Тәрбиеленушілердің жауаптарын тыңдау
Тәрбие сағаты
Мейірімділік сенен басталады
Бұл тәрбие сағаты сын тұрғысынан ойлау технологиясы негізінде құрастырылған. Негізгі ой — жақсылық пен жамандықтың өмірде қатар жүретінін түсіндіру және әр адамның таңдауына жауапкершілікпен қарауға жетелеу.
Мақсаты
Тәрбиеленушілердің мейірімділік пен қайырымдылық құндылықтары туралы түсінігін кеңейту, «қайырымды адам» бейнесін нақтылау және жақсылық пен жамандықтың адам өмірінде әртүрлі көрініс табатынын ұғындыру.
Міндеттері
- Мейірімділіктің адам өміріндегі мәнін ашу.
- Жақсылық жасаудың қуаныш әкелетінін сезіндіру.
- Жақсылықты түсінуге, жақсы іс жасауға ынталандыру.
Сабақтың жүру барысы
1) Ұйымдастыру бөлімі
Тәрбиеленушілерге өздеріне ұнайтын түсті таңдауды ұсынамын. Үш топқа бөлемін: сары, жасыл, қызыл (әр топта 5 баладан). Балалар таңдаған түсі бойынша топқа бірігеді.
2) Ой шақыру
Тақырыпты ашпас бұрын балаларға слайд-шоуды мұқият қарауды сұраймын (жай музыка қосылады). Содан кейін өздері бүгінгі сабақтың тақырыбын табады.
Тәрбиеші сұрағы
«Бүгінгі тәрбие сағатымыздың негізгі тақырыбы қандай болады деп ойлайсыңдар?»
Балалардың жауаптарын тыңдай отырып, сабақты мейірімділік тақырыбына бағыттаймын: жақсылық пен жамандық қатар жүреді, ал адам таңдауын күн сайын ісімен дәлелдейді.
Талқылауға арналған сұрақтар
Оқушылардың ойлауын белсендіру үшін төмендегі сұрақтар бойынша пікір алмасу ұйымдастырылады:
Жақсылық пен жамандық
Осы ұғымдарды қалай түсінесіңдер?
Үйрену жолы
Жақсы болуды, жақсылық жасауды қалай үйренуге болады?
Жақсы сөз
Жақсы сөз айту жақсылыққа жата ма?
Жас ерекшелігі
Жақсылық жасау адамның жасына байланысты ма?
Қасиеттер
Жақсы адамның бойында қандай қасиеттер болады?
Видеомысалдар арқылы жұмыс
Ойды тереңдету үшін әр топқа мазмұны әртүрлі үш видеомысал ұсынылады. Әр топ көргенін талдап, ортақ қорытынды шығарады.
I топ: «Жақсылық сынықтары»
- Бұл мысалдан нені ұқтыңдар?
- Әже неге көп жылдар бойы әйнек сынықтарын жинады деп ойлайсыңдар?
- Егер адамдар әженің не істеп жүргенін білсе, қандай әрекет жасар еді?
II топ: «Мейірімділік әлемді құтқарады»
- Көргеннен кейін қандай сезімде болдыңдар?
- Адам жасаған жақсылығының қайтарымын сұрауы керек пе?
- Жүректі жамандық билесе, жақсы адам болу мүмкін бе? Бұл ойдан қандай қорытынды шығарамыз?
III топ: «Екі қасқыр» әңгімесі
- «Екі қасқыр» нені меңзейді?
- Жақсылық пен жамандық бірге жүрсе, қайсысы жеңеді?
- Жақсылық жеңуі үшін адам не істеуі керек?
- Үш мәтіннің арасында байланыс бар ма? Бір-бірін толықтыра ма?
Қимыл-қозғалыс ойыны: «Аралас – Қатып, қозғалма – Топтас»
Сергіту әрі пікір жинақтау мақсатында оқушыларға қалам мен қағаз беріледі. Бір минут ішінде мәлімет жазып үлгеруі керек.
Негізгі сұрақ
«Мейірімді адам деген қандай адам? Біздің балалар үйінде ең мейірімді, ең қайырымды адам деп кімді атар едіңдер?»
Ойын тәртібі
- 1 «Аралас» — оқушылар бөлме ішінде жүріп, бір-бірінен жауап жинайды, қағазға қысқаша жазады.
- 2 «Қатып, қозғалма» — бәрі орнында тоқтап қалады.
- 3 «Топтас» — оқушылар өз топтарына қайта отырады.
Маңызды шарт
Жауаптар жиналып, сабаққа қатысып отырған үлкендерге тапсырылады. «Ең мейірімді, ең қайырымды» деп танылған адамның есімі сабақ соңына дейін құпия сақталады.
Тәрбиешінің пікірі
Мейірімді адам — сөзі мен ісі үйлесетін, айтқанын өзі де ұстанатын адам. Ол түсінуге тырысады, бірақ пайда іздемейді. Адам дүниеге ештеңе талап етіп келмейді: жақсы мен жаманды өскен соң өзі таңдайды.
Жағдаяттар және шығармашылық жұмыс
Жағдаяттан шығу жолы
Оқушыларға бірнеше жағдаят ұсынылады. Әр топ тығырықтан шығудың амалдарын айтып, өз ойларын ортаға салады. Жауаптар тыңдалып, қысқаша талданады.
Шығармашылық тапсырма
Слайдта көрсетілген сурет бойынша ой бөлісу ұйымдастырылады: оқушылар суреттен қандай мейірім көріністерін байқағанын айтып, өмірмен байланыстырады.
Қорытынды: «Жүректен жүрекке»
Сабақты қорытындылай отырып, «Жүректен жүрекке» ниетімен оқушыларға кішкентай жүрекшелер таратылады. Әркім өз тілегін қалаған адамына жазып, тапсырады.
Рефлексия сұрақтары
- Бүгінгі сабақтан қандай ой түйдіңдер?
- Қандай адами құндылықтар мен қасиеттер туралы білдік?
«Алтын жүрек» иесін анықтау
Сабақ басында жиналған жауаптар негізінде үлкендер қорытынды жасап, «ең мейірімді, ең қайырымды» адамды анықтайды. Жеңімпаз «Алтын жүрек» жүрекшесімен марапатталады.
Өткізілген орны және авторы
Мекеме
№8 отбасылық үлгідегі балалар үйі (КММ)
Өткізген
Ермухамбетова А. С.