Қарт күліп
Сабақ туралы қысқаша ақпарат
Сынып: 4-сынып
Тақырып: Адал достық
Құндылық: Ақиқат
Қасиеттер: шыншылдық, адалдық, адамгершілік
Сабақтың мақсаты
Оқушылардың шынайылық, шыншылдық және адалдық туралы түсінігін кеңейте отырып, ақиқат құндылығын ояту.
- Ақиқат құндылығына қатысты ұғымдарды (шыншылдық, адалдық, адамгершілік) тереңдету.
- Өзара қарым-қатынаста шыншылдықты, шынайылықты және адал достықты қадірлеуге үйрету.
- Ақиқаттың адам өміріндегі маңызын ұғындырып, шынайы адами құндылықтарға тәрбиелеу.
Сабақ барысы
Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылармен амандасып, «Өзін-өзі тану» сабағының 5Т ережесін қайталаймыз. Сабаққа қатысқаны үшін әр оқушыға 20 ұпай беріледі.
Оқу құралдарын (5 зат) тексеріп, ұпайларды түгендейміз.
Тыныштық сәті
Су асты патшалығына ойша саяхатЫңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз, қолыңызды тізеге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмыңыздар.
Мұғалімнің нұсқауы: Көзіңізді жұмып, бірнеше рет терең тыныстаңыз; денеңізді босатыңыз. Бірнеше секундтан соң теңіз түбіне саяхат жасаймыз.
Теңіз жағасымен келе жатқаныңызды елестетіңіз. Толқындардың жеңіл шалпылына, шағалалардың шуылына құлақ түріңіз. Жалаң аяқтарыңызбен құмды сезініңіз.
Шалғайдан қара нүкте көрінеді. Ол жақындаған сайын, оның дельфин екенін аңғарасыз. Дельфин сізді теңіз түбіне алып кету үшін келіпті. Ол өте әдепті, сізді шыдамдылықпен күтіп тұр.
Жайлап оның арқасына отырыңыз, мықтап ұстап, жолға шығыңыз. Дельфиннің арқасында жайланып отырып, өзіңізді қауіпсіз сезінесіз. Су астында жүзу қандай керемет!
Жан-жағыңызға қараңыз: кемпірқосақтай жарқырап, ары-бері қалқыған әсем балықтар көп. Теңіз түбіне бойлаған сайын айнала өзгере береді: суда тербелген ғажайып балдырлар, орасан зор балықтар… Ал анау жақта — алып сегізаяқ.
Су асты әлемі неткен қызық әрі ғажап! Бір нәрсені байқадыңыз ба? Мұнда тұңғиық тыныштық орнаған. Сол тыныштық күйінде біраз болыңыз.
Енді жоғарыға, өз әлемімізге қайтуға дайындалыңыз. Айналаға тағы бір рет жіті қараңыз: ғажап түстерді көріп, тыныштыққа құлақ түріңіз. Бұл тыныштық сізге самалдай әсер береді.
Дельфин кері қарай жүзе бастады. Сіз су бетіне шығып, жағаға жақындадыңыз. Дельфиннің арқасынан түсіп, оны сипап, осы ғажайып саяхат үшін ризашылық білдіріңіз.
Сыныпқа оралып, өз орныңызға келіңіз. Бірнеше секундтан соң көзіңізді ашыңыз. Осы сезінген тыныштықты бойыңызда сақтауға тырысыңыз.
Үй тапсырмасын тексеру
Төмендегі сұрақтар арқылы үй тапсырмасын талқылаймыз:
- «Адал достық» дегенде нені түсінесіңдер?
- Аңыз әңгімедегі жауынгерлердің достығы адал достыққа жата ма? Неліктен?
Дәйексөз
«Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олардың барлығынан басымы — адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек.»
Талқылауға арналған сұрақтар:
- Адам үшін адал еңбек деген не?
- Ақылды адам қандай болады?
- Жүрегі таза адамдар деп кімді айтамыз?
Мұғалімнің сыйы
Өсиет әңгімеЕрте заманда бір ақылды қария өмір сүріпті. Бір күні оған бір жігіт келіп: «Ақсақал, мен қандай жігітпін? Сынаңызшы» — депті.
Қарт жігітке: «Жолдасыңды көрсет, сонан соң айтамын» — деп жауап беріпті.
Жігіт жолдасын қарияға жіберген екен. Қарт оның жолдасымен ұзақ сөйлесіп, соңында жігіттің өзін шақырыпты. Жігіт келген соң, қарт: «Шырағым, жаман жігіт емессің» — депті.
Жігіт таңданып: «Қалайша олай дейсіз? Мені бұрын көрген жоқсыз ғой» — дейді.
Сонда қарт күліп: «Жігітті жолдасына қарап бағала, дейді халық» — депті.
Шығармашылық жұмыс (топтық жұмыс)
1-топ
Оқулықта берілген жағдаяттарды талдау.
2-топ
Адал достыққа тән қасиеттерді жазу.
3-топ
«Адал достық» тақырыбында 3 мақал жазу.
Топпен ән айту
«Дос болайық, бәріміз!»
Сөзі: Х. Талғаров
Әні: И. Нүсіпбаев
Әрқашан дос біргеміз,
Ажырамас іргеміз.
Ілгері жүріңдер,
Достық жырын біліңдер,
Ту ғып ұстап бірлікті!
Еңбекті сүйіңдер!
Қайырмасы
Дос болайық, бәріміз,
Жарасып тұр әніміз.
Тыныштықты сақтаймыз,
Атсын күліп таңымыз!
Қайраттанып қарышта,
Озып шыққан жарыста.
Батыл бас, жас ұлан!
Самға биік, алысқа,
Жұлдыздарға, ғарышқа,
Бойда күш тасыған.
Үй тапсырмасы
№62-беттегі «Ашу — дұшпан, ақыл — дос» мәтінін оқу.
Соңғы тыныштық сәті
Көздеріңізді жұмыңыздар. Бүгінгі өткен сабақты ой елегінен өткізіңіздер: бұл сабақ өмірлеріңізге өнеге болсын. Тек жақсы, шындыққа сай ойларға көңіл бөліңіздер. Сонда айналамыз жақсылыққа да, ақиқатқа да толары сөзсіз. Енді көздеріңізді ашсаңыздар болады.