Мағжанның барлық өмірі - поэзиясында

Сабақтың тақырыбы

Мағжан Жұмабаевтың «Түркістан» өлеңі (8-сынып).

Сабақтың мақсаты

  • Білімділік: М. Жұмабаевтың шығармашылығы бойынша алған теориялық білімді еске түсіріп, тереңдету.
  • Дамытушылық: «Түркістан» өлеңі туралы білімді түрлі тапсырмалар арқылы жүйелеу; тез ойлап, жауапты нақты әрі тиянақты айтуға дағдыландыру.
  • Тәрбиелік: Тіл байлығын дамыту; ақын үлгісі арқылы туған тілін, елін, жерін сүйе білуге тәрбиелеу.

Сабақтың сипаты

Түрі
Қалыпты, аралас сабақ
Әдісі
Сұрақ–жауап, мәнерлеп оқу, жаңа технология элементтері
Көрнекілігі
Шығармалар жинағы, өлеңдер жинағы, слайдтар

Сабақтың құрылымы

  1. I Ұйымдастыру
  2. II Үй тапсырмасын сұрау
  3. III Талдау, пікірталас және мәнерлеп оқу

Сабақтың барысы: сұрақ–жауап арқылы қайталау

Өткен сабақта «Мағжанның бүкіл өмірі — поэзиясында» тақырыбын қарастырдық. Енді сол аяда ойымызды жинақтап, негізгі тұжырымдарды нақтылаймыз.

1) Неліктен Мағжан өмірін оның поэзиясымен тоғыстырамыз?

Мағжанның өмірлік ұстанымы мен азаматтық болмысы өлеңінде айқын көрінеді. Ақын қоғамдық-әлеуметтік өмірге белсенді араласып, сол дәуірдің өзекті мәселелеріне поэтикалық үн қосты; өлеңдері мен мақалаларын баспасөз беттерінде жиі жариялап отырды. Бірнеше жыр жинағы жарық көрді, соның бірі — «Шолпан».

Мағжан поэзиясының өзегі — халық тағдыры. Оның еліне, жұртына, сондай-ақ түркі тектес қандас халықтарға деген сүйіспеншілігі жырларынан анық сезіледі.

2) Неге Мағжанды ұлы ақын дейміз?

Мағжанның көркемдік мәдениеті жоғары, ойы терең, тілі көрікті. Мұхтар Әуезов оның шығармашылығы туралы:

«Абайдан кейін Мағжанды сүйемін... Мағжан культурасы зор ақын...»

Сондай-ақ Әуезов Мағжан сөзінің «келешекке бой ұрып», уақыт сынынан өтетін қуаты барын атап өтеді.

3) Мағжанның лирик, сыршыл ақын аталу себебі неде?

Мағжан поэзиясының ең шоқтығы биік саласы — лирика. Оның лирикасы романтикалық асқақ сезіммен өріліп, оқырманды нәзік әрі сұлу әсерге бөлейді. Тақырыптары сан алуан: туған жер, атамекен, халық тағдыры, адамгершілік, шынайы махаббат.

Ақын сөзі жұмсақ та әуезді, жүрекке жылы тиеді; не жазса да сырлы, көркем, сәнді өрнекпен береді.

Жаралдым топырағыңнан, сен — түбім, Жалғаны жоқ, бәрі сенен жан-тәнім. Сенен басқа жерде мәңгі қараңғы, Жарық болар Шолпан, Айым, сен — Күнім.

4) Мағжан эпикалық жанрда нені дәлелдеді?

Мағжан — эпик ақын ретінде де танылған. Оның қаламынан «Батыр Баян», «Қорқыт», «Жүсіпхан» сияқты поэмалар туған.

«Батыр Баян» поэмасында ақын халқына, Алашына деген перзенттік жүректің ыстық сезімін шынайы өрнектейді. Ақылгөй бабалар мен аты шулы батырлар асқан ілтипатпен бейнеленеді.

Тапсырма: өлеңді «түсініктеме күнделігі» тәсілімен талдау.

5) Жүсіпбек Аймауытов Мағжанның ақындық болмысы туралы не деді?

Ж. Аймауытов Мағжанның ақындық күші, сөзге еркіндігі мен суреткерлігі әсіресе «Батыр Баян» поэмасында толық көрінетінін айтады. Ол шығармада адам мінезін дәл беру, махаббатты, батырлықты, соғысты, өлімді суреттеу — ақынның өмірді терең танығанын көрсетеді.

Аймауытов бағамында «Баян» — қазақ әдебиетінде сирек кездесетін көркемдік табыс.

Мағжан туралы беделді пікірлер

Танымал қаламгерлер мен ойшылдардың бағасы Мағжан сөзінің уақыттан озық екенін дәлелдейді.

«Артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз — Мағжанның сөзі» (М. Әуезов)

«М. Жұмабаев — Абай мен қазіргі қазақ поэзиясының арасындағы поэтикалық көпір» (Ғ. Ибрагимов)

«Мағжанның ақындығы да, кісілігі де ерекше бөлек еді... ең дарындысы, күштісі Мағжан болатын» (С. Мұқанов)

Осындай пікірлерге сүйене отырып, Мағжан Жұмабаевтың жұлдызы қазақ өлеңінің аспанында ерекше нұрланып, жарқырай жанғанын аңғарамыз.

Туған жер тақырыбы: білімді нақтылау

Мағжан өлеңдерінде туған жерге деген махаббат айрықша орын алады. Ақын жүрекжарды сезімін Сарыарқаға, кіндік қаны тамған Сасықкөлге арнайды. Әр жолы — перзенттік сүйіспеншілікке толы.

Оқушылар атайтын өлеңдер

«Сағындым» «Сүйемін» «Туған жер» «Туған жерім — Сасықкөл» «Көкшетау» «Орал тауы» «Жел»

Оқу тапсырмасы

«Сағындым» және «Көкшетау» өлеңдерін мәнерлеп оқу; өлеңдерді тақырып, идея, көркемдік тәсіл тұрғысынан саралап, қысқаша жазбаша талдау жасау.