Абай ата

Сабақтың тақырыбы

Ұлы Абай – нар тұлға

Мақсаты

а) Танымдық бағыт

Ұлы ақынның даналық сөздерін талдап, мағынасына терең үңілу; оларды есте сақтауға бағыттау; Абайдың парасатты ақын екенін дәлелдей отырып, өнегесін насихаттау.

ә) Тәрбиелік бағыт

Ел бірлігі, ұрпақ келешегі, адам жанының рухани тазалығы туралы ой-толғауларын сезіндіру; шәкірттерді отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа және адамдық асыл қасиеттерге тәрбиелеу.

б) Дамытушылық бағыт

Оқушылардың ақыл-ойын, белсенділігін дамыту; еске түсіру мен есте сақтау қабілеттерін жетілдіру; жүйелі, шешен сөйлеуге дағдыландыру.

Сабақтың сипаты

Сабақтың түрі
Сайыс сабақ
Көрнекілігі
Абайдың суреті; шығармалары; «Абай – ұлы тұлға» газеті; «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» өлеңдер жинағы; өмірінен мәлімет беретін альбом; «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе» материалдары; «Абай жаққан сәуле» буклеті.

Эпиграф

«Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, құрбы, жақсы ұстаздан болады.»

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Баяу күй орындалады. Оқушылар орындарынан тұрып сәлемдескеннен кейін сабақ басталады.

Мұғалім қонақтар мен ұстаздарды, шәкірттерді қарсы алып, бүгінгі «Ұлы Абай – нар тұлға» сабағына қош келдіңіздер деп ықыласын білдіреді.

Кіріспе сөз

Көп адамдар өмірге бой алдырған,
Бой алдырған аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артында сөз қалдырған.

Абай жарқын бейнесімен де, жалынды жырымен де бізбен бірге жасай береді.

Жүргізушілер сөзі

1-жүргізуші

Жүрегін шырақ етіп жандырған кім?
Жырымен жан сусынын қандырған кім?
Қастерлеп сөз асылын өлеңменен,
Мұра ғып кейінгіге қалдырған кім?

2-жүргізуші

Ерте оянып, ойланып, ер жеткен кім?
Талабын тас қияға өрлеткен кім?
Құба жон, құбақан құм, құла қырды,
Өлеңнің бесігінде тербеткен кім?

Абайдың сөзі

Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма.

Түйін ой

Қазақ даласында ақын да, данышпан да көп болғанымен, Абай – біреу-ақ. Абайы бар елдің мерейі үстем.

Ақын тұлғасы дараланған сайын қазақ та биіктей береді. Сол шыңнан көз жазбау — біздің парызымыз әрі қарызымыз.

Жүргізушілер Абай суретінің алдына келіп, тағзым етеді. Ұрпақтың үмітін ақтап, жас өрендердің талап-тілегіне ақ батасын беруін тілейді.

Өлең жолдары

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.