Тіршілік иесінің бәрі - анасымен бақытты атты тренингімізді бастауға рұқсат етіңіздер
«Тіршілік иесінің бәрі – анасымен бақытты»
Бұл тренингтің өзегі — бала тәрбиесіндегі отбасының рөлін терең сезіну, ата-ананың бала жан дүниесін түсіне білуіне ой салу және өзара тәжірибе алмасу арқылы мейірім мен сыйластықты күшейту.
Мақсаты
- Бала тәрбиесінің дамуындағы басты рөл атқарушы — отбасы екенін айқындау.
- Ата-ананың бала көңілін таба білуіне ой қозғап, өзін-өзі тануына бағыт беру.
- Тәрбие туралы пікір бөлісу, өзара қолдау мәдениетін қалыптастыру.
- Ата-аналарды өз баласының жан дүниесін түсінуге шақыру.
Тәрбиелік мәні
- Балаларды мейірімділікке және ананың өлшеусіз еңбегін бағалай білуге үйрету.
- Анасын сүю арқылы елге, жерге деген сүйіспеншілікті арттыру.
- Үлкенді сыйлауға, парасатты әрі мейірімді болуға тәрбиелеу.
Кіріспе ой
Ана — адамзаттың данасы.
Ана — сәбидің панасы.
Ана — өмірдегі қамқорың, жарық жұлдыз шырағың.
Адам баласы ең алдымен ана алдында қарыздар. Ана қарызы — алтынға бөлеу немесе ақ орда салу емес; ең үлкен сый — баласының ер жетіп, адам болып қалыптасуы.
Құран Кәрімде: «Біз адамдарға ата-аналарына жақсылық жасауды бұйырдық» делінсе, хадисте: «Жұмақтың кілті — ананың табанының астында» деп ананың мәртебесі аса жоғары бағаланады.
Қазақстан Республикасының заңнамасында да: «Кәмелетке толған, еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті» деп көрсетілген.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әйел затының, ананың қоғамдағы орнын ерекше атап өткен. Шынында да, қазақ халқы әйелді қадірлеуді, ананы ардақтауды қашан да биік құндылық санаған.
Ана — отбасының ұйытқысы. Тренинг барысындағы әрбір тапсырма осы ұғымды жүрекке жақындатып, отбасындағы мейірім мен түсіністікті күшейтуге бағытталады.
Тренинг барысы
I. «Есімдер аллитерациясы» — танысу
Мақсаты
Топ мүшелерін еркін, сәтті коммуникативті мінез-құлыққа жаттықтыру.
Нұсқау
Әр қатысушы ақ параққа өзін көркем түрде таныстырады: отбасы, баласы, жұмысы, отбасындағы ерекше қуанышты сәттері және т.б.
II. «Күлімде, күн, күлімде» — өлеңді мәнерлеп оқу
Нұсқау
Өлең жолдарын үш түрлі көңіл күймен айтып шығыңыздар: күліп, ашуланып, айқайлап. Ата-ана үш нұсқаның бәрін орындайды, ал бала солардың біреуін таңдап айтады.
Ата-аналарға арналған өлең
Құшақ ашсам — ұшасың,
Құшақтайсың, құшасың.
Сағынғаның білініп,
Мойнымнан қысып тұрасың.
Балаларға арналған өлең
Жүзімізге қараңыз,
Біз бақытты баламыз.
Бізге қымбат құшағыңыз,
Бізге қымбат анамыз.
III. «Оның есесіне…» — ой қозғау жаттығуы
Қатысушылар төмендегі сөйлемдерді жалғастырып, жағымсыз ойды жақсы әрекетке алмастыруға үйренеді.
Мен баламды ұра алмаймын, оның есесіне __________________________
Мен отбасымды жамандай алмаймын, оның есесіне __________________________
Мен баламның сыныбын жамандай алмаймын, оның есесіне __________________________
Мен ән айта алмаймын, оның есесіне __________________________
Мен мұғалімімізді жамандағым келеді, оның есесіне __________________________
Мен әдемі күле алмаймын, оның есесіне __________________________
IV. «Мейірімділік алаңы» — жылы сөздер жаттығуы
Мақсаты
Отбасындағы мейірімділікті арттырып, шынайы сезімді сөзбен жеткізуге мүмкіндік беру.
Нұсқау
Барлығына шар таратылады. Бала шарды үрлей отырып, анасы баласына арналған еркелету, жылы сөздерін айта бастайды.
Талқылау сұрақтары
- Күнделікті өмірде осы сөздерді жиі қолданасыз ба?
- Ерекше жылы сөзіңіз балаңызға қалай әсер етті?
- Еркелету сөздерін айту қиын болды ма? Неліктен?
V. «Мен ғажайыппын» — сергіту ойыны
Мақсаты
Мәдениетті адамды ерекшелендіретін қасиеттердің бірі — айналасымен еркін әрі жағымды қарым-қатынас жасай алу екенін ұғындыру.
Нұсқау
Жүргізуші екі қол арқылы белгілі бір іс-қимыл көрсетеді. Қатысушылар сол қимылға сәйкес сөз тіркестерін айтып, жағдайдан дұрыс шыға білуге машықтанады.
Рахмет! Сіздер әр ситуацияда сабыр сақтап, үйлесімді жауап бере алатыныңызды көрсеттіңіздер.
VI. «Шаңырақ шаттығы» — қорытынды бөлісу
Әр қатысушы тренингтен алған әсерімен бөліседі. Соңында «Өміріңді бағала» әні орындалады.
Балалар — болашақтың ғажайып жанды бейнесі. Қай елде болсын, қай кезде болсын ата-ана баланы өз өмірінің ең қастерлі мағынасы деп таныған.
— С. А. Назарбаева
Қорытынды
Ана — өмірдің қуанышы, тірегі.
Бала — оның жұбанышы, жүрегі.
Ана алдында ел жауы да бас иген,
Олар әрдайым тыныштықты тілеген.
Осылайша «Тіршілік иесінің бәрі – анасымен бақытты» атты тренингіміз аяқталды. Қатысушыларға естелік ретінде тілек жазылған суреттер таратылады.