Тамақты жасауға қойылатын талаптар
Сабақтың тақырыбы: Тамақтану физиологиясы
Бұл сабақта оқушылар тамақтанудың ағза өміріндегі рөлін түсініп, дұрыс тамақтану дағдыларын күнделікті өмірде қолдануды үйренеді. Сонымен қатар санитарлық-гигиеналық талаптар мен қауіпсіздік ережелерін меңгереді.
Көрнекілік құралдары
- Буклет
- Слайд
Пәнаралық байланыс
Биология
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Оқушыларға тамақтану физиологиясы туралы түсінік беру.
Дамытушылық
Теориялық білімді күнделікті өмірде қолдана білуге үйрету.
Тәрбиелік
Тәртіптілікке, қарым-қатынас мәдениетіне және өзіне сенімділікке тәрбиелеу.
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Сәлемдесу, оқушыларды түгендеу.
- Сабаққа қажетті материалдардың бар-жоғын тексеру.
- Оқушыларды жұмысқа бағыттау: «Сәлеметсіздер ме, қыздар! Отырыңыздар.»
II. Үй тапсырмасын тексеру
- Қауіпсіздік техникасын атаңдар.
- Инемен жұмыс кезіндегі қауіпсіздік ережелерін айтыңдар.
- Қайшымен жұмыс кезіндегі қауіпсіздік ережелерін айтыңдар.
- Тігін машинасымен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік ережелері қандай?
III. Жаңа сабақ: Тамақтану физиологиясы
Тамақтану — ағзаның тіршілігін, денсаулығын және еңбекке қабілеттілігін сақтау үшін қажетті қоректік заттарды сіңіру процесі.
Ағзаға түсетін негізгі қоректік заттар
- Нәруыздар
- Майлар
- Көмірсулар
- Биологиялық белсенді заттар: дәрумендер мен минералды тұздар
Ас қорыту жүйесінің рөлі
Ас қорыту жүйесі тағам құрамындағы нәруыз, май және көмірсуларды қарапайым заттарға дейін ыдыратып, олардың ас қорыту жолында сіңуіне жағдай жасайды. Сіңген заттар қан мен лимфаға өтеді.
Дұрыс әрі тиімді тамақтану
Адам өмірінде дұрыс тамақтану өте маңызды. Ас мәзірі алуан түрлі болғаны дұрыс: ет және балық тағамдары, сүт өнімдері, көкөністер мен жеміс-жидектер, өсімдік және жануар тектес майлар.
Тамақтану мәдениеті: тамақты күн сайын бір мезгілде ішу пайдалы, себебі бұл ас қорытудың толық жүруіне көмектеседі.
Санитарлық-гигиеналық талаптар
Тамақ дайындау кезінде тағамға ауру тудыратын микробтар түспеуі және уланудың алдын алу үшін санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау қажет.
Бөлме мен жабдықтарға қойылатын талаптар
- Асүй бөлмесі әрдайым таза болуы тиіс; ылғал шүберекпен үнемі сүртіп отыру керек.
- Таза ыдысты жабық шкафқа немесе жабық сөрелерге қою қажет.
- Тамақ қалдықтарын қақпағы бар шелекке салып, уақытында шығарып отыру керек.
Тамақ дайындайтын адамға қойылатын талаптар
- Тамақты алжапқыш тағып дайындау керек.
- Қолды мұқият жуып, тазалықты сақтау қажет.
- Шашты жинап, орамал тартқан дұрыс.
Тамақ әзірлеуге қойылатын талаптар
- Мерзімі өткен азық-түлікті пайдаланбау керек.
- Азық-түлікті бөлуге және турауға арналған тақтайларды бөлек қолдану қажет.
- Пісіру алдында азық-түлікті мұқият жуып, тазалап, турайды.
- Тотығатын металдан жасалған немесе сыры кеткен ыдысты пайдалануға болмайды.
Азық-түлік пен дайын тағамды сақтауға қойылатын талаптар
- Азық-түлік пен дайын тағамды жабық ыдыста сақтау керек; мерзімінен артық сақтауға болмайды.
- Тез бұзылатын өнімдерді тоңазытқышта сақтайды.
- Сақтау мерзімі өткен немесе ескірген азық-түлікті тағамға қолдануға болмайды: бұл улануға әкелуі мүмкін.
Қауіпсіздік ережелері
Электр қуатымен жұмыс істейтін аспаптарды пайдалану
- Электр аспаптарын отқа төзімді тұғырға қою керек.
- Электр плитасының сымы жерге қосылған болуы тиіс.
- Ток көзіне қосылатын баудың жарамдылығын алдын ала тексерген жөн.
- Аспаптың айырын тек құрғақ қолмен қосып-ажырату қажет.
- Жұмыс соңында электр аспабын міндетті түрде ажыратыңдар.
Ыстық ыдыспен және сұйықтықпен жұмыс істеу
- Сұйықтықты кастрөлге ернеуіне жеткізбей құяды.
- Сұйықтық қайнағаннан кейін қыздыруды азайту керек.
- Ыстық ыдыстың қақпағын ашқанда, бу бетке келмес үшін өзіңнен алыс ұстау қажет.
- Қайнап жатқан сұйықтыққа жарма және басқа өнімдерді абайлап салу керек.
- Ыстық майы бар табаға азық-түлікті алшақ тұрып салған дұрыс.
- Плитадан ыстық ыдысты аларда тұтқышты пайдалану қажет.
- Түбі майысқан немесе тұтқасы сынған ыдыстарды қолдануға болмайды.
Аспаптармен және керек-жарақтармен жұмыс істеу
- Пышақты пайдаланғанда, оны тым жоғары көтермеңдер.
- Пышақты бергенде сабымен ұсыну керек.
- Үккіште азық-түліктің тым ұсақ бөлігін үкпеу қажет.
- Еттартқыштан өнімді өткізгенде, итеру үшін түйгішті пайдаланыңдар.
IV. Жаңа сабақты бекіту (сұрақтар)
- Тамақтану физиологиясы дегеніміз не?
- Адамның өмір сүруінде тамақтану қандай маңызды қызмет атқарады?
- Тамақтану мәдениетін қалай түсінесіңдер?
- Қандай дәрумендерді білесіңдер?
V. Сабақты қорытындылау
Бүгін біз тамақтану физиологиясымен таныстық: дұрыс тамақтанудың маңызын талқылап, санитарлық-гигиеналық талаптар мен қауіпсіздік ережелерін қайталадық.
Үй тапсырмасы
1-тарау, 14–21-беттерді оқу.
Бағалау
Оқушылардың сабаққа белсенді қатысуы мен сұрақтарға жауап беруіне қарай білімдері бағаланады.
VI. Жұмыс орнын ретке келтіру
Сабақ соңында жұмыс орнын жинап, құрал-жабдықтарды орнына қою.