Анасын тап

Білім саласы: Таным Бөлімі: Қоршаған ортамен таныстыру

Мақсаты

Ормандағы аңдардың тіршілігі және олардың қысқы табиғатқа бейімделуі туралы түсінік қалыптастыру. Балаларды аңдарды сипаттап, салыстыра білуге жаттықтыру, тілін дамыту, сөздік қорын байыту.

Әдіс-тәсілдер

  • Әңгімелеу
  • Сұрақ–жауап
  • Сергіту сәті
  • Ойын
  • Топтастыру

Көрнекіліктер

  • Орман бейнесі
  • Орман аңдарының суреттері
  • Үнтаспа

Күтілетін нәтиже

  • Білуі керек: орман аңдары — қоян, түлкі, аю.
  • Түсінеді: орман аңдарының қысқы тіршілігін.
  • Қолдана біледі: сұрақ–жауап пен ойын барысында білімін.

Мотивациялық қозғаушылық

Балалар, бүгін күн ерекше әрі керемет. Бір-бірімізге жылу сыйлап, көтеріңкі көңілмен қонақ апайлармен сәлемдесейік.

Өлең шумағы

Аппақ, аппақ қар аппақ, Қар жамылған дала аппақ. Шұғыласын шашатын, Арайланған таң аппақ.

Сәлеметсіздер ме, апайлар!

Сұрақ–жауап

Қазір жылдың қай мезгілі?
Қыс мезгілі.
Қыс мезгілінде ауа райы қандай болады?
Күн салқын, аяз болады.

Негізгі ой

Қыс — аңдар үшін сынақ мезгілі. Сол себепті олардың тіршілігі мен бейімделуін бақылау арқылы біз табиғатқа деген жауапкершілікті үйренеміз.

Іздену-ұйымдастырушылық

Тосын сәт: Маша қонаққа келеді

Маша: Сәлеметсіздер ме, балалар!

Балалар: Сәлеметсіз бе!

Маша: Балалар, мен досым Аюды таба алмай жүрмін. Орманның бәрін іздедім, бірақ табылмады. Маған көмектесесіңдер ме?

Балалар: Иә, көмектесеміз!

Тәрбиеші: Балалар, бұл «Аю мен Маша» ертегісіндегі Маша екен. Қош келдің, төрлет!

Жабайы аңдарды еске түсіру

Сұрақ: Машаның досы Аюды білесіңдер ме?

Жауап: Иә, білеміз.

Сұрақ: Тағы қандай аңдарды білесіңдер?

Жауап: Қоян, түлкі, қасқыр.

Сұрақ: Бұл жабайы аңдар қайда өмір сүреді?

Жауап: Орманда.

Жұмбақтар

  1. Өзі бір қу,
    Жүрген жері айқай да шу.

    Жауабы: Түлкі

  2. Қорбаң-қорбаң етеді,
    Орман оның мекені.
    Тәтті балға тойып ап,
    Қыста ұйқыға кетеді.

    Жауабы: Аю

  3. Көлеңкесінен қорқып безектейді,
    Ал оның баласын көжек дейді.

    Жауабы: Қоян

Орман аңдары қысты қалай өткізеді?

Орман аңдары жылдың әр мезгіліне алдын ала дайындалып, табиғат өзгерісіне бейімделеді. Қыста жейтін азығын кейбірі жаз бойы жинап, кейбірі қыс бойы өзі тауып қоректенеді.

Аю

Жаз бойы денесіне май жинайды. Қыста апанда ұйықтап, көктемде оянады. Балмен де қоректенеді.

Қоян

Қысқа арнайы азық жинамайды. Ағаш бұтақтарын, қабығын, қураған шөптерді қорек етеді. Сәбізді де жақсы көреді.

Түлкі

Иіс сезуі өте жақсы дамыған. Қар астындағы тышқандарды аулап, қорек етеді.

Қорытынды ой

Орманда мекен ететін аңдарға қамқор болуымыз керек. Оларды босқа өлтіруге болмайды — олардың да өз төлдері бар.

Сергіту сәті

Аю құсап қорбаңдап, Түлкі құсап сылаңдап, Қоян болып секіріп, Орнымызды табайық.

Балалар сергіп, көңіл күйі көтерілді.

Дидактикалық ойын: «Анасын тап»

Суреттердегі аналар мен төлдер орындарын ауыстырып алыпты. Енді әр төлді өз анасына сәйкестендірейік.

Төл атауларын қайталау

  • Аюдың баласы — қонжық.
  • Түлкінің баласы — мырша.
  • Қоянның баласы — көжек.

Қимылды ойын: «Аңшы мен қояндар»

Мақсаты: балаларды шапшаңдыққа және аңғарымпаздыққа баулу.

Балалар ойынды қызығушылықпен ойнап, тапсырмаларды белсенді орындады.

Қорытынды және қоштасу

Бүгінгі ұйымдастырылған оқу іс-әрекетіне бәрің де жақсы қатыстыңдар. Қонақ апайлармен қоштасып, «Сау болыңыздар!» деп айтайық.

Маша:

Рахмет, балалар! Мынау сендерге сыйлық. Мен енді үйіме қайтайын. Сау болыңдар!

Балалар: Сау болыңыз, Маша!

Рефлексия

Білу

Орман аңдарын ажыратады: қоян, түлкі, аю.

Түсіну

Аңдардың қыс мезгіліндегі тіршілігі мен бейімделуін түсіндіреді.

Қолдану

Сұрақ–жауапта және ойын барысында алған білімін қолданады.