Кесене сөзінің синонимы

Сабақ тақырыбы

§ 33. Қазақстанның XIV–XV ғасырлардағы сәулет өнері (презентациямен).

Сабақтың мақсаты

Білімділік

XIV–XV ғасырлардағы сәулет өнерінің даму тарихын қарастыра отырып, оның көрнекті үлгілері — ескерткіштер, қолданбалы өнер туындылары, кесенелер тарихы және сол дәуірдегі құрылыс материалдарының сапасы туралы түсінік қалыптастыру.

Дамытушылық

Өлкеміздегі кесенелер мен сәулетті ғимараттардың безендірілу ерекшеліктерін салыстыру арқылы оқушылардың талдау, пайымдау дағдыларын дамыту және халқымыздың бай мәдени мұрасымен таныстыру.

Тәрбиелік

Оқушыларды туған жеріндегі тарихи ескерткіштердің құндылығын бағалай білуге, оларды қорғауға және мәдениетіміздің одан әрі дамуына үлес қосуға тәрбиелеу.

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Сабақ форматы

Сабақтың түрі:
аралас сабақ
Сабақтың әдісі:
топқа бөліп оқыту
Көрнекілігі:
карта, кесенелердің суреттері, тірек сызбалар
Пәнаралық байланыс:
әдебиет, география, бейнелеу өнері

Негізгі ұстаным

Сабақ құрылымы оқушының белсенді қатысуына негізделеді: топтық жұмыс, қысқа уақыттық дайындық, сұрақ-жауап, ойын элементтері және жедел есте сақтау тапсырмалары арқылы материал бекітіледі.

Сабақтың құрылымы

  1. 1. Ұйымдастыру кезеңі
  2. 2. Үй тапсырмасын сұрау
  3. 3. Алдыңғы тақырыпты пысықтау
  4. 4. Жаңа сабақ: «Көш» ойыны, сөзжұмбақ, сөздік қор, шұғыл есте сақтау
  5. 5. Сабақты бекіту
  6. 6. Қорытындылау
  7. 7. Білімді бағалау
  8. 8. Үй тапсырмасын беру

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Сабақтың мақсаты таныстырылады, оқушылардың назары сабаққа шоғырландырылады.

2) Үй тапсырмасын сұрау (топтық жұмыс)

Сынып үш топқа бөлінеді: А, Б, В. Әр топтың жетекшісі конверттен сұрақтарды таңдап алып, топпен бірге жауапқа дайындалады.

Дайындалуға 2–3 минут беріледі. Қай топ дайын болса, сол топ жауап береді. Топ жетекшісінде бағалау парағы болады; ол жауап берген оқушыларды сол парақ бойынша бағалап отырады.

№1

  1. Материалдық мәдениет дегеніміз не?
  2. Діни наным-сенімдердің қандай түрлерін білесіңдер?
  3. Әдебиетпен қатар тағы қандай өнер түрлері дамыды?

№2

  1. Рухани мәдениет деп қандай мәдениетті айтамыз?
  2. Шаманизм қандай наным-сенімдерде сақталған?
  3. Қандай аңыз-әңгімелерде аспан денелері туралы айтылады?

№3

  1. Ауыз әдебиетінің қандай жанрларын білесіңдер?
  2. Мұсылман діні қай хандар тұсында кеңінен тарала бастады?
  3. Отқа табыну және тасаттық ырымдары нені білдіреді? Мағынасын түсіндіріңдер.

Қосымша сұрақтар

  1. Тұрақты үй-жайлар қай аймақтарда салынған?
  2. Қазақ халқының киім-кешектері негізінен қандай өнімдерден жасалған?
  3. Материалдық игіліктерді өндіру үшін ең қажетті нәрселер қандай?

Үй тапсырмасын қорытындылай отырып, жаңа сабаққа кірісеміз.

3) Жаңа сабақ (топтық тапсырмалар)

а) «Көш» ойыны

Тақтаға 9 түйенің суреті ілінеді. Әр түйенің өркешінде сұрақ жазылады. Ойын барысында әр топтың басшысы 3 сұрақтан алып, топпен ақылдаса отырып жауап береді.

  1. Сәулет өнері дегеніміз қандай өнер?
  2. Арыстанбаб кесенесі неше рет қайта салынды? Неліктен?
  3. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің құрылысы туралы не білесіңдер? Кесенені кім салдырды?
  4. Рабиға Сұлтан Бегім кесенесі туралы не білесіңдер?
  5. Археологиялық зерттеулер барысында қандай сәулет ескерткіштері белгілі болды?
  6. Монша қай қаладан табылған?
  7. Алаша хан кесенесі қай жерде орналасқан? Оның қандай ерекшелігі бар?
  8. Қолданбалы өнер дегеніміз қандай өнер?
  9. Ғимарат сәнді болуы үшін шеберлер нелерге көңіл бөлді?

ә) Сөзжұмбақ

  1. Қожа Ахмет Ясауи кесенесін салдырған ұлы тұлға. (Темір)
  2. Отырарда ерекше назар аударылған архитектуралық құрылыс. (Монша)
  3. Оңтүстік Қазақстандағы Ұлы кітапханасы қиратылған қала. (Отырар)
  4. Қожа Ахметтің рухани ұстазы. (Арыстан баб)
  5. «Кесене» сөзінің синонимі. (Күмбез)

Жауаптар тізбегі

ТЕМІР · МОНША · ОТЫРАР · АРЫСТАНБАБ · КҮМБЕЗ

б) Сөздік қор

Уақыты: 1 минут

сәулет өнері күмбез монша Отырар Арыстанбаб Түркістан Тараз кесене шебер ғимарат дін Айша бибі Алаша хан Көккесене Әмір Темір кітапхана ақын Рабиға Сұлтан Бегім әшекейлеу ою-өрнек кірпіш әйнек сыр

в) Шұғыл есте сақтау

Тақтаға жеті сөз жазылады. Мұғалім екі-үшеуін өшіріп тастайды, ал оқушылар өшірілген сөздерді тез айтып қайталайды. Дұрыс әрі жылдам жауап берген оқушы ұпай жинайды.

4) Жаңа сабақты бекіту сұрақтары

Оқушылардың бүгінгі сабақтан алған білімін жинақтау үшін төмендегі сұрақтар қойылады:

  1. Арыстан баб қай ғасырларда өмір сүрген? Кесенесі қай жерде орналасқан?
  2. Арыстан баб кімнің ұстазы?
  3. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қай ғасырда салынды? Ол кісіні кім деп танимыз?
  4. Сол ғасырларда қандай өнер түрлері дамыды?
  5. Алаша хан кесенесінің ерекшелігін атап, сипаттап беріңдер.
  6. Рабиға Сұлтан Бегім кесенесі қай жерде орналасқан?

Қорытындылау

Ұлттық сәулет өнері ескерткіштерінің құрылыс материалдарын жасауда халық арасынан шыққан шебер ұсталардың еңбегі ерекше болды. Олар күйдірген кірпіш ғасырлар бойы беріктігін сақтап, бояулар бүгінге дейін өңін жоғалтпай жетті. Ғимаратты сәндендіруге қолданылған жылтыр қыш қаптамалардың бояу құрамы әлі күнге дейін толық ашылмаған құпия болып қала береді.

5) Бағалау

Бағалау парағы негізінде әр топтағы оқушылардың жұмысына байланысты жеке бағалар қойылады. Жеңген топ анықталып, марапатталады.

6) Үй тапсырмасы

  • § 33 оқу.
  • Рефераттар жазу.