Достық Сабақтың мақсаты

Сабақ туралы

Сабақтың тақырыбы

Достық

Сабақтың мақсаты

  • Достық туралы оң көзқарас қалыптастыру.
  • Оқушылардың достық жайлы ой-пікірін дамыту.
  • Достықты қадірлеуге тәрбиелеу.
  • Адал дос таба білуге баулу.

Сабақтың әдісі

Пікірталас

Көрнекілігі

Достық туралы нақыл сөздер, ойшылдардың пікірлері, шағын көріністер.

Сабақтың мазмұны

Ән: «Қайдасыңдар, достарым». Одан кейін 6-сынып оқушылары арасында «Дос. Жолдас. Құрбы-құрдас» тақырыбында пікірлесу ұйымдастырылады.

Достықтың мәні

Достық — адамдардың бір-бірін шын жақын көріп, қалтқысыз сеніп, тілектес әрі мұраттас болуы. Достықтың адам өміріндегі орны ерекше болғандықтан, оның мәнін ұлы философтар мен ақын-жазушылар ғана емес, ұстаздар мен ғалымдар да талай толғаған.

Бүгінгі пікірлесудің мақсаты — оқушылардың достық туралы ойларын ашу, достықты қадірлеуге шақыру және адал дос таба білуге баулу.

Мұса Жәлел
«Шын дос үшін қалайда
Тік қатерге басыңды.
Айыра біл алайда
Досың менен қасыңды.»

Тыңдалым

Ойды жинақтау үшін «Достар» әнін тыңдап, әрі қарай пікір алмасуға көшеміз.

Ойшылдар айтқан достық

Марк Туллий Цицерон
«Достық өз бойына сан алуан пайдалы нәрселерді біріктіреді. Қайда барсаң да, ол саған қызмет етеді; барлық жерде бар; ешқашан мезі қылмайды; орынсыз килікпейді. Ол сәттілікке жаңа сәуле береді, ал ортақтасқан сәтсіздік өзінің уытын жоғалтады».
Аристотель
«Достық — өмір үшін ең қажетті нәрсе. Өйткені игілікке түгел ие болса да, ешкім дос-жарансыз өмірді қаламайды».
Фрэнсис Бэкон
«Достық қуанышты екі еселеп, қайғының жартысын азайтады».

Талқылауға сұрақтар

  • Достық дегенді қалай түсінесіз?
  • Қандай адам досқа лайық?
  • Дос пен таныстың айырмасы неде?

Досқа лайық адам қандай?

Негізгі белгілер

  • Бір-бірін қажетсіну, құрметтеу және шынайы тілектестік.
  • Сенім, тірек болу, қиын кезде қасынан табылу.
  • Риясыздық, есепсіз жомарттық.
  • Әділдік пен адалдыққа берік болу.
Абай ойы
Сын сәтте «Мұнан менің қай жаным аяулы?» деп, қасыңда тұра алатын адам ғана досқа лайық.

Көріністер арқылы ой қорыту

1-көрініс: Қолдау

Жағдаят

Маралдың етігі жыртылып, бірнеше күн сабаққа келе алмай қалады. Оны сыныптасы Қарлығаш үйіне іздеп келеді.

Қарлығаш: «Марал, көптен сабақта жоқсың. Ауырып қалған жоқсың ба?»

Марал: «Жоқ, ауырған жоқпын. Етігім жыртылып қалды. Жаңасын алуға үйде ақша болмай тұр».

Қарлығаш: «Менің әзірше киетін етігім бар. Сен кие тұр».

Марал: «Анаң ұрыспай ма?»

Қарлығаш: «Түсіндіріп айтамын».

Марал: «Рахмет!»

«Қабуснама» (Кабус)
«Адам тірісінде доссыз болмайды. Доссыз болғаннан ағайынсыз болғаны жақсы... Достарыңның ісі жайында ойла, оларға сәлем-сауқат жіберіп тұр, қамқор бол. Кім өз досын жадында ұстамаса, досы да оны есінде сақтамайды».

Талқылау

Халықта «Алтын берген дос емес, ақыл берген дос» деген сөз бар. Қарлығаштың әрекетін достықтың қай қыры деп бағалар едіңіз?

  • Бұл жерде сенім мен жанашырлық көріне ме?
  • Досқа көмектесудің «есепсіз» түрі қандай болады?

2-көрініс: Шеттету

Жағдаят

Бір топ оқушы өзара сөйлесіп тұрады. Оқшау тұрған бір оқушыны біреуі көрсеткенде, өзгелері қол сілтеп, жақтырмаған белгі білдіреді.

Абай
«Дүниеде адамның жалғыз қалғаны — өлгені, қайғының бәрі соның басында».

Талқылау

  • Топтың әрекеті дұрыс па? Неге?
  • Өзің осындай ортада болғың келе ме?
  • Шеттетудің орнына қандай әрекет жасауға болады?

3-көрініс: Сырды сақтау

Жағдаят

2-көріністегі оқшау тұрған оқушының қасына біреуі барып, екеуі мәз болып кетеді.

Үш күннен соң...

Жеке оқушы топқа келіп: «Білесіңдер ме, Ақзира маған өзінің кіммен жүретінін айтты...» дейді. Топ бірден тарап кетеді.

Александр Мандзони
«Достық — өмірдің ең зор қуаныштарының бірі. Одан да зор қуаныш — сырыңды айта алатын адамның болуы».

Талқылау

Бұл көріністе қай тұста сенім бұзылды? Достық үшін ең маңызды қасиеттердің бірі — сыр сақтай білу екенін қалай түсіндіресіз?

Даналар: «Сыр сақтау — тіліңнің астына шоқ салып алғаннан да қиын», — дейді. Тіліне ие бола алмайтын адамға сыр ашудың салдары қандай болуы мүмкін?

Досты таңдау және тұрақтылық

Маңызды ойлар

Достық — кездейсоқ таныстықтың нәтижесі емес. Пейілі мен ниеті үйлескен, жан дүниесі жақын адамдар ғана шынайы дос бола алады. «Досың кім екенін айт, мен сенің кім екеніңді айтайын» деген сөз де осыны меңзейді.

Достықтың өміршеңдігі — екі жақтың да әділдіктен аттамауында. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» десек те, сынақтан өткен адам ғана нағыз досқа айналады.

Нақылдар мен тұжырымдар

Махамбет Өтемісұлы
«Жақсыменен дос болсаң,
Алдыңнан шығар елпектеп.
Жаманменен дос болсаң,
Сыртыңнан жүрер өсектеп».
Әл-Фараби
«Өрге жүзген өнегелі ісімен адал дос тап, тең құрбыңның ішінен».

Халықта «Досыңнан тап!» деген, қарғысқа жақын ауыр сөз бар. Бұл — достың бәрі бірдей емес екенін, ең қауіптісі екіжүзділік пен опасыздық екенін еске салады.

Екіжүзді «дос» туралы

Жан-Жак Руссо
«Екіжүзді адамның жау болғанынан да, дос болғаны қауіпті».

Бұл пікірдің түйіні — жаудың зияны анық көрінеді, ал екіжүзді «дос» сенімді пайдаланып, ең әлсіз жерден соққы беруі мүмкін.

Ойлануға

  • Сенімді қалай сақтаймыз?
  • Шынайы дос пен «пайда үшін дос» айырмасы қандай?

Қорытынды ой

Достық туралы толғаныс

Бас ауырып, балтырың сәл сыздаса,
Қиыны сол, ауыры сол бізге аса.
Қайран достар, күн шуағы қыздырар,
Әлде кімге көңілің бір мұздаса.

Жамандыққа бастырмайды, қаққылап,
Жолдас үшін басыңды бер, жат қылып.
Жақын өлсең — тағы солар жүргені,
Жұмыспенен әрлі-берлі шапқылап.

Дос үйінде сайрандайды еркін ұл,
Жолдасы ғой жігіттің бір төркіні.
Тағы солар жалғыз тастап кетпейді,
Тұғырыңнан түсіп қалсаң бір күні.

Жолдаспенен жеңіл өмір азабы,
Жеңілірек көтересің қазаны.
Содан шығар, адам бірге өмірге
Жолдасымен туады екен ғажабы.

Түйін

Достық — таңдауды, жауапкершілікті, адалдықты және сыр сақтай білуді талап ететін құндылық. Досыңды асықпай таңда; таңдасаң — құрметте, күт, аяла.