Балалар біз жаңа қонақтармен сәлемдестік

Білім беру саласы және сабақтың бағыты

Білім беру саласы
Қатынас
Оқу іс-әрекет түрі
Тіл дамыту
Тақырыбы
«Сәлем — сөздің анасы»

Сабақтың мақсаты

  • Балаларды сәлемдесудің түрлерімен таныстырып, оның инабаттылық, әдептілік, адамгершілік қасиет екенін түсіндіру және білімдерін нығайту.
  • Логикалық ойлау қабілетін, дүниетанымын және сөйлеу мәдениетін дамыту.
  • Үлкенді сыйлауға, кішіге ізет көрсетуге, сыйластық пен ынтымақтастыққа тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер және көрнекіліктер

Әдіс-тәсілдері

Сұрақ-жауап, әңгімелеу.

Көрнекіліктері

Слайдтар, мақал-мәтелдер.

Ұйымдастыру кезеңі

Ерте-ерте ертеде, кең сарайлы өлкеде үлкен патшалық болыпты. Бұл патшалықта ақылды да сүйкімді «Жұлдыз» тобының бүлдіршіндері өмір сүріпті. Сол бүлдіршіндермен танысқыларыңыз келсе, қанеки, оларды ортаға шақырайық.

Балалар шеңбер жасап тұрады. Ұяң да үркек балапандай, «шөжелер биінің» бір-екі қимылын көрсетеді.

Шеңбердегі көңіл күй өлеңі

Біз қандаймыз, қандаймыз, Шұғылалы таңдаймыз. Күлімдеген күндейміз. Ренжуді де білмейміз, Қуанамын мен де, Қуанасың сен де, Қуанайық, достарым, Арайлап атқан күнге.

Әңгіме: мезгіл және алғашқы сұрақтар

Сұрақ-жауап үлгісі

  • Сұрақ: Қазір қай мезгіл? Жауап: Қыс мезгілі.
  • Сұрақ: Қыста ауа райы қандай болады? Жауап: Суық.
  • Сұрақ: Сендерге жылдың қай мезгілі ұнайды? Несімен ұнайды? Жауап: Балалардың жеке пікірлері тыңдалады.

Біз жаңа қонақтармен сәлемдестік. Ендеше, «сәлемдесу» сөзін қалай түсінесіңдер?

Негізгі бөлім: «Сәлем — сөздің анасы»

Ата қазақ «Сәлем — сөздің анасы» деп, сәлемдесуге ерекше мән берген. «Сәлем» сөзі араб тіліндегі тыныштық пен бейбітшілік мағынасын білдіретін «Ассалаумағалейкум» сөзінен тараған. Мағынасы: «Сізге Алланың нұры жаусын».

Әдеп нормасы

Жасы кіші адам жасы үлкенге алдымен сәлем береді. Сәлем алушы «Уағалайкум ассалам» деп жауап береді. Бұл да: «Алланың нұры сізге де жаусын» деген ізгі тілек.

Сәлемдесудің түрлері

  • Иіліп сәлемдесу
  • Қол беріп сәлемдесу
  • Маңдайынан иіскеп сәлемдесу

Ұлттар және амандасу мәдениеті

Қазақ халқынан бөлек қандай ұлттарды білесіңдер? Мысалы: орыс, ұйғыр, түрік, өзбек, кәріс, күрт және басқа да ұлттар. Түрлі елдің амандасу үлгілерін слайд арқылы көріп, бірге қайталауға болады.

Мақал-мәтелдер

  • 1. Сәлем — сөздің анасы.
  • 2. Жақсы сөз — жарым ырыс.
  • 3. Кішіден — ізет, үлкенге — парасат.
  • 4. Әдептілік белгісі — иіліп сәлем бергені.
  • 5. Сәлем беру — абырой, сәлем алу — абырой.
  • 6. «Сіз» деген — әдеп, «біз» деген — көмек.
  • 7. Әдепті бала алыстан сәлем береді.
  • 8. Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді.

Сергіту сәті

Сұрақ

Қандай балалар үнемі сәлемдесіп жүреді?

Жауап: Әдепті, ақылды, мәдениетті балалар.

Өлең: «Дарын»

Көшелерден біз өткен, Ата көрсем, жақын кеп, Сәлем берем ізетпен: «Ассалаумағалейкум!» — деп. Алдымнан әже жолықса, Бөгелем де әдеппен, Сәлемдесем сол тұста: «Есенсіз бе, әжей?» — деп. Кім кезіксе көшеде, «Таныс емес» демеймін, Аға, тәте, көкеге: «Сәлеметсіз бе?» — деймін мен.

Қорытынды бөлім

«Сәлем — сөздің анасы» тақырыбындағы оқу іс-әрекетінен біз не үйрендік? Дұрыс сәлемдесуді және сәлемдесудің түрлерін.

Шеңбердегі жылы сөз

Балалар орнымыздан тұрып шеңбер жасайды: бір-бірімізге жүрекше беріп, сол баланың бойындағы жақсы қасиеттерін айтамыз.

мейірімді әдепті қайратты төзімді ақылды қажырлы ажарлы

Түйін

  • Бір-бірімізге мейірімді болайық.
  • Бір-бірімізді сыйлайық.
  • Әрқашан амандасып жүрейік.