Құлагер өлеңін жаттау
Сабақ тақырыбы
«Құлагер» — ақын трагедиясы
Сабақ мақсаты
Ақан сері шығармашылығына түсінік бере отырып, «Құлагер» өлеңінің идеялық мазмұнын ашу.
Білімділік
Ақан образын жан-жақты ашу; «Құлагер» өлеңі мен әнінің шығу тарихын түсіндіру.
Дамытушылық
Өлеңдерді талдату арқылы сөздік қорды байыту; көркемдік ерекшеліктерді ашу; ат сипатын салыстыру арқылы әдеби-теориялық білімді дамыту.
Тәрбиелік
Ақан тағдыры мен өнерін ұғындыру; өнер иелерін құрметтеуге, өмірдегі әділетсіздікпен күресе білуге тәрбиелеу.
Сабақ сипаттамасы
Форматы
- Типі: аралас сабақ
- Түрі: ізденіс сабағы
- Пәнаралық байланыс: музыка
Әдіс-тәсілдер мен көрнекілік
- Сұрақ-жауап, жатқа айту, мәнерлеп оқу
- Әңгімелеу, салыстыру, интерактивті әдіс
- Көрнекілік: суреттер, интертақта
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- 1Оқушылармен амандасу.
- 2Сабаққа қатысымды тексеру.
- 3Зейінді сабаққа шоғырландыру.
II. Үй тапсырмасын тексеру
«Әнші-ақындар» тақырыбы бойынша шолу жасалады.
«Әдебиеттанушылар» және «Өнертанушылар» топтары өз дайындықтарын таныстырады.
Талқылау өзегі:
Ақан серінің музыкалық мұрасы қазақ өнерінің өркендеуіне зор ықпал етті (шығармашылығы жөнінде).
Оқушылар біліміне қарай бағаланады.
III. Жаңа сабақ: Ақан сері және «Құлагер» трагедиясы
Қазақтың әнші-ақындарының ішінде өмірімен де, өнерімен де ерекше тұлға — Ақан Қорамсаұлы, халық мәдениетінің көрнекті өкілі. Ақан серінің шын аты — Ақжігіт. Ата-анасы еркелетіп Ақан десе, ел оның өнеріне сүйсініп, «сері» деп атаған.
Ақан жақсылық пен жамандықты, адамгершілік пен махаббатты, қоғам мен жаратылысты, жүрек мұңын сырлы әнмен жеткізген суреткер — әнші, ақын, сазгер. «Сегіз қырлы, бір сырлы» өнерпаздың өмірі көптеген ақын-жазушылар шығармаларына арқау болды.
Негізгі идея
«Құлагер» — тек жүйрік аттың қазасы емес, ақынның рухани күйреуімен астасқан трагедия.
Сағынайдың асында Ақан қапыда тұлпарынан айрылып, жүрегі қан жылады. Құлагер — ер қанаты ғана емес, Ақанның рухани медеу тұтқан серігі еді. Құлагер мерт болған сәттен бастап, Ақанның өзі де рухани қазаға ұшырағандай күй кешеді. «Ел бетін қалай көремін?» деген бір ауыз сөз ақынның жан күйзелісін терең аңғартады.
Көл еркесі — аққу, көк еркесі — сұңқар: Ақанның қанаты қайрылды, пырақты шабысынан айырылды. Ол елден жырақтап, жалғыздық күйін кешті. Қиянат пен әділетсіздікке ұшыраған ақынның халін Ілияс бейнелеуінде «құлазып күздігүні Көкшетаудай, қызықтың көшіп кеткен саржайлауы» деп сипаттайды.
Ақан Құлагерге жан иесі ретінде тіл қатқандай күйінеді: «Мал да болса адамнан есті жануар-ай…» деп, шабысқа жіберерде Құлагердің басын төмен салып, көз жасын тия алмағанын елестетеді. Осы сұмдықты алдын ала сезгендей әсер қалдырады.
Көрсетілім және тыңдалым
- «Құлагер» кинофильмінен үзінді көрсету.
- «Маңмаңгер» әнін тыңдату.
- «Құлагер» әнін тыңдату.
Ақан серінің серіктері
- Қыран құсы
- Қараторғай
- Жүйрік тазысы
- Базаралы
- Сәйгүлігі
- Құлагер
Ақан Құлагердің маң-маң басқан жүрісіне разы болып, «Маңмаңгер» әнін шығарады. Ал жасы отыздан асқанда ақын бірінен соң бірі қайғыға ұшырайды: сүйген жары Ұрқиядан айырылады, қыраны Қараторғайы мен құмай тазысы Базаралы өледі.
1876 жылы Сағынайдың асында Ақан Құлагерді бәйгеге қосады. Үш жүз аттың алдында қара үзіп келе жатқан Құлагерді Ақанмен өштескен Батыраш, Қотыраштар қастандықпен өлтіреді. Осыдан кейін ақын мылқау ұлы Ыбанмен Қоскөлде, елден жырақ өмір сүреді.
Құлагерді жоқтаудан «Құлагер» әні туады. Әнде ақынның ішкі жан сыры, психологиялық күйзелісі терең суреттеледі:
Өлеңнен үзінді
Құлагер, құлыныңнан керім едің,
Нағашым сұрағанда беріп еді.
Шынымен өлгенің бе, Құлагерім,
Салбырап сапты аяқтай төменгі ернің...
Өлеңде ішкі күйініш, Құлагерді қимау, өткен күнді сағыну және Құлагерсіз өмірге көндігіп үйренудің ауырлығы қатар өріледі. «Құлагер» — Абайдан кейінгі ат сынын көркем бейнелеген айтулы туындылардың бірі.
IV. Мәнерлеп оқу және талдау
Өлеңді мәнерлеп оқыту.
Буын, бунақ, ұйқасқа талдау (дәптермен, тақтамен жұмыс):
Үлгі
Менің атым сұрасаң Ақан серің,
Ғазірет Ғали дүлдүлі тұлпар керім.
Дүниеде оған жетер ат бар ма еді,
Өлді ғой мен қайтейін, Құлагерім...
Құрылымы: 4 тармақ, 3 бунақ, 11 буын. Ұйқасы: қара өлең ұйқасы.
V. Әдеби-теориялық ұғымдар (І. Жансүгіров «Құлагер» поэмасынан)
Әсірелеу
«Көмбe қайда?» — десеңіз,
Көзді салып көрсеңіз:
Өркеш-өркеш көрінген,
Орғылап су төгілген,
Балдырғаны білектей,
Балаусасы жібектей.
Қайталау
Кей-кейде жауын болып, жылап ақты,
Кей-кейде дауыл болып, соқты қатты,
Кей-кейде күңіреніп, көлдей толқып,
Кей-кейде қу ағаштай құлап жатты.
Дамыту (градация)
Күйіндей домбыраның құлдырласын,
Суындай Алатаудың сылдырласын,
Сөздердің асыл, көркем тасын қала,
Ұйқасы өлеңімнің сыңғырласын.
Ассонанс
Адуын алып көк бөрі
Арыста талай бәйге алып,
Айқасты талай көп көрді
Айқайда талай түсе қап,
Асқынғанды бөктерді.
Теңеу
Көк орман, көркем тоғай маужыраған,
Сұлудың көзіндей көп жаудыраған,
Малта тас, маржан, ақық, меруерт тас,
Төгіліп көл жиекке саудыраған.
VI. Бекіту сұрақтары
- 1 Ақынның сұм заманнан соққы жеп, жан серігі — Құлагерден айырылу себебі неде?
- 2 Батыраш пен Қотырашқа ауыл ақсақалдары өз үкімін берген. Сендер қандай үкім шығар едіңдер?
Мұғалімнің қорытынды сөзі
Ақанның өмір жолы — қызықты әрі ерекше. Өмірінің соңғы кезеңінде ол жалғыздықпен мұңдасты. Бұл — қатыгез заманға мойынсұнбай өткен тәкаппар ақын бейнесін танытады: тіршіліктің ұсақ-түйегіне алданбай, бойын тік ұстап кетті.
Ілиястың бағасы
Тұсында сері болсын, пері болсын,
Ұнайды өмірімен Ақан маған.
Ақан өмірі — өнер адамының ғана емес, жалпы адам рухының тазалығының үлгісі; өнердің тіршілік тартысынан жоғары тұра алатынының айғағы. Құлагердей қиял-ғажайып тұлпарға ескерткіш орнатқандай әсер қалдырған «Құлагер» әні арқылы Ақан мұрасын халыққа таратты. Ол өз дәуіріндегі әнші-ақындар шоғырының аса көрнекті өкілі ретінде, әлеуметтік өмірдің өзекті мәселелерін өлеңіне арқау етті.
Халық жадында Ақан мен Құлагер есімі егіз ұғым болып мәңгі сақталады.
Үй тапсырмасы және бағалау
Үй тапсырмасы
- 1«Құлагер» өлеңін жаттау.
- 2Абай – Ақан – Ілияс шығармаларындағы ат сынына талдау жасау.
- 3«Халқының ардақтысы — Ақан сері» тақырыбында ойтолғау жазу.
Бағалау
Оқушылардың белсенділігі, мәнерлеп оқуы, талдау сапасы және пікір айту мәдениеті негізінде бағаланады.
- Топтық жұмысқа үлес қосуы
- Дәлелді жауап пен ой қорыту
- Әдеби-теориялық ұғымдарды қолдануы