Ана тілінде сөйлеп, оқимыз

Тілашар (1-сынып): мақсаты мен тәрбиелік бағыты

Тілашар мерекесінің негізгі мақсаты — оқушылардың тілін дамыту, қоршаған ортамен таныстыру, сондай-ақ мектеп, мұғалім, оқушы, білім және оқулық ұғымдары туралы түсінік қалыптастыру.

Сонымен бірге бұл шара оқушыларды үлкенді сыйлауға, еңбекті бағалауға, еңбекқор болуға, өз отбасын, туған жерін құрметтеуге баулиды.

Көрнекілік

Слайдтар.

Ұйымдастыру кезеңі

Мұғалімнің құттықтауы

— Бақытты балдырғандар, ардақты ата-аналар, құрметті меймандар, тілашар тойы құтты болсын!

— Мектеп есігін алғаш ашқан шәкірттерім, қадамдарың сәтті болсын!

Хор: «Мектеп»

Мектеп — қамқор анамыз,

Оқып, білім аламыз.

Өнерпаз боп өсетін,

Біз — оқушы боламыз!

Негізгі ой

Мектеп — кеме, білім — теңіз.

Оқушылардың тақпақтары

Дилназ

Кешегі сәби балаңыз,

Жарады, міне, қараңыз.

Ғылым-білім жолына,

Енді қайық саламыз.

Абылай

Біз бақытты баламыз,

Қағаз, қалам аламыз.

Ұстазымыз үйреткен,

Әріптерді саламыз.

Томирис

Алты жасқа жеткенім,

Еркеліктен кеткенім.

Кітабымды қолтықтап,

Мектебіме беттедім.

Досымжан

Алақайлап жүрегім,

Қуанышқа толып тұр.

Асыққан қыркүйегім,

Қоңырауын соғып тұр.

Бексұлтан

Мектеп — білім ордасы,

Мектеп — қамқор анашым.

Оқып білім аламын,

Өнерпаз болып өсетін —

Мен оқушы боламын.

Ақерке

Сәлем саған, мектебім,

Сәлем, білім ордасы.

Жасыл бақты көктемім,

Жастық шақтың жолдасы.

Ән

«Достық»

Ана тілі: білімнің өзегі

Мектепте біз оқимыз, жазамыз, өнерге, білімге, еңбекке үйренеміз. Барлығын ана тілімізде сөйлеп, оқып меңгереміз.

Сұрақ-жауап

— Біздің оқулығымыз қалай аталады, оны қай тілде оқимыз?
— Қазақ тілінде.

Қазақ тілі — дүние жүзіндегі ең бай да бейнелі тілдердің бірі. Тіл байлығы — әр елдің мақтанышы. 22 қыркүйек — Тілдер мерекесі құтты болсын!

Тіл туралы өлең шумақтары

Нұрдәулет

Ана тілің — арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте!

Ақжүніс

Ана тілің, біліп қой,

Бостандығың, теңдігің.

Ана тілің, біліп қой,

Мақтанышың, елдігің.

Көркем

Айтатын жас-кәріміз,

Аяулы жыр-әніміз.

Аялайтын бәріміз,

Ана тілі — арымыз.

Нұрдана

Анашымдай сыр шерткен,

Ақыл-білім үйреткен.

Әліппені оқимын,

Ерекше зор құрметпен.

Аружан

Бабамыздың тілі деп,

Даламыздың үні деп,

Туған елдің тілі деп,

Туған жердің тілі деп,

Қазақ тілін сүйеміз!

Ойындар мен тапсырмалар

«Кім тапқыр?» — жұмбақ шешу

  1. 1. Иесі оның сәби, әрі төсек, әрі үй. (Бесік)
  2. 2. Қамыс құлақ, тостаған тұяқ. Мінсең — қанат, сүті — дәрі, еті — тамақ. (Жылқы)
  3. 3. Төрт аяғы, арқасы бар, еті жоқ — тек қаңқасы бар. (Орындық)
  4. 4. Жесең ащы, көзіңнен жас шығарады. (Пияз)
  5. 5. Бала біткен соғады жеңіл, шарды домалақ. Ұрсаң ұшып жоғары, жерге түсер домалап. (Доп)
  6. 6. Ұрлап ішіп, үйде сүтті қоймайды, өз құйрығын өзі қуып ойнайды. (Мысық)
  7. 7. Аласа ғана бойы бар, айналдырып киген тоны бар. (Қой)

Ән

«Қошақаным» (орындайтын: Назерке)

«Кім жылдам?» — буындарды оқу

Берілген буындарды дұрыс әрі жылдам оқуға жаттығу.

«Тез санап шық» — геометриялық фигураларды санау

Оқушылар берілген геометриялық фигураларды санап, зейін мен есептеу дағдыларын дамытады.

Ұстазға құрмет

Айда

Ұстаз — ұлы есім. Батырды да, дананы да туған — ана десек, сол батырды да, дананы да тәрбиелеген — ұстаз. Ең алдымен қолыңнан жетектеп, жол сілтейтін де ұстаз емес пе? Ұстаздарға мың алғыс!

Ақниет

Ұстаздар-ау, сізге теңдес бар ма жан,

Өнеріңіз бен біліміңізге таң қалам.

Осы өмірде бәрі ұстаздан басталып,

Ұстаздардан жаралғандай бар ғалам.

Назерке

Көзге ыстық партасы,

Оқулығы, картасы.

Оқу қызық болғаны,

Мұғалімнің арқасы.

Ақтоты

Ел сенімін ақтайды деп,

Ұстазым мақтайды.

Ұстазымның әр сөзін,

Көкейіме сақтаймын.

Есет

Біздермен ойнап күледі,

Сырымызды біледі.

Қасымызда қашанда

Қамқор болып жүреді.

Құттықтау

Ұстаздар мерекесі құтты болсын!

Ән

«Ұстазым»

Қорытынды

Ер жетеміз, өсеміз, елге қызмет етеміз.

Мұғалімнің айтқанын мықтап миға тоқимыз.

Сөз береміз сіздерге — кілең «беске» оқимыз!

Би

«Қара жорға» биі орындалады.