Леп белгісі

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Пән / сынып
Қазақ тілі, 2-сынып
Сабақтың тақырыбы
Сөйлем соңына қойылатын тыныс белгілері
Сабақтың түрі
Аралас сабақ
Әдістер
Топтастыру, семантикалық карта, сұрақ-жауап
Көрнекілік
Қима қағаздар

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Әртүрлі тапсырмалар арқылы оқушылардың тыныс белгілері бойынша алған білімін тиянақтау, теорияны практикада тексеру, сауаттылығын арттыру.

Дамытушылық

Танымдық ойындар мен тапсырмалар арқылы есте сақтауын, ынтасын арттыру, ойлау қабілетін дамыту.

Тәрбиелік

Тапсырмалар арқылы елжандылыққа, еңбекқорлыққа, шапшаңдыққа баулу, тіл өнерін құрметтеуге тәрбиелеу.

Сабақтың өтілу барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушыларды түгендеу, кезекшінің мәліметін тыңдау.
  • Оқушы назарын сабаққа аудару.
  • Бүгін тыныс белгілері бойынша өткенді еске түсіру.

Үй тапсырмасын бекіту: «Мен бастаймын, сен жалғастыр»

Төмендегі сөйлемдерді толықтырып, ережені еске түсіріңдер:

  1. Сөйлем аяқталған ойды білдіреді.
  2. Сөйлем сөзден құралады.
  3. Сөйлемдегі сөздер бөлек жазылады.
  4. Сөйлемнің бірінші сөзі бас әріппен жазылады.
  5. Сөйлемнің соңына тыныс белгісі қойылады.
  6. Хабарлы сөйлемнен кейін нүкте қойылады.
  7. Сұраулы сөйлемнен кейін сұрақ белгісі қойылады.

Негізгі ережелер

Сөйлем аяқталған ойды білдіреді. Сөйлем соңына нүкте (.), сұрақ белгісі (?) немесе леп белгісі (!) қойылады.

Хабарлы сөйлем — бір нәрсе туралы хабарлау үшін айтылады. Соңына нүкте (.) қойылады.

Сұраулы сөйлем — жауап алу мақсатымен айтылады. Соңына сұрақ белгісі (?) қойылады.

Лепті сөйлем — адамның көңіл күйін, сезімін білдіреді. Көтеріңкі дауыспен айтылады. Соңына леп белгісі (!) қойылады.

Көрініс: «Мен — тыныс белгісімін»

Ілебай

Сен неге үнемі айғайлай бересің?
Сөйлемге қандай мағына бересің?
Жөн-жосығыңды түсіндірші,
Жазуда қай жерде келесің?

Леп белгісі

Мен үнемі айғайлай бермеймін —
Қуана да, күле де аламын.
Кейде өкініп, ренжісем де,
Көбіне көтеріңкі, көңілді боламын.

Әр іске көңіл күйін білдіріп,
Табысқа таңданып, шаттана күлем!
Сөйлемге көтеріңкі дауыс беріп,
Сол сөйлемдердің соңында келем.

Диалог: «Нүкен мен Нүкте»

Нүкен

Ей, кішкентай ғана Нүкте!
Сенің керегің жоқ-ау түкке!
Керек болсаң, айта қойшы,
Сырыңды менен бүкпе.

Нүкте

Мен сөйлемнің соңында тұрам,
Солында емес, оңында тұрам.
Сөйлемдердің жігін ажыратып,
Кідіріс белгісі ретінде тұрам.

Оқулықпен жұмыс

  • Өлеңді мәнерлеп оқу.
  • Сұраулы және лепті сөйлемдерді табу.

Жаттығулар

Ауызша тапсырма

Таңдануды, қуанышты білдіретін лепті сөйлемдерді тауып, айтып беріңдер.

Сұрақ пен жауапты салыстыр

Үйді құрылысшы салады ма?

Үйді құрылысшы салады.

Керiктің мойны ұзын ба?

Керiктің мойны ұзын.

Дәрігер ауруды емдейді ме?

Дәрігер ауруды емдейді.

Сергіту сәті

Суреттер бойынша қысқа әңгіме құрастыр.

1-сурет

Күні бойы доп ойнап шаршаған Еркін сабағына дайындалмай, ерте ұйықтап қалды. Сабаққа киетін киімдерін де әзірлемеді.

2-сурет

Еркін таңертең кеш тұрды. Киімдерін әр жерден іздеп, әрең тапты.

3-сурет

Еркін сабаққа кешігіп келді. Ол бұл қылығына қатты ұялды.

Сәйкестендіру тапсырмасы

Сөйлемдерді түріне қарай сәйкестендір.

Сөйлемдер

  • Қасқырдың төлі не?
  • Мал жайылды.
  • Жүйрік озады!
  • Мысық қалай дыбыстайды?
  • Өркенің өссін, қарағым!
  • Тау алыстан көрінеді.

Түрлері

Хабарлы сөйлем

Нүктемен аяқталады.

Сұраулы сөйлем

Сұрақ белгісі қойылады.

Лепті сөйлем

Леп белгісі қойылады.

Қорытынды: білімді бекітуге арналған тест

  1. Сөйлем айтылу мақсатына қарай нешеге бөлінеді?

    А) 2 Ә) 3 Б) 4
  2. Сұрауға жауап болып келетін сөйлемнің түрі:

    А) сұраулы Ә) хабарлы Б) лепті
  3. Лепті сөйлем дегеніміз не?

    А) бұйыру және жауап алу мақсатымен айтылатын сөйлем Ә) адамның көңіл күйін, сезімін білдіретін сөйлем Б) бірдеңенің жайын хабарлау мақсатымен айтылған сөйлем
  4. Нүкте қай сөйлемнің тыныс белгісі?

    А) лепті Ә) хабарлы Б) сұраулы
  5. Өлең мазмұнына қарай жұмбақталған тыныс белгісін тап:

    Қуану, ренжу, өкіну Ұранды да айтамын Мақсатым — соны сездіру Қарқындап барып қайтамын

    А) нүкте Ә) сұрақ Б) леп
  6. Сұраулық мағына беретін сөзді белгіле:

    А) көтерді Ә) неге Б) айтпа
  7. Сұраулық мағынада тұрған сөзді белгіле:

    А) барма Ә) сүртпе Б) бар ма
  8. Сұраулы мағына беретін сөз сөйлем ішінде қалай оқылады?

    А) бірқалыпты Ә) бәсең дауыспен Б) көтеріңкі дауыспен
  9. Лепті сөйлем қандай мағына білдіреді?

    А) сұраулық Ә) лептік мағына (өтіну, бұйыру, қуану, тілек, арман, сескендіру, ұран) Б) біреу немесе бірнәрсе туралы хабарлау
  10. «Тұр орныңнан!» деген лепті сөйлем қандай мазмұнды білдіреді?

    А) қуану Ә) бұйыру Б) ұран
  11. Лепті сөйлемде лептік мағынаны білдіретін сөздер қалай оқылады?

    А) көтеріңкі дауыспен Ә) бірқалыпты Б) бәсең дауыспен

Үй тапсырмасы

«Тыныс белгілер әлеміне саяхат» тақырыбында өзің қалаған бір тыныс белгісіне ертегі құрастыр.