Бала тәрбиесінде ата - аналардың рөлін көрсету балалармен ортақ тіл табысуға үйрету

Тақырыбы

Отбасы – адамгершілік құндылықтарының негізі.

Мақсаты

  1. Бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлін көрсету және балалармен ортақ тіл табысуға бағыт беру.
  2. Ата-аналарды балаларға жауапкершілікпен қарауға шақыру.
  3. Баланың бүгінгі қадамы ертеңгі тұлға ретінде қалыптасуына үлкен әсер ететінін атап өту.

Міндеттері

  1. Балаларды адамгершілікке тәрбиелеудегі ата-ананың жауапкершілігін түсіндіру.
  2. Мектептегі оқу-тәрбие үдерісінде ата-ананың рөлін айқындау.
  3. Оқушыларды тәрбиелеуде мұғалім мен ата-ананың бірлесіп жұмыс жасауын жүйелеу.

Құралдар мен тәсілдер

Көрнекіліктер

Интербелсенді тақта, үлестірмелі қағаздар, плакат, қима қағаздар.

Әдіс-тәсілдер

Пікірлесу, сұрақ-жауап, «Ұлпа қар» ойыны, ой бөлісу, постер қорғау.

Жиналыс барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Ата-аналарды ортаға шығарып, шеңбер тәрізді тұрғызып, «Шаттық шеңберін» құру ұсынылады.

Сәлеметсіздер ме, құрметті ата-аналар мен қонақтар! Бүгінгі жиналысты ерекше форматта өткізуді мақсат еттім. Мен 6 «А» сыныбына жетекшілік еткеніме көп болған жоқ, сіздермен алғаш рет кездесіп отырмын. Сондықтан әуелі танысудан бастайық.

Интербелсенді тақтадағы «Мен кіммін?» және «Мен қандаймын?» сұрақтарына жауап береміз.

Мен — Маханбетова Күнсұлу Нұрадинқызы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Кейін ата-аналар кезекпен өздерін таныстырып, кімнің ата-анасы екенін және өздерін қандай адам ретінде сипаттайтынын айтады.

2) Кіріспе сөз

Ұлы Абай: «Бір ғана қуанышым бар — ол менің балаларым», — деген екен.

Әрбір ата-ана баласының денсаулығы мықты, білімді, талапты болып өсуін қалайды. Бірақ ең маңыздысы — баланың жақсы адам болып қалыптасуы: қоғамға пайда келтіріп, «Адам» деген жоғары атаққа лайық болып, өмір сынақтарынан сүрінбей өтіп, жетістікке жетуі.

Баланың болашағы мектептен алған білімі мен тәрбиесіне де байланысты. Осы орайда 6 «А» сыныбы оқушыларының ІІІ тоқсан бойынша үлгерім көрсеткішіне назар аударылады:

  • Үлгерім мониторингі интербелсенді тақтада көрсетіледі.
  • Ата-аналар оқушының табелімен танысып, қол қояды.

3) «Ұлпа қар» ойыны

Қатысушыларға ақ қағаз таратылады. Мұғалімнің нұсқауымен тапсырмалар орындалады. Нұсқауды өз түсінігі бойынша орындау маңызды, сұрақ қоймайды.

  1. Қағазды бір рет бүктеңіз.
  2. Жоғарғы оң жақ бұрышын қиыңыз.
  3. Тағы бір рет бүктеп, астыңғы сол жақ бұрышын қиыңыз.
  4. Тағы бір рет бүктеп, жоғарғы сол жақ бұрышын қиыңыз.
  5. Тағы бір рет бүктеп, оң жақ бұрышын қиыңыз.

Қағазды ашып, шыққан бейнені салыстырамыз: кімнің «ұлпа қары» бір-біріне ұқсайды, ал кімдікі өзгеше? Осы айырмашылықтар қандай ойға жетелейді?

4) Психологиялық талқылау

«Бауырсақ» ертегісін психологиялық тұрғыда талдап, ой бөлісу және пікір алмасу ұйымдастырылады.

1-ақиқат: Отбасы мүшелерін толықтыру мәселесіне саналы түрде көңіл бөлу.

2-ақиқат: Балаңызды ешқашан қараусыз қалдырмаңыз.

3-ақиқат: Балаңызды қоршаған ортамен дұрыс қарым-қатынас жасауға үйретіңіз.

4-ақиқат: Адамдардың ниетін түсінуге, жақсы мен жаманды ажыратуға баулыңыз.

5-ақиқат: Балаңызға түрлі келеңсіз жағдайлар мен оқыс оқиғалардан жол тауып шығуды үйретіңіз.

5) Топтық жұмыс: постер қорғау

Ата-аналар үш топқа бөлінеді. Әр топ берілген тақырып бойынша постер дайындап, қорғайды. Плакатта сурет, сызба, тірек сөздер қолдануға болады.

Үлгілі ата-ана

Жауапкершілік, үлгі көрсету, қолдау, талап пен мейірім тепе-теңдігі.

Үлгілі отбасы

Береке, сыйластық, бірлік, ашық қарым-қатынас, ортақ құндылық.

Үлгілі бала

Тәртіп, еңбекқорлық, ізденіс, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық.

Қорытынды

Ата-ана өміріндегі ең қымбат қуаныш — перзент. Баланың бойында туған үйдің жылуы ұзақ жылдар сақталып, жүрегінде мәңгі қалады.

Отбасы — бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері ерекше. Осы жолда мектеп пен ата-ана бір мақсатқа жұмылып, бірлесе әрекет еткенде ғана нәтиже терең әрі тұрақты болады.

Қатысып, ой бөліскендеріңіз үшін рақмет!