Өлеңді оқу
Әдебиеттік оқу • 4-сынып
Сабақ тақырыбы: «Жыл мезгілдері» (Е. Елубаев)
Идеясы: «Қыс — қысыласың, жаз — жазыласың»
Оқу форматы
Топтық жұмыс • Диалог • АКТ
Сабақтың мақсаты
Бұл сабақта оқушылар табиғаттағы құбылыстар туралы жалпы және нақты түсінік қалыптастырып, жылдың төрт мезгілін ажырата білу дағдыларын бекітеді. Сонымен бірге, жыл мезгілдері жөніндегі білімдерін жүйелеп, қорытындылап, әр мезгілдің ерекшеліктерін салыстыра отырып сипаттауға үйренеді.
Білімдік бағыт
- Табиғат құбылыстары туралы түсініктерді қалыптастыру.
- Жылдың төрт мезгілін айыра білу дағдысын бекіту.
Дамытушылық бағыт
- Ойлау және есте сақтау қабілеттерін жетілдіру.
- Сөздік қорды байытып, ауызекі сөйлеу мәдениетін дамыту.
Тәрбиелік мәні
- Табиғаттың әсемдігін сезіне білуге тәрбиелеу.
- Қоршаған ортаны сүюге және қорғауға баулу.
Күтілетін нәтиже
- Тіл байлығы артып, сөздік қоры молаяды.
- Шығармашылық қиялы жүйеленіп, ойлау қабілеті дамиды.
- Тақырыпты өз бетімен меңгеріп, сұрақтарға нақты жауап береді.
- Жыл мезгілдерін ажыратып, сөз тіркестері мен сөйлем құрау дағдыларын жетілдіреді.
Әдістер мен ресурстар
Әдіс-тәсілдер
Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер, СТО, АКТ қолдану, басқару және көшбасшылық, түсіндіру, сұрақ-жауап, ой қозғау, диалог, оқу, деңгейлік тапсырмалар, топпен жұмыс, әңгімелеу.
Көрнекіліктер мен дереккөздер
«Жыл мезгілдері» презентациясы, сызбалар, кестелер. Сілтеме: оқулық, оқыту әдістемесі, интернет материалдары.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Сәлемдесу
Мейірімді жүрекпен,
Ақ пейілді тілекпен,
Наурыз тойы келгенде
Амандасып алайық.
Бір жадырап қалайық!
Топқа бөліну
Кәне, шеңбер құрайық,
Дөңгелене тұрайық.
Жасырынған сөздерден
Тобымызды табайық.
Жыл мезгілдеріне қатысты суреттер таратылады. Оқушылар суреттер бойынша өз топтарын анықтайды:
- I топ: Көктем
- II топ: Жаз
- III топ: Күз
- IV топ: Қыс
Топтық жұмысқа дайындық
- Топ ережесін бекіту.
- Топ басшысын сайлау, бағалау парағын тарату.
II. Үй тапсырмасын тексеру
Ш. Құдайбердіұлы «Еріншек» өлеңі бойынша:
- 1 Өлеңді мәнерлеп оқу.
- 2 Тақырыпқа сай мақал-мәтелдер айту.
- 3 Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін еске түсіру.
III. Жаңа сабақ
1) Жұмбақтар (топпен)
Жауаптар айтылған соң суреттер слайдтан көрсетіледі.
I топ
Бұлтты айдап желдеткен,
Нөсерлеткен, селдеткен.
Шалшық кешіп ойнайтын,
Қай мезгіл деп ойлайсың?
Жауабы: Көктем
II топ
Қойның толы жеміске,
Көк майсалы еңісте.
Көбелек қуып ойнайтын,
Қай мезгіл деп ойлайсың?
Жауабы: Жаз
III топ
Жиып-теріп болатын,
Қамбаға астық толатын.
Қызыл қырман ойнайтын,
Қай мезгіл деп ойлайсың?
Жауабы: Күз
IV топ
Шанамен зырлап желетін,
Шаңғы, коньки тебетін,
Аққала жасап ойнайтын,
Қай мезгіл деп ойлайсың?
Жауабы: Қыс
2) Топтық қорғалым
- Сурет салу.
- Сызба немесе кесте толтыру.
- Топ жұмысын қорғау, баяндау.
3) Оқулықпен жұмыс
- Тақырыппен танысу.
- Өлеңді оқып шығу (топтық тапсырма).
- Диалогтық оқу арқылы мәнерлеп оқу дағдыларын дамыту.
Автор туралы қысқаша мәлімет
Ескен Елубаев (1942 жылғы 18 ақпан) — Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Отар стансасында туған. 1958 жылы №529 теміржол орта мектебін бітіріп, 1966 жылы ҚазМУ-дың филология факультетін тәмамдаған. 1966 жылдан бастап «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде, «Жалын», «Өнер», «Балауса» баспаларында қызмет атқарған, «Балдырған» журналы бас редакторының орынбасары болған. Ең алғашқы өлеңі 1958 жылы республикалық «Ара» журналында жарияланған.
Шығармашылық деректер
- 40-тан астам кітабы қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген.
- «Балабек», «Асар» пьесалары бірқатар театрларда қойылған.
- Шығармалары мектеп оқулықтарына енген.
Сәйкестендіру тапсырмасы
Сөздерді дұрыс сәйкестендіріңіз.
Қыс
— туады
Көктем
— түседі
Жаз
— келеді
Күз
— шығады
Ескерту: Бұл тапсырма оқушының логикалық ойлауын дамытуға арналған. Мұғалім дұрыс жауаптарын талқылау арқылы нақтылайды.
Сергіту сәті
«Наурыз» әніне қимыл-қозғалыс арқылы би билеу.
Топтық тапсырмалар
I топ: Семантикалық карта
Оқиғаларды тиісті жыл мезгілімен белгілеңіз.
- Балалар аққала жасайды.
- Мал төлдейді.
- Айдар ағашқа құс ұясын жасайды.
- Трактор жер жыртып жүр.
- Аю ұйықтап жатыр.
- Тышқан, саршұнақ сияқты аңдар дәнді ініне тасиды. Тиін саңырауқұлақ кептіріп, бүр мен жаңғақ жинайды.
- Шыбын-шіркей көбейеді, құстар сайрап, көңіл көтеріңкі болады.
- Балалар көбелек қуып ойнайды.
- Бет-қол домбығып, үсік шалады.
- Байлық, молшылық, қауырт жұмыс кезеңі.
II топ: Бейнелі сөздерді табу
Мәтіндегі бейнелі сөздерді тауып, олардың мағынасын түсіндіріңіз.
III топ: Мақал құрастыру
Берілген сөздермен мақал құрастырыңыз: қазына, байлық, жер, су, алтын, мал.
IV топ: Ой қозғау
«Ақ сақалды, мылқау, сықырлап» сөздері қай мезгілге тән? Неліктен?
Байланыс: А. Құнанбаев — «Қыс».
Абайдың табиғат лирикасы
«Жазғытұрым», «Жаз», «Күз», «Қыс» өлеңдерімен танысу және бейнеролик тамашалау.
Ертегі: «Жыл мезгілдері»
Ғасыр бабаның Жыл атты жалғыз ұлы болыпты. Жылдың төрт перзенті бар екен: екі ұл, екі қыз. Үлкені — Қыс. Мінезі шатақ, бірбеткей, қыңырлау болғанымен, әкесі оны шымырлығы мен қайсарлығы үшін жақсы көріпті. Қыстың үш ұлы болыпты.
Екіншісі — Көктем. Жаны да, тәні де сұлу, сезімтал әрі көркем қыз болып өсіпті. Сол қасиеттері үшін оны көпшілік жақсы көреді екен. Көктемнің бір қызы, екі ұлы бар екен.
Үшіншісі — Жаз. Ашық-жарқын, жайдары мінезді, көңілді қыз болыпты. Адалдығымен, таңғы шықтай мөлдір пәктігімен жұртқа ұнаған екен. Оның бір ұлы, екі қызы бар еді.
Ең кенжесі — Күз. Өте ерке: кейде болмашыға ренжіп, қабағын түйіп қалады, кейде көз жасын төгіп алады екен. Дегенмен, жомарттығы мен ақкөңілдігі үшін оны бәрі жақсы көріпті. Күздің де үш баласы бар екен.
Балалары ержеткен соң, Жыл атасы оларды жинап алып: «Енді халыққа қызмет етіңдер, өз міндеттеріңді атқарыңдар. Әрқашан адам үшін еңбек етуді ұмытпаңдар», — депті. Содан бастап үш айдан тұратын төрт жыл мезгілі пайда болыпты. Жыл мезгілдерінің бір-бірінен ерекшелігі осылай қалыптасқан екен дейді.
IV. Кері байланыс
«Алты қалпақ» әдісі
- Ақ қалпақ: негізгі оқиғаны баяндайды.
- Қара қалпақ: жағымсыз іс-әрекеттерді атайды.
- Сары қалпақ: қолдайтын әрекеттерді көрсетеді.
- Қызыл қалпақ: сезім мен болжам айтады.
- Жасыл қалпақ: мүмкіндік пен жаңа идея ұсынады.
- Көк қалпақ: түйінді ойды қорытып, шешім шығарады.
12 айға тілек
Наурыз назды болсын,
Сәуір сазды болсын,
Мамыр мейірімді болсын,
Маусым мағыналы болсын,
Шілденің шырайы кірсін,
Тамыз тамылжып тұрсын,
Қыркүйек қазына жисын,
Қазан қаспақты болсын,
Қарашада қар көп боп,
Желтоқсанда жел жоқ болсын,
Қаңтар қатулы болмасын,
Ақпан ашулы болмасын.
Рефлексия
«Бас бармақ» әдісі арқылы өз деңгейін көрсету: түсіндім / әлі де сұрағым бар / қиын болды.
V. Бағалау
Бағалау парағы бойынша қорытынды баға шығару, топ басшыларының кері байланысын тыңдау.
VI. Үй тапсырмасы
Өлең мәтіні бойынша диалог құрастырып келу және мәтінді мәнерлеп оқу.
Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Күйкен орта мектебі ММ • Бастауыш сынып мұғалімі: Енсегенова Света Саясатовна