатарында Ә. Бөкейханов, Ж. Ақбаев, Ә. Ермеков және басқалар болды.

Дәйексөз

«Қинамайды абақтыға жапқаны, қиын емес дарға асқаны, атқаны. Маған ауыр осылардың бәрінен — өз ауылымның иттері үріп қапқаны».

Ахмет Байтұрсынұлы

Оқушы монологы (Балауса)

Халқым, елім, жерім, ата-мекенім! Бірлігіміз білектің күшіндей еді ғой. Аш-жалаңаш қайда беттеп барамыз? Қара шаңырағым шайқалып, жерімнен қуылып, қайдан, кімнен пана іздейміз?

Күнім не болады, заманым не болады, ұрпағымның күні не болады? Құдіретті Жаратқан ием, қолдай көр! Бұл өмірде не жаздым, не жаздым соншама?

Найзаның ұшында, қылыштың жүзінде жүріп, ата-бабаларым қаны төгіліп қорғаған жер еді ғой!

Көрініс

Видеоролик: «Қанмен жазылған хат»

1937–1938: қасіретті жылдар

1937–1938 жылдары құрбан болғандар қатарында Алаш қайраткерлері — Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынұлы, Х. Досмұхамбетов және басқалар; сондай-ақ Қазақстанда кеңестік биліктің орнығуына ат салысқан халықшыл бағыттағы тұлғалар — С. Сейфуллин, Н. Нұрмақов, І. Жансүгіров, Б. Майлин және тағы басқа азаматтар бар. Түркішіл бағыттағы Т. Рысқұлов, Н. Төреқұлов, С. Қожанов сынды қайраткерлер де бұл нәубеттен тыс қалмады.

Олардың көзін көріп, тағылымын бойына сіңірген жаңа буын қазақшыл азаматтар өсіп шықты. Қазақ халқының қазіргі руханияты осы азаматтардың еңбегімен қалыптасты. Алайда 1940-жылдардың екінші жартысынан күшейе түскен сталиндік репрессияның үшінші кезеңі тікелей қазақ руханиятына бағытталғаны айқын байқалды.

Себебі қазақшылдар саяси тұрғыдан өзге көзқарас ұстанған жоқ: олар тіл, әдебиет, тарих сияқты руханияттың өзегін құрайтын салаларда еңбек етті. Қуғын-сүргінге олардың тарихи шындықты ашық зерттеп, айтып, дәріптеуі себеп болды. Бұл ақиқаттар қазақ халқының тәуелсіз ел болғанын, теңдессіз тарихы, әдебиеті және өркениеті бар ұлт екенін дәлелдеді.

Ұлыдержавалық мүдде үстемдік еткен, сырттай социалистік-кеңестік көрінгенімен, іштей шовинизм бел алған заманда мұндай әрекет «қылмыс» саналды. Рухани тұрғыдан ең ауыр соққы да — осы үшінші саяси қуғын кезеңі болды.

Оқушының өлең жолдары

Ойсыраған орның толмаса да,
Күтті сені қанша жыл — ел босаға.
Амал нешік?! Дәстүрден тайды халқым,
Аққуларды атуға болмаса да!

Әлде кімге білгің жақпады ма?
Әлде кімге ұлы ұғым жақпады ма?
Отызға жасы жеткен ағаларды,
Ақ-құрасын айырмай атқаны ма?

Тақырып өзегі: қуғын-сүргін құрбандары