Бес дұшпан
Сабақтың тақырыбы: Сан есім
Бұл сабақта оқушылар сан есімнің мағынасын, сұрақтарын және сөйлемдегі қызметін тәжірибе арқылы меңгереді. Жұмыс түрлері ойландыратын тапсырмалармен, мәтіндік жаттығулармен және ойын элементтерімен толықтырылады.
Білімділік
Сан есімді өз бетімен жұмыс арқылы меңгерту, білімді жүйелеу және толықтыру.
Тәрбиелік
Бірін-бірі тыңдауға, ынтымақтастыққа және сыйластыққа тәрбиелеу.
Дамытушылық
Шығармашылық қабілеттерін дамыту, жаңа технологияны қолдану арқылы оқу сапасын арттыру.
Сабақ сипаттамасы
- Түрі
- Жаңа сабақ
- Типі
- Жаңа білімді меңгерту
- Әдісі
- Түсіндіру, сұрақ-жауап
Құрал-жабдықтар
- Интерактивті тақта
- Сөзжұмбақ
- Жетондар (ынталандыру үшін)
І. Ұйымдастыру кезеңі
Үлкенге де — сіз,
Кішіге де — сіз,
Бас иеміз сіздерге
Құрметпенен біз.
ІІ. Үй тапсырмасын сұрау (қайталау)
Грамматика бойынша сұрақтар
- Сөздер мағынасына қарай қандай сөз таптарына бөлінеді?
- Сын есім дегеніміз не? Қандай сұрақтарға жауап береді?
- Зат есім дегеніміз не? Қандай сұрақтарға жауап береді?
- Септіктерді ата.
Маусым және табиғат
- Жылдың неше мезгілі бар?
- Көктемгі ауа райында қандай өзгерістер болады?
- Көктемгі мерекелерді ата.
ІІІ. Жаңа сабақ: Сан есім
Тірек мәтін: Абай Құнанбайұлы
Негізгі анықтама
Заттың санын және ретін білдіретін сөз табы — сан есім. Сан есімге неше? нешінші? қанша? сұрақтары қойылады.
Сөзжұмбақ (қызықтыру кезеңі)
Төмендегі сұрақтарға жауап беріп, жасырын сөз тіркесін анықтаңдар:
- Ұлттық ойын
- Ардақты есім
- Қасиетті тағам
- Ыдыс
- Сан
- Тышқанның үйі
- Жеміс түрі
Сұрақ: Қандай сөз тіркесі шықты?
Осы тіркес арқылы бүгінгі тақырыпқа шығамыз.
Абайдан мысал
Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін еске түсірейік. Өлеңде сан есімдер кездеседі ме?
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол.
Бес асыл іс: талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым — ойлап қой.
Бес дұшпан: өтірік, өсек, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ.
IV. Оқулықпен жұмыс
Дәптерімізді ашайық,
Қолға қалам алайық.
Салақтықтан қашайық,
Әдемі етіп жазайық.
3-жаттығу
Берілген сан есімдерді қатыстырып сөйлем құраңдар: біреу, бес, жетінші.
4-жаттығу
Мәтінді көшіріп жазып, сан есімдердің астын сызыңдар:
Станса ауылдан жиырма шақырым жерде. Пойыз сағат бесте жүреді. Әділ стансаға екінші автобуспен келді. Ол — үшінші курс студенті. Жазғы демалыстан соң оқуға бара жатыр.
V. «1001 мақал, 101 жұмбақ» ойыны
Мақалды жалғастыр
- Ер бір рет өледі, қорқақ мың рет өледі.
- Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ.
- Ағайын — алтау, ана — біреу.
- Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады.
- Бір кісі қазған құдықтан мың кісі су ішеді.
- Еріншектің ісі — екі.
Жұмбақ шешу
Елу тісті, екі қолды.
Жауабы: ара
Жүз төрт түйме, он бір ине.
Жауабы: есепшот
Үш қазық, екі желі, тоғыз ноқта,
Теңселіп тербеледі адам соқса.
Шешен тіл, сөзге жүйрік болғанымен,
Не пайда, үндемейді адам жоқта.
Жауабы: домбыра
VI. Сергіту сәті
Жалғыз саусақ тіпті де
Ұстай алмас жіпті де.
Екі саусақ бірікті —
Ине қолға ілікті.
Үш саусағым орамды
Жүгіртеді қаламды.
Өнерлі екен он саусақ —
Қала салсақ, жол салсақ.
5-жаттығу (анаграмма)
Өзгертпе сөзді шеш. Жұмбақтың екі бөлігін қосып, құралдың атауын тап:
Бірінші менің бөлігім —
Шұңқырмын, екі-ақ әріппін.
Екінші менің бөлігім —
Бір түсті, жұртқа таныспын.
Екеуін қоссақ жөнімен,
Орасың шөпті онымен.
Жауабы: орақ
VII. Қорытынды
Бекіту
Тақырыпты қорытындылау үшін тест жұмысы орындалады: сан есімді табу, сұрақ қою, сөйлем ішіндегі қызметін анықтау.
VIII. Үй тапсырмасы
Сан есімге қатысты жұмбақ немесе мақал-мәтел жаттап келу.
IX. Бағалау
Оқушылардың белсенділігі мен тапсырмаларды орындауына қарай бағалау жүргізіледі. Жетістік көрсеткен оқушылар мадақталады.