Оқушыларды жол ережесімен таныстыру

Сабақ туралы мәлімет

Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Тасшағыл ауылы, Т. Амандосов атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі — Нұргүл Жалғасова Құлмановна.

Сабақтың мақсаты

  • Оқушыларды жол жүру ережелерімен таныстыру.
  • Жол қауіпсіздігін сақтаудың адам өміріндегі маңызын ұғындыру.
  • Көше жағдайында кеңістікті бағдарлау дағдыларын дамыту.
  • Зейін, ептілік, сақтық, саналылық және шыдамдылыққа тәрбиелеу.

Көрнекіліктер мен формат

Көрнекілігі: бағдаршам, жол белгілері, интерактивті тақта, жас инспектор формасы мен таяқшасы, жол жүру ережелері туралы фотосуреттер.

Сабақтың түрі: сайыс-сабақ.

Сайыс кезеңдері

  1. I. Бағдаршамның шығу тарихы — «Тарих тағылымы»
  2. II. Жұмбақтар шешу
  3. III. Сұрақ–жауап
  4. IV. Реттеуші инспекторлардың қызметі
  5. V. Көше ережелерін білу
  6. VI. Өнер сайысы

Кіріспе сөз және тәрбиелік ой

Мұғалім: Құрметті оқушылар, қонақтар, ұстаздар! Бүгінгі «Ережені жаттаймыз — өмірді сақтаймыз!» атты жиынымызды бастауға рұқсат етіңіздер.

Шуақты өміріміз күндей күліп, жүректе бүршік атып үміт гүлдейді.

Арманға сапар тарту мүмкін емес — жол жүру ережесін білмей тұрып.

Қай көше, қай қалаға барсаңыз да, жол жүру ережесі — заңды тәртіп, баршамызға ортақ.

I кезең: «Тарих тағылымы» — бағдаршамның шығу тарихы

1-топ: «Бағдаршам»

Топтың ұраны

Тоқта! Сақтан! Жол ашық!
Жүрме жолға таласып.

1-топ бағдаршамның шығу тарихы туралы баяндама жасайды.

2-топ: «Тарихтан тағылым»

1-оқушы: Бағдаршамды кім ойлап тапқанын білесіңдер ме? Алғашқы бағдаршам теміржол бойында пайда болған. Оны ойлап тапқан адамның есімі тарихта сақталмаған. Оны көше қиылысына бейімдеп қайта жасаған ағылшын инженер-механигі Д. Найт еді. Ол 1868 жылы Лондондағы Парламент үйінің алдына бағдаршам орнатты.

2-оқушы: Әуелде түрлі түсті сигналдар қайыс беріліс арқылы өзгертіліп отырған. Кейін аппараттың ортасына газ шамы орнатылды. Өкінішке қарай, бірде газ жарылып, кезекте тұрған полицей қаза болып, содан кейін бұл құрылғы жарты ғасыр бойы ұмыт қалады.

3-оқушы: Тек 1914 жылы АҚШ-тың Кливленд қаласында, кейін Нью-Йорк және басқа қалаларда қайта пайда бола бастады. Бұл жолы олар электрлі болды және бастапқыда екі түсті ғана қолданды: қызыл және жасыл. 1918 жылдан бастап үш түс пайдаланылды.

Бағдаршам — ортақ қауіпсіздіктің белгісі

4-оқушы: Бағдаршам — өмірімізді жазымнан сақтайтын көмекшіміз. Оның сырын біліп, тілін алу баршамызға қажет.

Өлең жолдары

Менің үш көзім бар:
Бір көзім «кідір» дейді,
Бір көзім «жүгір» дейді.
Бір көзім «абайла» дейді,
«Қарап қалма маңайға» дейді.

5-оқушы: Көреген, қырағы — көшемізде тұрады. Ол бергенде команда, бағынабыз әманда!

Ережені есте сақтайық

  • Қызыл: тоқта, алға баспа.
  • Сары: сақтан, дайындал.
  • Жасыл: жол ашық, өт.

6-оқушы: Жол қиылысында қысылма. Көлденең жол болса, кібіртектеп тоспа. Бос болмаса, сақтық жасап, өткенше тос.

3-топ: «Жол белгілері»

Топтың ұраны

Жол тәртібін білейік — аман-есен жүрейік!

Тарихи деректер (қысқаша шолу)

Жүріп-тұруды реттеу қажеттілігі көлік аз болған кезеңде-ақ туған. 1868 жылы Лондонда теміржол үлгісіндегі бағдаршам орнатылып, ол қолмен ауыстырылған. Кейін 1870 жылдары Америкада электрлі бағдаршамдар пайда болды.

Ресейде жол салу ісін I Петр кезеңінде бастау алғаны айтылады. 1920 жылдары үш түсті бағдаршамдар іске қосылып, кейін автоматтандыру жүйесі ойластырылды.

Қазіргі таңда бағдаршамдар электронды жүйелер арқылы басқарылып, Қазақстанның ірі қалаларында кеңінен қолданылады.

II кезең: Жұмбақтар шешу

Бұл кезеңде оқушылар жол қауіпсіздігіне қатысты жұмбақтар шешіп, жол белгілері мен ережелерді еске түсіреді.

III кезең: Сұрақ–жауап

Негізгі сұрақтар

1) Жиек жол дегеніміз не?
Адамдар жаяу жүретін, көше жиегіндегі тар жол.
2) Жаяуға қай жермен жүруге болмайды?
Көлік жүретін жолдың ортасымен жүруге болмайды.
3) «Абайла! Балалар!» белгісі нені білдіреді?
Балалар жүретін аймақ бар екенін ескертеді.
4) Қала көшелерінде нешінші жастан велосипед тебуге болады?
14 жастан бастап рұқсат етіледі.
5) Автобусқа қай есіктен кіріп, қай есіктен түседі?
Артқы есіктен мініп, алдыңғы есіктен түседі.
6) Өрт сөндіру және жедел жәрдем көліктері қалай аталады?
Арнайы қызмет көліктері.

Интерактивті тақта: жол белгілерінің түрлері

Ақпараттық-көрсеткіштік белгілер
Ескерту белгілері
Тыйым салатын белгілер
Сервис белгілері
Басымдылық белгілері
Жол таңбалары

Мұғалімнің қорытынды түсіндірмесі: кей белгілер тыйым салады (қызыл шеңбер), кейі қауіпті ескертеді (бұрылыс, шұңқыр), ал көк төртбұрышты белгілер бағыт-бағдар көрсетеді.

IV кезең: Реттеуші инспекторлардың қызметі

Бұл кезеңде оқушылар реттеуші инспектордың қызметімен танысып, жол қозғалысын қол белгілері арқылы басқару тәртібін талқылайды (формасы, таяқшасы және практикалық көрсетілімдер).

V кезең: Көше ережелерін білейік

«Жол белгілері» тобы: қауіпсіз жүріс қағидалары

  • Жүріп келе жатқан көліктің алдынан жүгіріп өтпе: ол тоқтағанша немесе өтіп кеткенше күте тұр.
  • Мектепке барарда жолдың шетімен жүр. Алдыңнан көлік шықса, жол бер. Тоқтап тұрған көліктің қасынан абайлап өт.
  • Көше тәртібін сақтамау қозғалысқа кедергі келтіреді: жұмысшылар мен оқушылардың уақытында жетпеуіне себеп болады.
  • Өзіңе қауіпсіз бағытты таңда. Өткел тар болса, қарсы келген үлкен кісіге жол бер.

«Бағдаршам» тобы: жаяу жүргіншіге арналған кеңестер

  • Көшеден өтерде алдымен сол жаққа қара. Орта тұсына жеткенде оң жаққа қара. Көлік келе жатса, ақ жолақтың бойында күте тұр.
  • Аялдамадағы автобус/троллейбусті арт жағынан айналып өт — келе жатқан көлікті ертерек көресің.
  • Тротуарда келе жатып қақпадан шығатын көлікті байқасаң, өткізіп жібер. Тоқтап тұрған көліктің қасынан абайлап өт: есігі ашылып қалуы мүмкін.
  • Жол үстінде ойнама. Тайғақ кезде ерекше сақ бол.

VI кезең: Өнер сайысы

«Бағдаршам» тобы

Ән: «Бағдаршам»

«Жол белгілері» тобы

Ән: «Шофер»

Қорытынды

Мұғалім: Қымбатты қонақтар, ұстаздар, оқушылар! Сабақ барысында оқушылар жол жүру ережелерімен жан-жақты танысты. Әр оқушы «Менің үйден мектепке дейінгі жолым» тақырыбында сызба жасап, күнделіктерінің бірінші бетіне орналастырды.

Жол қауіпсіздігіне арналған тәрбие сағаттары өткізілді. Алдарыңызда оқушылардың салған суреттері мен жасаған макеттері ұсынылды. Оқушылар «Жолда жүру айлығы» шарасына ұйымшылдықпен қатысты.

Ендеше, жол жүру ережесін әрқашан есте сақтап, бұлжытпай орындап, сақ жүрейік.

Қай көше, қай қалаға барсаңыз да,
Қай ақыл өлшеміне салсаңыз да,
Жол жүру ережесі — заңды тәртіп,
Ол ортақ: үлкен-кіші, баршамызға!