Егемендік мәңгілік Әні мен сөзі

Сабақ туралы мәлімет

Тақырып

«Тәуелсіздік тұғырым» (4 оқушы)

16 желтоқсан — Тәуелсіздік күніне арналған «Біз тәуелсіз елдің ұрпағымыз» атты үздік сабақтар бәйгесі.

Сабақ түрі

Топтық сабақ

Көрнекіліктер

  • Отан туралы нақыл сөздер
  • Суреттер
  • Интерактивті тақта
  • Жалаушалар, шарлар
  • Сыйлықтар

Музыкалық құралдар

  • Сырнай
  • Домбыра
  • Дауылпаз
  • Ксилофон
  • Сылдырмақтар

Сабақтың мақсаты

Түзете-дамыту

Оқушыларға Қазақстан биіне тән қол-аяқ қимыл-қозғалыстарын орындату арқылы ырғақ сезімін дамыту.

Тәрбиелік

Тәуелсіздік үшін күрескен, ел-жерінің азаттығы жолында құрбан болған батырлардың ерлігін үлгі ете отырып, оқушыларды Отанын, туған жерін, халқын сүюге, патриоттыққа және мемлекеттік рәміздерді қастерлеуге тәрбиелеу.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру бөлімі

  • Амандасу рәсімі.
  • «Шаттық шеңбері» (аяқпен «топ-топ» әнімен).
  • Өткен сабақты қайталау, еске түсіру.
  • Жаңа тақырыпқа сай мағлұмат беру, сұрақ-жауап арқылы кеңінен таныстыру.

II. Негізгі бөлім

1) Тақырыпты түсіндіру

Сіздерді алда келе жатқан 16 желтоқсан — Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ғасырлар бойы халқымыз аңсаған тәуелсіздік пен егемендікті биікке көтеретін бұл күн — әрбір азамат үшін қастерлі мереке.

1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданып, еліміз өз мемлекеттілігін жариялады. Осыған байланысты Тәуелсіздік күні жыл сайын мемлекеттік мереке ретінде аталып өтеді.

а) Слайд-материал

Тәуелсіздік күніне арналған слайд көрсету: Қазақстанның өткені, бүгіні және болашағы туралы түсіндіру, оқушылар санасына сіңіру.

ә) Ән үйрену

«Егемендік мәңгілік» әнін жаттату (әні мен сөзі: Ж.Н. Хасанов).

«Егемендік мәңгілік» әні (мәтін)

1-шумақ

Желтоқсанның сол бір ызғары, Жастарымның ойын қозғады. Бізге елдің көсемі керек, — Деді ұл мен қазақ қыздары, Деді ұл мен қазақ қыздары.

Қайырмасы

Төбемізде құстар сайрасын, Бағымызда гүлдер жайнасын. Егеменді туым желбіреп, Мәңгі болашақ таңы атсын. Егеменді туым желбіреп, Мәңгі болашақ таңы атсын.

2-шумақ

Жарқылдаған арман ойлары, Сол кездері көпке бармады. Аждаһаға қарсы көтерген, Ұрандары қанға боялды, Ұрандары қанға боялды.

Қайырмасы (2)

Біздер үшін қиған жандарын, Қайрат, Ләззат, Ербол — балдарың. Ұмытпайды мәңгі сіздерді Егеменді мәңгі Алаш қазағым.

2) Ырғақты-қозғалыс жаттығулары: «Қазақстан биі»

  1. Бастапқы қалып: балалар қаз-қатар тұрып, қолдарына жалауша ұстайды. Кейін барлығы бір-бірінің қасына келіп, қатарға тұрады.
  2. Қадам: алдымен оң аяқпен бір қадам алға шығып, қайта орнына келеді; дәл осылай сол аяқпен қайталайды.
  3. Қол қимылы: сол қолдағы жалаушаны жоғары-төмен бағытта қозғайды.
  4. Қозғалыс ауысымы: барлығы бір нүктеге жиналып, кейін бастапқы қалыпқа қайта оралады. Жаттығу бірнеше рет қайталанады.

3) Сергіту сәті

«Аю әні» атты бейнеролик арқылы сергіту жаттығуларын орындату.

4) Дидактикалық ойын: «Тауып көр»

Мақсаты: қырағылыққа баулу, пішіндерді танып-үйрену, түстерді ажырату, сандарды меңгерту, шапшаңдықты және өздігінен ізденуді дамыту, ойлау қабілетін жетілдіру.

Шарты: мұғалім жұмбақ жасырады. Балалар табылған жауаптардың бірінші әріптерін тақтаға ретімен жапсырады. Нәтижесінде «ҚАЗАҚСТАН» сөзі шығады.

Жұмбақтар

  1. Әжем қолмен сығып, далада кептірген. Қатты әрі тәтті — кім бар оны жеп көрген? (Құрт)
  2. Қалпағы ақ, қарасаң — дәрігер емес, бірақ ол. Дәмді тамақ қаласаң, саған ұсынып тұрады ол. (Аспазшы)
  3. Түрі жылқы бейнесі, жолақ-жолақ жейдесі. (Зебра)
  4. Әдемі түнде, ұқсайды күнге; ал мен жүрсем, жүреді бірге. (Ай)
  5. Алыстан қарасаң аппақ, дәмін татсаң тәтті-ақ. (Қант)
  6. Уақытты өлшеп санап, таппайды бір тағат. Айтыңдаршы, балалар, бұл не сонда? (Сағат)
  7. Аяғы бар, басы бар, үстінде және тасы бар. (Тасбақа)
  8. Терезеге қарасам, әдемі өрнек салыпты. Қысты күні әп сәтте тоңдырады халықты. (Аяз)
  9. Асты тас, үсті тас, ортасында піскен ас. (Нан)

5) Музыка-терапияға арналған жаттығулар

Фонематикалық естуді дамыту: айналадағы дыбыстарды бір-бірінен ажыратуға үйрету.

Құралдар

Ағаштан жасалған бұйымдар, металдан жасалған ашқыштар, қоңырау және т.б. Балама ретінде музыкалық аспаптарды қолдануға болады.

6) Жалпы тіл кемістігіне арналған жаттығулар (II–III деңгей)

Әндерді әуенге салып, екпінмен, жоғары және төмен дауыспен айтқызу арқылы сөйлеу дағдыларын дамыту.

III. Қорытынды бөлім

Сұрақ: 16 желтоқсанда қандай мерекені атап өтеміз?

Сұрақ: Мемлекеттік рәміздерімізді білесіңдер ме?

Сұрақ: Ән мен би сендерге ұнады ма?

Сұрақ: Әнде не туралы айтылды?

Рефлексия: Бір-бірімізге бүгінгі сабақта жеткен жетістіктерімізді айтып шығайық.

IV. Үй тапсырмасы

  • «Егемендік мәңгілік» әнінің сөзін және әуенін жаттау, қол қимылдарымен көрсету.
  • «Қазақстан биінің» элементтерін қайталап келу.

Сабақты аяқтау

Оқушыларды мадақтап, бағалау; түрлі сыйлықтар беру арқылы ынталандыру.

Автор туралы

Батыс Қазақстан облысы әкімдігі білім басқармасы, Казталов ауданының психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің саз-ырғақ мұғалімі.

Хасанов Жеңіс Ниетқалиұлы