Домбыра өлеңі
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: Умарова Назгүл Сейпатталқызы
Сабақтың тақырыбы
Көркем сөздің зергері – Ілияс Жансүгіров. «Домбыра» өлеңі.
Сабақтың түрі
Жаңа тақырыпты меңгерту сабағы.
Көрнекілігі
І. Жансүгіровтің портреті, еңбектеріне арналған шағын кітап көрмесі.
Пәнаралық байланыс
Музыка, тарих.
Сабақтың мақсаты
- Танымдық мақсат: І. Жансүгіровтің өмірі мен шығармашылығымен таныстыру; өлеңді оқыта отырып ақын әрі аудармашы ретіндегі тұлғасын ашу; өлең мазмұнын меңгертіп, негізгі идеясын талдату.
- Дамытушылық мақсат: оқушының ой-қиялына ерік беріп, өзіндік қорытынды жасауға баулу; шығармашылыққа, мәнерлеп оқуға дағдыландыру; ойлау әрекеттерін белсендіру және дамыту.
- Тәрбиелік мақсат: І. Жансүгіровтің әдеби мұрасын құрметтеуге тәрбиелеу.
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
- Сабақтың мақсаты мен міндеттерін түсіндіру.
- Үй тапсырмасын «Өрмекші» ойыны арқылы тексеру (әр партаға берілген тапсырмалар).
№1
Тәуелсіздік тақырыбына не дайындадың?
№2
Б. Майлинге байланысты ассоциация құрастыр.
№3
Б. Майлиннің «Даудың басы — Дайрабайдың көк сиыры» шығармасындағы кейіпкерлерді ата.
№4
Шығарманың шешімі қандай болды?
2) Жаңа сабақ
Өнерлілер өлкесі атанған Жетісу жері — ақындықтың ақ ордасындай. Сол ортадан суырылып шыққан, шоқтығы биік, тұлғасы ерен, кеудесінде күй күмбірлеп, жүрегінен ән тербелген ақын — қазақ әдебиетінің ірі қалам қайраткері Ілияс Жансүгіров.
Ілияс ауыз әдебиетінен, Абай поэзиясының тілінен көп үйреніп, оны түрлендіріп, жаңғыртып, жаңа өріске пайдаланды. Ол қазақтың поэтикалық тіл мәдениетіне айрықша үлес қосты: әрбір сезім, қимыл, көрініс, құбылыс шығармаларында жалаң берілмей, тапқыр теңеу, ұтымды эпитет, метафоралар арқылы бейнеленеді. Өлең құрылысындағы шеберлігі де — ақындық қолтаңбасының айқын белгісі.
Назарға ұсынылатын материалдар (слайд мазмұны)
- «Көркем сөздің зергері» тақырыбы.
- І. Жансүгіровтің портреті.
-
Шығармашылық қыры:
- Лирика: «Әкемнен қалған көз еді», «Өнер — оқу — жастың қару-жарағы», «Бүгінгі дала».
- Өнер тақырыбы: «Әнші», «Күй», «Күйші», «Әншіге», «Домбыра», «Бұлбұлға».
- Проза: «Жолдастар» романы, «Жол аузында», «Құқ» жинағы.
- Поэма: «Құлагер».
- Драма: «Мектеп», «Райхан», «Исатай — Махамбет», «Кек».
Өмірбаяннан негізгі деректер
- Қарағандыдағы 7 жылдық мектепте оқыды.
- 1920 ж. Ташкентте 2 жылдық мұғалімдер курсында білім алды.
- 1922 ж. мұғалім болды, «Тілші» газетінде еңбек етті.
- 1924 ж. Алматыдағы Халық ағарту институтында оқыды.
- 1924–1928 жж. Мәскеудегі Журналистика институтында оқыды.
- 1928 ж. «Еңбекші қазақ» газетінде жұмыс істеді.
«Кең дала мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы, қасиетті аспабы — домбыра. Оның сымдай тартылған қос ішегінде сан алуан ғасырлардың ақыл-ойы, көңіл күйі жатыр. Домбыра — елдің көнекөз шежіресі, көпті көрген қарияның көңіл күйі!»
3) Оқулықпен жұмыс
Оқушылар оқулықтан І. Жансүгіров туралы мәтінді бөліктерге бөліп оқиды, мазмұнын әңгімелейді. Тақырыпты бекіту үшін ақынның бірнеше қырын (балалық шағы, сөз зергерлігі, аудармашылығы) топтастырып талдайды.
4) «Домбыра» өлеңін оқу және талдау
Талдау сұрақтары
- Өлең құрылысынан қандай ерекшелік байқадыңдар?
- Бұл ерекшелік өлеңнің оқылуына қалай әсер етеді?
- Домбыраның құдіреті қандай сөздер арқылы ашылған?
Көркемдік тәсіл: риторикалық сұрау
Риторикалық сұрау (лепті сұрау) — ойды, сезімді әсерлі жеткізу үшін жауабы өзінен-өзі айқын нәрсені сұрау түрінде леппен айту. Мұндай сұрақ жауапты қажет етпейді: жауабын оқырман өзі түйсінеді.
Домбыра туралы аңыздарға кіріспе
Домбыра жайында ел ішінде аңыз көп. Домбыраның қасиетін тереңірек ұғыну үшін сабақта екі аңыз оқылады.
5) «Домбыра — дастан» (аңыз)
Ертеде қаһарлы ханның жалғыз бойжеткен қызы бір ханның баласына атастырылғанына қарамастан, кедей жігітке ғашық болып, көңіл қосады. Мұны білген хан жігітті дереу дарға асуға бұйырады.
Мыстан кемпір жаңа туған сәбилерді жапан түзге апарып, жап-жасыл мәуелі қарағаштың басына қызды шығысқа, ұлды батысқа қаратып іліп кетеді. Нәрестелердің көз жасы тамған бұтақтар бірте-бірте суалып, қуара бастайды. Қос жүрек соғуын тоқтатқанда, бәйтерек те өсуін доғарады.
Шаранасын жарып шыққан егізін аңсаған ана іздеп жолға шығады. Бармаған жері қалмайды: күлкісіз күндер, ұйқысыз түндер, арманды айлар, жылаулы жылдар өтеді. Бірде әбден шаршаған қыз қурап, күйреуге айналған биік ағаштың түбіне келіп қисаяды. Ұйықтап кеткен оны әлдебір сырлы саз оятады: ән салып тұрған — қасындағы ағаш.
Ана күнде келіп, сол әуенмен көңіл жұбатады. Ақыры құпиясын аңғарып, қарағаштың жуан түбінен жіңішке басына дейін қуыс екенін көреді. Ұшар басының екі жағында бұтақтан-бұтаққа керіліп қалған ішектер бар екен: батыс жақтағы ішек бостау, шығыс жақтағы ішек қатты тартылған.
Сонда ана қуыс ағаштан аспап жасап алып, әлгі екі ішекті соған тартады. Шертіп көрсе, құлақ тұндырар керемет үн шығады. Бостау тартылған ішектің үні мұңды болғандықтан ұлын Мұңлық, ал қатты тартылған ішектің үні ащы, зарлы болғандықтан қызын Зарлық деп атап, күндіз-түні күй шертіп, ел кезіп, егізін іздеп кеткен екен.
6) Сергіту сәті
Музыка ойнап тұрған уақытта мақал-мәтелдердің сыңарын тауып, тапсырманы аяқтау.
7) «Ақсақ құлан» аңызы
Жошы хан баласымен отырған кезде, үстіне Асан қайғы кіріп, тағзым етіп амандасады. Хан төрге шақырып, әлемнің төрт бұрышын аралап келген кісіден көрген-білгенін сұрайды: «Естігеніңді емес, көргеніңді айт», — дейді.
Асан қайғы Сарыауыл деген жерде құландардың үлкен табыны барын, оларды ешкім атып ала алмайтынын айтады. Себебі табын бастаушысы — Ақсақ құлан. Ол адамдардың тілін түсінетін, тіпті табиғатқа әсер ететін қасиеті бар деседі.
Ханның баласы сенбей, қырық жігітімен барып Ақсақ құланды атып әкелетінін айтады. Сарыауылға жетіп, құландарды атпақ болғанда, Ақсақ құлан алға шығып осқырынып, жерді тепкілейді. Сол сәтте қара шаң көтеріліп, айналаны тұмшалап кетеді. Қара тұман ішінде үрейлі дауыс құландарға: «Қызыл киімді адамды жаншып, аңшылардың жанынан өтіп кетіңдер!» — деп бұйырады.
Жігіттер ханның баласын жермен-жексен болған күйінде әрең табады. Қорыққанынан ешкім ханға шындықты айта алмай, баласының өлімін жасырады.
Жошы хан қаһарланып: «Кімде-кім балам туралы жаман хабар әкелсе, аузына қорғасын құямын!» — деп жарлық етеді. Қатал ханға қаралы хабарды жеткізуге ешкімнің батылы бармайды.
Сонда ұлы жыршы, күйші Кетбұға ақыл тауып, қаралы хабарды күй арқылы естіртеді. Күйді тыңдаған хан: «Доғар! Бұл не тартып отыр? Баламның өлімін айтты ғой. Қорғасын әкеліңдер!» — дейді.
Кетбұға: «Хан ием, менен ешбір сөз шыққан жоқ. Сөйлеген — мына домбыра», — деп жауап береді. Сонда Жошы хан: «Онда домбыраға қорғасын құйыңдар!» — деп бұйырады. Сол құйылған орын домбыраның дыбыс ойығы аталып кеткен дейді.
Түйін
Қазақтың қасиетті қара домбырасы ұлы күйшілердің қолында өз үнімен аттың шабысын да, адамның қуанышын да, қайғысын да жеткізді. Асыл мұраның бірі — күй өнері. Оны өшірмей жеткізген екі құдіретті күш бар: бірі — домбыра, екіншісі — сол домбыраны сөйлетіп, халыққа рухани қуат берген сазгерлер.
Домбыра күйге ғана қызмет етпейді: ән орындауда да сүйемел аспап ретінде кең қолданылады. Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Әміре Қашаубаев секілді әншілер домбыраның әнге әр беріп, орындаушыға демеу болатынын дәлелдеді.
8) Танымдық дерек: «Домбыра» атауының шығуы
1-нұсқа
Кей деректерде «домбыра» сөзі арабтың «дунбахи-бурра» тіркесінен (яғни «қозы-құйрық») қалыптасқан делінеді. Домбыраның тұрпаты қозының құйрығына ұқсайды деген тұжырым айтылады.
2-нұсқа
Кей зерттеушілер атау «Домвира» деген қыз есімінен шығуы мүмкін деп топшылайды.
3-нұсқа
«Ішекті дәл бұра», «дұрыс күйле», «ішекке дем бұра» секілді ұғымдардан «дем бұра» → «домбыра» болып қалыптасуы мүмкін деген болжам бар.
9) Музыкадағы жаңа жанр туралы қысқаша мәлімет
Жас күйші Асылбек Еңсепов эстрада мүмкіндігін пайдаланып, қазақ күйлерін жаңа форматта ұсынғанда, жастар жоғалтқан қазынасын қайта тапқандай серпілді. Күйді осындай әдіспен жеткізудің кілтін тапқан тұлғалардың бірі — оның әкесі Жасарал Еңсепов: ол күйді ғылыми тұрғыда зерттеп, мектеп бағдарламасына енгізуді көздеп, осы бағытта оқулықтар жазған.
ДЭККО жанры
Жасарал Еңсепов енгізген бұл атау мына сөздердің бас әріптерінен құралған:
- Д — домбыра
- Э — эстрада
- К — күй
- К — компьютер
- О — орындаушы
Жаңа бағытты мысал ретінде А. Еңсеповтің орындауындағы Т. Мұхамеджановтың «Детство» ән баянын тамашалау ұсынылады.
10) Қорытынды
Топтастыру
Ақын шығармашылығы, өлеңнің идеясы және домбыра тақырыбы бойынша ойды жүйелеу.
Бағалау
Мәнерлеп оқу, талдау сапасы, белсенді қатысуы бойынша қалыптастырушы бағалау.
Үй тапсырмасы
- І. Жансүгіровке хат жазу.
- «Домбыра» өлеңін мәнерлеп оқуға дайындалу.