Қорқаудай көк жал толқын жетті екпіндеп, Белінен қайығымның секірді кеп

Қасым Аманжолов өлеңі
БУРАБАЙ ТОЛҚЫНДАРЫ
Баурында Оқжетпестің тұрдым жалғыз,
Көл жатты күле толқып, айтып аңыз.
Үстінде Бурабайдың жарқ - жұрқ етіп,
Қайықпен келе жатты аққудай қыз.
Шақырдым: қарындасым, кел бері – деп,
Қайығын тосты маған қыз күлімдеп.
Көрмеге ол отырып, мен ескекке,
Толқыта кеттік тартып; жел соқты үдеп.
Жел соқты бізді әдейі сынағандай,
Жығылды жапырыла толқын жардай.
Біресе жайындай боп жон көрсетіп,
Біресе бүктетіліп айдаһардай.
Көк ала арландай боп абалайды,
Алды орап, соңнан қуып, жағалайды.
Біресе ауға түскен шортандай боп,
Құйрықпен қайығымды сабалайды.
Сескеніп сыр берместен келем есіп,
Тәкаппар тентек толқын кетті егесіп.
Лап беріп ұмтылады қайығыма,
Шегініп тұрады да аз кеңесіп.
Ентелеп келеді де, кері кетеді,
Біресе ойнаған боп тербетеді.
Бойында өр қайраты бар ма екен деп,
Сынамақ болад білем мені тегі.
Толқыннан мен бе болар қорқынышты,
Толқыны өз жанымның одан күшті.
Толқытып тарта бердім әнге басып,
Бір мезет қыз көзіне көзім түсті.
Көзінен нәзік сұлу көрдім жанын,
Оның да көлдей көңлі толқығанын.
Қауіптің қара құйын желі соғып,
Қашырып бара жатыр беттің қанын.
Үрпиген балапандай қыз үрейлі,
Дөңгелек көзі көлдей мөлтілдейді.
Үстінде толқып жатқан кеудесінің
Қара шаш қара бұлттай желпілдейді.
– Ағажан, бұзылды ғой күн райы,
Ежелден белгілі ғой толқын жайы.
Қайталық, тіл алыңыз, әне алда
Толқынның ойнақтап жүр асау тайы.
Қайтпайтын әдетім бар алған беттен,
Қыз сөзін құп көрмедім сол себептен.
– Сескенбе, қарындасым, ән шырқай бер,
Бұдан да зор толқынды жарып өткем.
Даурығып әлденеге толқын шулап,
Көк ала айғырлардай жатыр тулап.
Таң қалып бұл қызыққа қарағандай,
Төбеде тұрды бұлттар будақ - будақ.
Бүйірін ескегіммен ірей тартып,
Толқынды алмау керек ашулантып.
Қасқырдай қамады кеп жан - жағынан,
Жіберді қайғымды қалтылдатып.
Қорқаудай көк жал толқын жетті екпіндеп,
Белінен қайығымның секірді кеп.
Құп - қу боп қыз үрейі кетті қашып,
Көзінен шыға келді жас мөлтілдеп.
Сонда да сыр берместен тарта бердім,
Толқынның ойнағына мен де үйрендім.
Көлденең келгенінің белін жаншып,
Ескекпен ентелесе, басқа пердім.
Айбары арыстандай бір долы бұлт
Ойнақтап, көк төсіне шықты жалт - жұлт
Гүрілдеп тұрды - дағы шарт етті ол,
Жаңғыртты, болғандай - ақ аспан быт - шыт,
Су ішпек болғандай - ақ Бурабайдан,
Бұлт төніп созды мойнын айнадайдан.
Ту асау толқындарға мініп алып,
Ән салып, Бурабайда салдық сайран.
1939
Қасым Аманжоловтың өлеңдерін қарау



Ұқсас жұмыстар

Тимур және оның командасы
Ұлықбек Есдәулет поэзиясының поэтикасы
Көру теңеулері
Эпостағы тұлпар образы
Мұхтар әуезов "Көксерек"
Ақан сері
Қазақ тіл білімінде уәждеменің зерттелуі
VI-XII Көшпенділер мәдениеті
Сүйінбай — айтыс өнерінің алтын діңгегі
Абай Құнанбаевтың шығармаларының әлеуметтік мәні
Жазаның жүйелерінің және түрлерінің жалпы сипаттамасы
ТОНЫКӨК
Диалектика — даму мен ең жалпы байланыс жөніндегі ілім
Экономикадағы дағдарыстық жағдайдағы мемлекеттік бюджеттің ерекшеліктері
ЖАЛАЙЫР ҚОСЫМҰЛЫ ҚАДЫРҒАЛИ
СЕЙІТҚҰЛҰЛЫ ЖАЛАҢТӨС БАҺАДҮР
КӨКІҰЛЫ ЕСЕТ
Кәсіпорынның бәсекелестік қабілетін арттыру жолдарымен оның бағалау ЖШС (КӨК-СУ).
Мемлекеттік бюджеттің теориялық негіздері