Баланың еркіне қарай ойнату
Дамытушы ойындарды өткізудегі әдістемелік ұсыныстар
Ойынды қызықты әрі тартымды өткізу үшін ойын барысында бірнеше қағиданы ескерген жөн. Төмендегі ұсыныстар баланың қызығушылығын сақтауға, қиялын дамытуға және ересек пен бала арасындағы сенімді қарым-қатынасты нығайтуға көмектеседі.
1) Бала жетістігіне қуаныңыз, бірақ асыра мақтамаңыз
Баланың қызығушылықпен ойнаған ойыны ғана шынайы нәтижеге жеткізеді. Шығармашылық ойындар әдетте қызықты әрі көңілді өтеді, алайда бұл үшін баланың қиялын дамытуға және ынтасын арттыруға көмектесу қажет.
Ересек пен бала арасында жылы қарым-қатынас орнаса, бала жұмысына қуану, қолдау көрсету және орынды мадақтау шығармашылықтың дамуына оң әсер етеді. Дегенмен, әсіресе ересек топтарда, шамадан тыс мақтаудың зияны болуы мүмкін екенін естен шығармаған дұрыс.
Сабақ соңында ынталандыратын сұрақтар:
- «Бүгін қандай жұмысты қиналмай, жақсы орындадың?»
- «Қай тапсырма саған қиындау болды?»
Мұндай сұрақтар баланың өз ісіне рефлексия жасауына, қызығушылығын сақтауға және алға ұмтылуына көмектеседі.
2) Баланы ықтиярынсыз күштемеңіз
Баланың қызығушылығын бірсарынды ойындармен жалықтырмаңыз. Бір ойынды сабақ барысында қайта-қайта ойнату қызығушылықты төмендетіп, жалығуға әкеледі.
Маңызды: ойын — баланың еркін таңдауына сүйенгенде ғана дамытушы әсер береді.
3) Бала үшін жасап бермеңіз — дербестікке үйретіңіз
Жаттығу кезінде ересек адамның бала орнына орындап қоюынан сақ болған жөн. Сондай-ақ «Жоқ-жоқ!», «Дұрыс!», «Осылай!» сияқты жиі ескертулерді шамадан тыс қолданбай, біртіндеп азайтқан дұрыс.
Алғашында мұндай сөздер баланы ынталандырып, ұқыптылық пен зейінділікке көмектесуі мүмкін. Бірақ уақыт өте келе олардан біртіндеп бас тарту қажет, өйткені бұл баланың өз бетінше жұмыс істеу қабілетін әлсіретіп, айналасына жалтақтауға үйретіп жіберуі ықтимал.
4) Қандай ойыннан бастаған дұрыс
Бастапқы кезеңде балаға тым қиын көрінетін ойындардан аулақ болған жөн. Мұндай ойындар қорқыныш тудырып, қызығушылықты төмендетуі мүмкін. Сондықтан баланың деңгейіне сай, жеңіл әрі түсінікті ойындарды таңдаңыз.
Ересек адам баланың мінезін, жұмыс жасау қарқынын және әр баланың ерекшелігін білуі қажет. Алдын ала қосымша жаттығулар дайындап, қиялды дамытуға арналған курсты жоспарға сүйене отырып ұйымдастырған дұрыс.
5) Баланың еркіне қарай ойнатыңыз
Бір сабақта қанша жаңа ойын ұсынуға болады? Ойын түрлері көп болғанымен, олардың өзара байланысы болуы маңызды. Ойын таңдағанда шығармашылық қырына мән беріп, қиялдың дамуына назар аударыңыз.
Бірден көптеген ойынды ұсыну баланы жалықтыруы мүмкін. Егер бір сабақта бірнеше ойын ойнатылатын болса, олардың кемінде екеуі балаға таныс болғаны дұрыс. Бұл талапты сақтаған жөн.
Егер сабақта бірнеше ойын болса, шарттары әртүрлі болғаны дұрыс — бұл баланы шаршатпай, қызығушылықты сақтауға көмектеседі.
6) Ертегі арқылы қиялды дамыту
Дамытушы ойындарды өткізуде ертегінің мүмкіндігін тиімді қолдануға болады. Мектепке дейінгі балаларда ертегімен салыстыра отырып қиялдау басым келеді.
Сондықтан ойындарды ертегі кейіпкерлерімен байланыстыру баланың қиялын дамытуға, қызығушылығын арттыруға және ойлау қабілетін жетілдіруге үлкен септігін тигізеді.
Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, «Балдырған» балабақшасы МКҚК психологы — Калиева Айсауле Максотовна