Күз мезгілінің ерекшеліктері жайлы түсініктерін кеңейту, бақша мен бақтағы үлкендердің еңбегімен таныстыру
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Саудакент ауылы, Байқадам Қашқынбаев атындағы орта мектебінің мектепалды даярлық тобына арналған ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті. Тәрбиеші: Исабаева Насихат Сартаевна.
Білім беру саласы
Қатынас
Білім бөлімі
Тіл дамыту
Тақырыбы
Көкөністер мен жемістер
Мақсаты
Білімді кеңейту
- Жемістер мен көкөністердің бақта және бақшада өсетіні туралы түсінікті кеңейту.
- Аталуы мен түрлерін ажырата білуге үйрету.
- Құрамындағы дәрумендер және олардың адам денсаулығына маңызы туралы білімді тереңдету.
Тәрбиелік бағыты
- Күз мезгілінің ерекшеліктері туралы түсінікті кеңейту.
- Бақша мен бақтағы үлкендердің еңбегімен таныстыру.
- Еңбекті бағалай білуге және еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.
Көрнекіліктер мен тілдік жұмыс
Көрнекілік
Көкөністер мен жемістердің суреттері.
Сөздік жұмыс
Дәрумен сөзінің мағынасын түсіндіру.
Билингвизм
- Жеміс
- фрукты
- Көкөніс
- овощ
Инклюзивтік қолдау
Белсенділігі төмен балалармен жеке жұмыс жүргізу: сұрақтарды жеңілдету, үлгі арқылы жауап құрауға көмектесу, тапсырманы бөліп орындауға бағыттау.
Оқу іс-әрекетінің барысы
1) Мотивациялық-қозғаушы кезең
Балалармен амандасу. «Шаттық шеңберін» құрып, бір-бірімізге қарап: «Қайырлы таң! Қайырлы күн!» деп айтамыз.
Балалардың әрекеті: амандасады, бәрі бірге қайталап айтады.
2) Ізденіс-ұйымдастырушы кезең
Сұрақ-жауап арқылы тақырыпты ашу
- Қазір жылдың қай мезгілі?
- Күз мезгілінде неше ай бар?
- Көкөністер мен жемістерді жылдың қай мезгілінде жинайды?
Балалардың жауаптары: күз мезгілі; күзде 3 ай бар — қыркүйек, қазан, қараша; көкөністер мен жемістер күзде жиналады.
Түсіндіру
Ерте көктемде жерді аударып, тырмалап, көкөністердің дәнін себеді. Содан кейін суарып, күтіп өсіреді. Ал жемістер ағашта өседі: көктемде бүршік жарып, гүлдейді, кейін түйінделіп алма, алмұрт, шие, өрік сияқты жемістер пайда болады.
Жұмбақ
Домаланған ала бас,
Дәмді шырыны — даяр ас!
Бақшада өседі, көп өнім береді,
Ас піскен, қайнамай түскен.
Жауабы: қарбыз.
Дидактикалық ойын: «Заттың атын ата»
Шарты: қоржынға салынған көкөністер мен жемістерді кезекпен алып, оның дәмі мен қасиетін (қатты, ащы, қышқыл, тәтті) ажыратып, атын айту.
Шығармашылық тапсырма: сурет салу
Балалар параққа өздері жақсы көретін бір көкөніс пен бір жемістің суретін салады. Содан соң суретін атап, неліктен ұнайтынын айтады.
Аяна
«Мынау — алма. Домалақ пішінді, тәтті.»
Алинұр
«Мынау — сәбіз. Бұл көкөніс: сопақ, сары, тәтті.»
Нарик
«Мен жемістерден алмұрт салдым. Өзі сопақша, дәмі тәтті болғандықтан ұнайды.»
Сергіту сәті
Орнымыздан тұрамыз,
Қолды белге қоямыз,
Бұрыламыз оңға бір,
Бұрыламыз солға бір,
Біз бақытты баламыз,
Гүл-гүл жайнап өсеміз,
Жаттығуды жасаймыз.
Балалардың әрекеті: қимыл-қозғалыстарды бірге орындайды.
Қимылды ойын: «Кім жылдам?»
Шарты: көкөністер мен жемістердің суреттері араластырылып беріледі. Екі бала шығып, суреттерді екі бөлек жинайды: көкөністер — бір жаққа, жемістер — бір жаққа.
Балалардың әрекеті: аралас суреттерден көкөніс пен жемісті тауып, топтастырады.
3) Қорытындылау
Көкөністер мен жемістерді жиі тұтынсаңдар, денсаулықтарың мықты болады. Өйткені олардың құрамында дәрумендер көп.
Сондықтан көкөністер мен жемістерді баптап, жақсылап өсіріп, күтіп-баптауға үйренейік. Үлкендердің еңбегін бағалай білейік.
Тәрбиешінің әрекеті: мадақтайды, бағалайды, алғыс білдіреді.
«Рахмет, балалар!»
Күтілетін нәтижелер
Не білді
Көкөністердің бақшада жерден өсіп шығатынын, ал жемістердің ағашта өсетінін білді.
Не алды
Көкөністер мен жемістер туралы мағлұмат алды, дәруменнің маңызын түсінді.
Не істей алады
Сұрақтарға жауап береді, көкөністер мен жемістерді ажыратады, суретін сала алады.