Тілім барда мақтанам
Тіл — ел тірегі
Білім беру саласы
Коммуникация
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті
Сөйлеуді дамыту
Мақсаты
Мемлекеттік тілдің маңызы туралы түсінік қалыптастыру; сан ғасырлар бойы халықпен бірге жасасып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан ауыз әдебиеті арқылы қазақ тілін балалардың бойына сіңіру. Туған жерді сүюге, қадірлеуге, бағалап мақтан етуге тәрбиелеу.
Көрнекі құралдар
ҚР мемлекеттік рәміздері, шарлар, жалаушалар
Әдіс-тәсілдер
Түсіндіру, сұрақ-жауап
Шаттық шеңбері
Балалар шеңберге тұрып, педагогпен бірге бүгінгі күндеріне сәттілік тілейді.
Сұрақ-жауап арқылы кіріспе
Балалар, қазір жылдың қай мезгілі?
Қазір жылдың күз мезгілі.
Күз айларын атаңдаршы.
Күз айлары: қыркүйек, қазан, қараша.
Бүгін бізде мереке. Қандай мереке екенін білесіңдер ме?
Бүгін — 22 қыркүйек, Тіл мерекесі.
Ана тілі — адам жаратылғалы бері жан дүниесінің айнасы, мәңгі құрметтейтін бәйтерегі.
Тіл туралы тақпақтар
Ана тілің — арың бұл, Ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте.
Ана тілім — бал тілім, Өзің барда шалқыдым. Өз тілімде ән шырқап, Термелетіп балқыдым.
Ақыл-ойын дананың Ана тілден аламын. Ана тілім ардақты — Ақ сүтіндей анамның.
Тілім барда мақтанам, Тілім — менің аппақ ән. Бірлігімді бүгінгі Ана тілім сақтаған.
Өсірген ой-білімді, Сүйем туған тілімді. Мақсат етем әр сөздің Мәнін терең білуді.
Ана тілді білмесем, Шат-шадыман күлмес ем. Жер бетінде сайраңдап, Қазақ болып жүрмес ем.
Ана тіліңді біліп қой — Еркіндігің, теңдігің. Ана тіліңді біліп қой — Мақтанышың, елдігің.
Тәрбиешінің қорытынды пікірі: Балалар, жарайсыңдар! Тіл туралы көптеген тақпақтарды жақсы біледі екенсіңдер.
Дидактикалық ойын: «Кім зерек?»
Ойын шарты
Тақтадан жануардың суреті көрсетіледі. Бала суретке қарап жануардың атын атап, сол жануардың төлінің атын да айтуы керек.
Тіл туралы мақал-мәтелдер
-
Жансая
Өнер алды — қызыл тіл.
-
Айша
Тіл қылыштан өткір.
-
Ақсана
Тіл тас жарады, тас жармаса — бас жарады.
-
Қарлығаш
Басқа пәле — тілден.
Қорытынды
Осымен Тіл мерекесіне арналған оқу іс-әрекетіміз өз мәресіне жетті.