Африка материгінің өзендері мен көлдері
Күнделікті сабақ жоспары (7-сынып, география)
Пәні: Материктер мен мұхиттар географиясы. Бұл сабақтар топтамасы Африка материгінің табиғи нысандары мен аймақтық ерекшеліктерін жүйелі түрде меңгертуге бағытталған.
Тақырыптар тізбегі (46–50-сабақ)
- 46-сабақ: Африка материгінің өзендері мен көлдері
- 47-сабақ: Африканың табиғат зоналары
- 48-сабақ: Африка материгінің халқы және елдері. Солтүстік Африка елдері
- 49-сабақ: Батыс, Шығыс және Оңтүстік Африка елдері
- 50-сабақ: Оңтүстік Африка мен Африка. Сарамандық жұмыс №4
Сынып
7-сынып
Сабақтың тақырыбы
Африка материгінің өзендері мен көлдері
Сабақтың мақсаттары
Білімділік
Оқушыларды Африка материгінің өзен-көлдерімен таныстыру, тіл байлығын арттырып, сөздік қорын молайту.
Дамытушылық
Шығармашылық қиялын дамыту, жүйелеу дағдыларын қалыптастыру және ойлау қабілетін жетілдіру.
Тәрбиелік
Ұжымда жұмыс істеуге және өз бетімен тапсырма орындауға үйрету, жауапкершілікке тәрбиелеу.
Сабақтың түрі
Аралас сабақ
Оқыту әдістері
Сұрақ-жауап, баяндау, түсіндірмелі әдіс
Әдістемелік жабдықталуы
- Африканың өзен-көлдер картасы
- Атлас карта
- Оқулық
- Қосымша материалдар
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен амандасу.
- Оқушыларды түгендеу.
- Назарын сабаққа шоғырландыру.
2) Жаңа сабақты түсіндіру
Өзендері
Африкадағы өзендер жүйесі ең жиі таралған аймақтар — экватор маңы және материктің оңтүстік-шығыс бөлігі. Шөлді өңірлерде өзендер өте аз, керісінше кеуіп қалған арналар — уәдтер жиі кездеседі. Олар тек сирек жауатын жаңбырлар кезінде ғана суға толады.
Жер бедерінің шығысқа қарай көтеріңкі болуына байланысты өзендердің басым бөлігі Атлант мұхитына құяды. Материк аумағының шамамен 1/3 бөлігі ішкі тұйық алапқа жатады. Ал Африканың шығыс бөлігіндегі өзендер Үнді мұхиты алабына кіреді.
Жер бедерінің көтеріңкі болуы және кристалды жыныстардың кең таралуы салдарынан Африка өзендерінде шоңғалдар мен сарқырамалар көп. Сондықтан өзен суларының гидроэнергетикалық қоры мол.
Өзендердің барлығы дерлік жаңбыр суымен қоректенеді. Осыған байланысты экваторлық белдеу арқылы ағатын өзендер жыл бойы суы мол болады, ал басқа белдеулерде ылғалдың мөлшері мен түсу мерзіміне қарай су деңгейі ауытқып отырады.
Ірі өзен жүйелері
- Ніл
- Конго (Заир)
- Нигер
- Замбези
Шаруашылықтағы қолданылуы
- Гидроэнергетикаға бай.
- Құрғақ аймақтарда суару үшін пайдаланылады (Ніл бойында бөгендер көп).
- Ірі өзендерде кеме қатынасы бар.
- Балық аулау кең таралған.
Көлдері
Африканың ірі көлдерінің басым бөлігі Ұлы Шығыс Африка жарылыстары бойында орналасқан. Сондықтан олардың пішіні көбіне созылыңқы, ал көлдер өте терең болып келеді; жан-жағын тік беткейлер мен биік таулар қоршайды.
Таньганика
Ең терең көлдердің бірі. Ені 50–80 км, ұзындығы 650 км-ге дейін жетеді.
Виктория
Африканың ең үлкен көлі. Платформаның аздап төмен түсіп, майысқан жерінде орналасқандықтан аса терең емес (ең терең жері 80 м). Жағалары жатық әрі қатты тілімденген, кейде қатты дауылдар әсерінен көл бетінде күшті толқындар пайда болады.
Тана
Эфиопия таулы қыратында лава тасқындарының өзен аңғарын бөгеп қалуынан қалыптасқан. Осы көлден Көк Ніл ағып шығады.
Чад
Солтүстік Африкада ежелгі су айдындарының орнында сақталған. Таяз (тереңдігі 4–7 м), ағынсыз болғандықтан суы тұзды. Субэкваторлық белдеуде орналасуына байланысты көл аумағы маусым бойынша өзгеріп отырады: жаңбырлы кезеңде ұлғайып, құрғақ кезде тартылып, батпақтанады.
Көлдердің шаруашылық маңызы
- Шығыстағы ірі көлдерде кеме қатынасы дамыған.
- Көлдер балыққа бай.
- Жылы жаққа ұшатын көптеген құстар осы көлдерде қыстайды.
- Көркем жағалауларда туризм жыл сайын артып келеді.
Жер асты сулары
Өзендер сирек таралған құрғақ өңірлерде жер асты суларының мол қоры жинақталған. Әсіресе Сахара, Судан және Калахари аймақтарында тұщы жер асты суының едәуір қоры анықталған.
Тұщы су деңгейі жер бетіне жақын жатқан шөлді аймақтарда шұраттар жиі кездеседі; мұнда құрма пальмалары өседі.
3) Жаңа сабақты бекіту (сұрақтар)
- Африка өзендері қандай алаптарға жатады?
- Неліктен Африка аумағында ішкі тұйық алап үлкен бөлікті қамтиды?
- Өзен торларының таралуына жер бедері қалай әсер етеді? Бұл қандай белгілерден көрінеді?
- Көлдер неліктен Африканың шығысында шоғырланған?
- Картада Чад көлінің жағалауы неліктен үзік сызықтармен көрсетіледі?
Қорытынды
Сабақ барысында Африка материгінің өзендері мен көлдерінің таралу заңдылықтары, олардың табиғи ерекшеліктері және шаруашылықтағы маңызы қарастырылды.
Үй тапсырмасы
- §48 — оқу.
- Кескін картаға Африканың өзендері мен көлдерін түсіріп келу.